Халық нәтиже күтеді

561
0
Бөлісу:

Президенттің жыл сайынғы Жолдауы халықтың көңіліндегіні дөп басып, уақыт талабына сай мәселелерді қозғайды. Биылғы Жолдау да осы дәстүрмен елдің ойында жүрген көп сауалға жауап берді.

Тәуелсіздік алғаннан бастап, Елбасы халықтың өмір сапасын арттыруға қатыс­ты үздіксіз бастамалар көтеріп, келе­лі ұсыныстар жасап жүргеніне куәміз.
Жолдауда аталған шаралар «Президент­тің бес әлеуметтік бастамасы» үндеуінде жарияланған әлеуметтік баста­малардың заңды жалғасы деуге толық негіз бар.
Келесі жылдан бастап, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы 35 пайызға артады. Ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге өсіп, 28 мың теңгеден 42 мың теңге­ге дейін ұлғаяды. Учаскелік медицина қызметкерлері 1 қаңтардан бастап 20 пайызға жоғары жалақыға қол жеткізе алады.
Біздің партия қатарында педагогтер көп. Олар «Мұғалім мәртебесі» туралы заңның қабылданатыны жөніндегі жаңа­лықты қуана қабылдады. Бұл жаңа­шыл­дықты толықтай қолдаймын. Мұғалімдер балаларға білім берумен, оқыту про­цесі­мен ғана айналысуы керек. Қал­ған қосым­ша жүктемелер мұғалімнің негізгі қыз­ме­тіне қолбайлау болады. Жолдауда бел­гі­ленген нақты қадамдар орта білім сапасын арттыруға жаңа серпін береді деп сенемін.
Білім жүйесін салмақты өзгерістер күтіп тұрғанын атап өтпеске болмайды. Барлық білім мекемелері оқу процесінде Назарбаев интеллектуалды мектептері мен Назарбаев университетінің стандар­тына сүйенетін болады. Алдағы бес жылда білім беру саласы, ғылым мен денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға ЖІӨ-нің 10% жұмсалатыны да назар аударарлық мәсе­ле. Жақын уақытта барлық мектептер мен балабақшалар бейнебақылау камера­лары­мен жабдық­талып, республи­ка бойынша 100 дене шынықтыру-сауық­ты­ру орталығы бой көтереді.
Біздің облысымыз аграрлық сипатқа ие. Бизнестің басым бөлігі ауыл­шар­уа­шылық өнімі мен өңдеу өнеркәсібіне бейімделген. Сондықтан солтүстікқазақ­стандық кәсіпкерлер еңбек өнімділігі мен ауыл шаруашылығындағы өңделген өнімнің экспорты 2,5 есеге артатыны жөнін­дегі жаңалыққа қуанып отыр. Отандық бизнесті қолдауға 2025 жылға дейін 30 млрд теңге қарастырылған. Менің ойымша, бұл кәсіпкерлер үшін елеулі көмек. Біздің елімізде жақсы тауар шығарушылар көп, ендігі кезекте оларды жан-жақты қолдауды жолға қою керек. Сондықтан Мемлекет басшысы «Қазақ­станда жасалған» белгісін дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр.
«Нұр Отан» партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына азаматтардың басым бөлігі тұрғын үй беру туралы өтінішпен келеді. Бұл тұста әлеуметтік тұрғыдан аз қорғалған топтар үшін жалға берілетін тұрғын үйдің санын көбейту туралы хабарландыру әр тұрғынның өз баспанасына қол жеткізуіне мүмкіндік беретін бастама. Өз кезегінде жергілікті әкімдіктер мемлекеттік қызметкерлер мен полиция қызметкерлеріне ипоте­ка­лық қарыздың бастапқы жарнасын өтеуге субсидия бөлетін болды. Ай сайын партия депутаттары, партиялық бақылау комиссиясы мен азаматтық қоғам өкіл­дері «Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асу барысын қатаң қадағалауда ұстап отыр. Кей жағдайларда жол сапасы мен сумен қамтамасыз ету бойынша бұрыс есептеулер кездеседі. Осы жағдай­лар­ға наразылық білдірген дауыс беру­ші­лерден шағым түседі. Жергілікті жер­лер­дегі автомобиль жолдарының сапасы мен ауылды жерлердің сумен қамтамасыз ету үлесін арттыру үшін мемлекет сәй­ке­сінше 150 млрд және 100 млрд теңге бөлу­ді жоспарлап отыр.
Мемлекеттік қызметтің жаңа моделін қабылдау үлкен маңызға ие. Бірқатар өңірлердің мысалында мемлекеттік қызметті жаңғырту бойынша мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы көтеріледі. Мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы электронды форматқа көшуі уақыт талабына сай қабылданған шешім. Бұл өтініштерді қарауға, өңдеуге кететін уақыт­ты қысқартады, мемлекеттік қыз­мет­терді барынша ашық етеді.
Өзгерістер мен жаңашылдықтар барлық саланы қамтиды. Денсаулық сақ­тау, тұрғын үй шаруашылығы, сыбай­лас жемқорлыққа қарсы күрес және өзге де салаларда жаңалықтар күтіп тұр. Жол­дау­дың мүмкіндіктері көп, бірақ бәрінен бұрын халық оның соңғы нәтижесін күтеді.
Аталған мақсаттарды жүзеге асыру үшін барлық мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар және қоғамға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Біздің ортақ міндет – Жолауды әрбір азаматқа, әрбір сайлаушыға жеткізу.
Жолдау жарияланған бірінші күні-ақ нұротандықтар қолдау білдіріп, насихат­тау­ды қолға алды. Біз қазір Жолдауды жүзеге асыруға жұмыла күш салып, Елба­сы тапсырмаларының орындалуын қада­ға­лауымыз керек.
Бүкіл қазақстандықтарды ел өмірін­дегі маңызды құжатта белгіленген тапсырмаларды іс жүзінде орындалуына атсалысуға шақырамын.

Артур МОЛДАҒҰЛОВ,
«Нұр Отан» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының
бірінші орынбасары,

Бөлісу:

Пікір жазу


*