Ұлы дала ұлағаты ұшан-теңіз

971
0
Бөлісу:

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы – «Рухани жаңғырудың» бөле-жара қарауға болмайтын заңды жалғасы. «Бодан болдық, жасқаншақтығымыз – содан» дегендей, батыс пен шығысымыздағы алып империялар «өркениет атаулыны өзіміз бастадық» деп өңештеніп, біз сияқты аз жұртқа биіктен қарап, «бізде де мұндай өнер болған» дегізбей, тұқырта ұстағандары және шындық.

Ал мақала авторының соқырға таяқ ұстатқандай қылып, бүкіл түркі жұртының тарихи ақиқаттарын айтуы, ең алдымен, үлкен батылдық дер едім. Өйткені «бұларда өркениетті айтпағанда, білім де, ғылым да болмаған» деп ойлайтын­дар көп екені белгілі. Екінші­ден, бұл мақалада тарихи шындық­ барша әлем жұртшы­лығына айтылған. Қазақтың аспан денелеріне атау беріп, олардың қозға­лысы арқылы есеп жасауы, күн-айдың, маусым­ның сәтін айтуы, ауа райын болжауын астрономия ғылымының атасы деуге болар. Біздің бабаларымыз­дың алғаш­қы болып, жылқыны қолға үйретуі, оған ер-тұрман, үзеңгі жасауы, металл қорытып, шарық-болатты шыңдауы, алтын-күмістен зергерлік бұйымдарды әзірлей білуі – бәрі де сонау сақ-ғұн дәуірлерінен бастап, біздің бабаларымыз­дың, барша түркі жұртының игеріп қой­ған жетістіктері екенін ғылым дәлелдеп қойған.
Бірер мысал. 1913 жылы Орал қала­сында жарық көрген «Қазақ елі» газе­тін­де өзіміздің Тобылдың жоғары саласынан диаметрі 360 метр болатын алып пента­грамма бес жұлдыздың бей­несі табылғаны туралы мақала шықты. Ал 1903 жылы Шығыс Қазақстан облы­сы Шіліктіден табылған біздің дәуірге дейінгі VIII-VII ғасырлардың мұрасы сана­ла­тын «Алтын адам» киімінен бес жұлдыз тапсырмасы табылды. Өзіміз барып көзбен көрген көп олжалардың бірі – бұл бес жұлдыздың Мәскеу Кремлінің ұшар биігінде тұрған бес жұлдыздан айны­май­тыны еді. «Пента­граммалар бейне­сін олар бізден алған ба, әлде баба­ла­ры­мыз олардан алған ба?» деген сауа­лы­ма археолог ғалым, профессор Әбдеш Төлеубаев: «Кремльдегі бес жұлдыз­дың тарихына төрт-ақ ғасыр болды, ал біздің бес жұлдыздың тари­хы­на үш мың жылға таяу уақыт болып­ты. Ары қарай өзің ойланып, жауабын шешер­сің», – деген еді. Кейіндері бес жұл­дыз­дың тарихына үңіліп көрсем, Ноғай ордасы мен Қазақ хандығының астанасы болған Сарайшықты Иван Грозный жау­лап талқандағанда, ол қаладағы ағаш Крем­ль де отқа ораныпты. Тек оның төбесіндегі бес жұлдызды Мәскеу Кремлінің төбесіне қойғызыпты. Тіпті бүгінге дейін бес жұл­дыз Кеңес елінің ең басты эмбле­ма­сына айналды.
Ал сол Шіліктіден табылған бір қапсырмада төрт жануардың, екі тауте­кенің, бір жолбарыстың, бір қыранның бейнесін ұштастырып жасалуын және тары дәнінен кішілеу алтын түйіршекті тесіп, оған көзі әзер көрінетін алтын қылдырықты өткізуін шеберліктің шыңы деп айтуға болар. Бір қызығы сол, алтын бұйым­дардың сынама көрсеткіші ат шап­ты­рым жерлерде орналасқан Алтын­қаз­ған кенішінен алынған алтындармен бірдей болған ғой. Демек, алтынды өндіруді, оны өңдеп мүсін­деуді біздің бабаларымыз бастағаны айқын.
Әнеки, бабалардан қалған біздің мақтаныштарымыз – осындай! Елбасы жазған «Ұлы даланың жеті қырының» жеті тармағын зерттеу – ғалымдардың, зиялы жандардың келер ұрпаққа қалды­рар парызы болуы керек. Ең бастысы, мақалада тек біздің халықтың тарихына қатысты құндылықтар ғана емес, барша түркі жұрты­на ортақ қазына туралы айтып отыр. Демек, түбі бір түркі жұртының бұдан былай да бұл салада жұмылған жұды­рықтай тарихымызды бірегей зерттеуіне нұсқау осы мақала болуға тиіс.

Кәдірбек СЕГІЗБАЕВ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері «Нұр Отан» партиясының мүшесі:

Бөлісу:

Пікір жазу


*