ӨРКЕНИЕТ ЖЕТІСТІКТЕРІН ДӘРІПТЕУІМІЗ КЕРЕК

477
0
Бөлісу:

Бүгінгі күнге дейін біз тарихымызды жинақтап, бары мен жоғын анықтаумен келдік. «Өз тарихын білмеген халық, өзін де сыйламайды» демекші, ұлттық сана-сезімнің негізгі бір тірегі – тарихи сана-сезім. Ұлттық мәдениет оңай жоғалып кетпес үшін және жаһандану заманында қазақ ұлты әлемдік өркениеттегі орнын және үлесін айқындау үшін ол өзінің тарихи орнын анықтап білгені дұрыс.

Мемлекеттің тәуелсіздігі мен егемендігі оның болашақтағы өміршеңдігі рухани құндылықтарымен де анықталады. Біз мыңдаған жылдар бойы адамзат өркениетінің қалыптасуына әрқашан үлес қосып қана қоймай, тіпті үлкен әлемдік тарихи процестердің ортасында болдық.
Кез келген халық, оның ұрпағы өзінің тарихы, адамзат дамуына қосқан технологиялық, инновациялық үлесі туралы хабардар болуы тиіс. Елбасы мақаласында «әрбір азамат туған жерінің тарихын білуі, құндылықтарын қастерлеп, дамуына өз үлесін қосуы қажет» деген міндет қойып отыр.
Қазақ халқының сан ғасырлар бойы жинақтаған тарихы, мәдениеті, танымдық мұрасы мен дүниетанымы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, өлең-жырлары, музыкалық мұрасы, аспаптары – баға жетпес асыл мұра. Бұл рухани байлықты сақтап, ары қарай дамыту, Ұлы дала кеңістігінен шыққан өркениеттік жетістіктерді ұмытпау, оларды дәріптеу – келер ұрпақтың үлесінде.
Мақала шеңберінде аталған жобалар тарихи-археологиялық зерттеулерді, архив ісін, фольклорлық-этнографиялық бағытты, кино, музыка саласын дамытуға үлкен серпіліс береді.Ұлы даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлы форматта жаңа тыныс алады. Келешек ұрпаққа ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісі олардың құндылықтары мен өмір сүру салтын, көзқарастарын қалыптастыратынын айта кеткен жөн.
«Тәрбие тал бесіктен» деп, ұлттық болмысымызды сақтау үшін бала тәрбиесіне ертеден ерекше мән беріп, өнегелі іске үгіттесек, бүгіндері ғаламторсыз өмір сүре алмайтын дәрежеге жеткен балалардың бойына ұлтының мәдениетін, әдебиетін, тарихын, ұлттық құндылық­тарын сіңіріп, өз елінің патриоты болуға тәрбиелер едік.

Зәуреш АМАНЖОЛОВА,
Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі,

Бөлісу:

Пікір жазу


*