ТҮРКІ ӘЛЕМІ ЖАСТАРҒА МӘН БЕРЕДІ

594
0
Бөлісу:

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқа­лықова түркітілдес мемлекеттердің Жастар және спорт министрлерімен кездесті.

Кездесуге Қоғамдық даму министрі Д.Кәлетаев, Түркияның жастар және спорт министрі М.Касапоглу, Түркітілдес мем­ле­кеттер ынтымақтастығы кеңесінің бас хат­шысы Б.Әміреев, Әзірбайжанның жастар және спорт вице-министрі И.Исмаилов, Қырғызстанның жастар, денешынықтыру және спорт істері агенттігінің директоры Қ.Аманқұлов қатысты.
Жүздесу барысында Гүлшара Әбдіқа­лықова Мемлекет басшысы Нұрсұлтан На­зарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы «Қазақстан – күллі түр­кі халықтарының қасиетті қара шаңы­рағы. Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосты» деген сөздеріне тоқталды.
– Халықаралық аренада түркі халық­тарының татулығы мен бірлігі идеясын нығайту ісінде Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығының кеңесі маңызды орын алады, – деді Мемлекеттік хатшы.
Бұл ұйымның қолдауымен жастар және спорт саласында іс-шаралар белсенді түрде өткізіліп келеді. Баку қаласында 2018 жылғы сәуірде тұңғыш рет түркітілдес елдердің студенттік ойындары, қыркүйекте Шолпан-Ата қаласында Көшпенділердің ІІІ дүние­жүзілік ойындары ұйымдастырылды. Көш­пенділердің IV дүниежүзілік ойын­дарын 2020 жылы Түркияда өткізу жоспарлануда.
– Жастар жылы деп жарияланған алдағы жыл Қазақстан үшін мазмұнды болмақ. Бұл жас­тарға, олардың мұң-мұқтажына, Қазақ­стан­ның болашағына ерекше көңіл бөлудің кө­рінісі болып саналады, – деді Г.Әбді­қалықова.
Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Түркітілдес мем­лекеттер ынтымақтастығының кеңесі ая­сын­­дағы өзара іс-қимылды одан ары ны­ғайту ісінде қатысушыларға табыс тіледі.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*