Электронды жүйеге көшіру – негізгі нысана

559
0
Бөлісу:

Білім және ғылым министрлігінің өкілдері Шымкент қаласындағы Түркістан жоғары аграрлық колледжінде болып, білім мекемесінің материалдық техникалық базасымен танысты, студент жастармен кездесті. Олардың қатарында Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Майраш Тайкенова, БҒМ Ақпараттық-талдау орталығының БАҚ және халықпен жұмыс жүргізу бойынша департаментінің директоры Эльдар Түлеков пен БҒМ техникалық және кәсіптік білім беру департаменті директорының орынбасары Ғалия Даулетова бар.

Колледж директоры Гаухар Бекбергенова қонақтарға алдымен «Студенттерге қызмет көрсету» орталығын көрсетті. Елімізде цифр­ландыру жүйесі мен барлық саладағы мүм­кін­діктерді пайдалану, білім алушылар мен оқытушылардың Электронды үкімет порталы арқылы қызмет алу дағдыларын қалып­тас­ты­ру мақсатында ашылған бұл орталық 40-тан аса мемлекеттік қызмет түрін ұсынады екен.
Елбасы Жолдауы негізінде жүзеге асқан бұл игі бастаманың берері мол. Мақсат – мемлекеттік қызмет көрсетуді 90 пайыз элек­тронды жүйеге көшіру. «Колледж оқыту­шы­лары мен студенттері электронды кілт ар­қылы порталға кіріп, өздеріне қажетті құжат түрлеріне қол жеткізе алады. Сонымен қатар студенттер үшін Agrar-APP мобильді қо­сымшасы жұмыс жасауда. Мұнда олар мо­бильді қосымша арқылы сабақ кестесімен, өздерінің ағымдағы және қосымша бағала­рымен таныса алады. Ыңғайлы әрі қолжетімді бұл мобильді қосымша білім алушылардың анықтамалар мен басқа да құжаттарды алуына да мүмкіндік тудырып отыр», – деді колледж директоры Г.Бекбергенова.
Қонақтар сонымен қатар, ұлттық құн­дылықтарымызды білім алушыларымыздың бойында қалыптастыру мақсатында жабдық­талған «Рухани жаңғыру» фойесімен, Start-APP бизнес-инкубаторымен танысты. Мұнда студенттер өздерінің бизнес жобаларынан хабардар етіп, болашақта маман иесі болумен қатар, заман талабына сай жеке кәсіп ашуды да жоспарлап қойыпты.
Одан соң, 5 жарым гектарды алып жатқан колледждің оқу-өндірістік базасында болып, жылыжай шаруашылықтарымен, техника­лар­мен танысты. Мұнда болашақ агроном ие­ле­рінің мамандықты теория негізде ғана емес, тәжірибе жүзінде тереңірек меңгеруіне мол мүмкіндік жасалыпты. 2015 жылы құ­рыл­ған оқу-өндірістік базасында 2 жылы­жайдан бөлек, 1 гектар жерге қарқынды бау, 1 гектар жерге жүзім өсіріледі екен. Сонымен қатар маман иелері ауыл шаруашылық тех­ника­ларының барлық түрінен хабардар бола алады.
Министрлік өкілдері жылыжайда көшет егіп жатқан студенттердің жұмысымен таны­сып, оларды әңгімеге тартты. Директордың оқу-өндірістік жұмыстары жөніндегі орын­басары Байсерік Исабеков базадағы заманауи техникаларды атап өтті. Сондай-ақ жылы­жайда экологиялық таза және жоғары сапалы өнім өндіруде энтомофагтарды өсірудің тиімділігін сөз етті. Яғни, мұнда жылыжай кешендерінде жоғары сапалы, экологиялық таза өнімге қол жеткізу үшін көкөніс дақыл­дарының зиянкестерін жоятын энтомофагтар өсіріліп жатыр екен. Энтомофагтарды өсіруге бейімдеу жұмыстары зертханалық жағдайда жүргізіліп жатқан. Экологиялық өнім өндіру үшін алдымен егіннің тұқымы да таза болуы тиістігін сөз еткен колледж директоры об­лыс­тағы бірқатар жылыжайды осында өсіріліп жатқан энтомофагтармен қамта­масыз етіп отырғанын атап өтті.
Меймандар одан соң колледждің коуор­кинг орталығында белсенді жастармен кез­десті. Онда Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Майраш Тайкенова, Техникалық және кәсіптік білім беру департаменті ди­рек­торының орынбасары Ғалия Даулетова сту­денттерге бүгінгі білім саласындағы өзге­ріс­теді, министрлік тарапынан жүргізіліп жат­қан нұсқаулықтарды атап өтті. Заманауи та­лап­тарға сай бүгінде қандай маман­дық­тар­дың сұранысқа ие болып отырғанын, ма­ман­дарды қалай дайындау қажеттігін де сөз етті. Аграрлық колледждің техникалық және оқу-өндірістік базасымен таныса отырып, осындағы студенттердің жоғары білікті ма­ман болып шығатынына сенім білдірді. Жас­тар­дың әлеуметтік жағдайына, оқытушы­лар­дың біліктілігін арттыруына да көңіл бөлді.
Айта кетейік, елімізде 66 колледж болса, оның 31-і – мемлекеттік, қалғаны жекемен­шік негізде білім береді. Ал жуырда атауы өз­герген Түркістан жоғары аграрлық коллед­жін­де 15 мамандық бойынша 1 896 шәкірт білім алып жүр. 2016 жылы республи­ка­дағы 283 колледжің ішінде ауыл ша­руашылығы саласы бойынша 1-орынға ие болған бұл оқу орнының материалды-техникалық, оқу-өндірістік базасы то­лық талапқа сай жабдықталған.

Е.МҰРАТБЕК,
Шымкент қаласы

Бөлісу:

Пікір жазу


*