«Канело» Головкинмен болатын үшінші жекпе-жекке қатысты нақты шешімін айтты

1153
0
Бөлісу:

WBC, WBA (Super) тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы мексикалық Сауль «Канело» Альварес (50-1-2, 34 КО) қазақстандық Геннадий Головкинмен (38-1-1, 34 КО) болатын үшінші жекпе-жекке қатысты пікірін білдірді.

Алғашқы және екінші кездесуден кейін бокс мамандарының, жанкүйерлердің пікірі екіге жарылған. Бірі мексикалық боксшы басым болды десе, енді бірі Головкиннің айқын басымдыққа ие екенін айтады. Олардың бірінші кездесуі 2017 жылдың қыркүйегінде болып, төрешілер шешімімен екеуі тең түскен. Ал Лас-Вегаста өткен екінші айқаста ұпай санымен «Канело» басым түсті. Сөйтіп, Головкинге тиесілі барлық белдіктерді тартып алды. Бұл әрине, кәсіпқой бокс әлемінде үлкен шу тудырды. Одан кейін екеуі де шаршы алаңға шыққан жоқ. Алайда кейінірек екеуі де үшінші жекпе-жекке дайын екендерін мәлімдеді.

«Бұл айқастың болуы әбден мүмкін. Шындап келгенде болады. Бұған ешкім қарсы емес. Біз алдымен 15 желтоқсан күні болатын жекпе-жекті өткереміз. Егер фанаттар GGG-мен жұдырықтасуымды қаласа мен дайынмын. Өйткені, мұны көпшілік қалайды. Әзірге бар ойым  – 15 желтоқсан күні болатын айқаста» депті Альварес.

Головкин жыл соңына дейін ешқандай жекпе-жекке шықпайды. Боксшының промоутері Том Леффлердің айтуынша, қазақстандық нокаутер рингке келесі жылдың көктемінде оралмақ.

GGG тікелей реванш сұраған. Алайда WBC бұған рұқсат бермеді. Алдымен Альварес 15 желтоқсан күні британиялық Рокки Филдингпен жұдырықтасып, атағын қорғауы тиіс. Егер «Канело» жеңіске жетсе онда үш салмақ категориясы бойынша әлем чемпионы атанады.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*