АРХИВ ҚЫЗМЕТІ АҚЫЛЫ БОЛАДЫ

1035
0
Бөлісу:

Жангелді МАХАШОВ,
Ұлттық архив директоры:

– Жангелді Меңлібайұлы, Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында архив ісіне жеке бөлім арналды. Ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі кезеңді қамтитын мұрағаттар дүниесіне зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» бағдарламасын жа­сауды тілге тиек етті. Бұл жұмысты бастап жіберген шығарсыздар?
– Мемлекет басшысының бұл мақа­ласын да халық жылы қабылдады. Соның ішінде архив қызметкерлері үшін ­
«Архив – 2025» бағдарламасының қа­былдануы ауқымды жұмыстар бастала­ты­нын көрсетіп отыр. Өйткені біз, мақалада айтылғандай, қазақ тарихына байланысты барлық алыс және жақын шет елдердің архивтеріндегі қазақ тарихына қатысты құжаттарды әкелуіміз керек, әкеліп қоймай цифрландырамыз, көпшілікке қолжетімді етеміз. Архив құжаттары кез келген адам үшін қолжетімді болуы тиіс. Соңғы кезде ата тарихына қызығатын жастар көбейді. Жастар ақпаратты қайдан алады – интернеттен, ендеше, архив құ­жат­тарын ұсынуда солардың ыңғайына бейімделуіміз керек. Бұл ретте цифр­ландырудың мәні зор.
Президент мақаласынан кейін Мә­дениет және спорт министрі алқалы жиын өткізді, жұмысты жүйелі ұйымдастыру үшін концепция дайындалатын болды. Әрине, бұған дейін «Мәдени мұра» бағ­дарламасы аясында да шет елдерден қаншама құжат әкелінді. Шетел демекші, кейінгі кезде Түркиямен архив саласын­дағы қарым-қатынасымыз нығая түсті. Биыл Түркия мемлекетінің Ұлттық архиві Астанаға келіп, Осман империясы архи­вімен таныстырды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Юнус Эмре атындағы мәдени орталықтың қолдауымен өткен осы іс-шарада Түркия ұлттық архи­вінің директоры, профессор Угур Унал бізге Осман империясы мен Орталық Азия хандықтары арасындағы байланысты бейнелейтін бірегей тарихи құжаттардың көшірмесі мен электронды нұсқасын тарту етті. Биыл Стамбұлға жұмыс сапарымен жол түсті. Түрік Республикасының Орта­лық мемлекеттік архиві мен Сүлеймен кітап­ханасында Осман империясы зама­нынан сыр шертетін тарихи бастаулармен, түрік әріптестердің архив ісімен таныстық. Нәтижесінде, қазақ архивистерін Түр­кия­да оқытуға келістік. Жалпы, Ұлттық архив өз саласында шет елдермен 12 шарт 3 меморандум бойынша жұмыс істейді. 11 жылдан бері Халықаралық архивтер кеңе­сінің Еуразия аумақтық бөлімшесінің мү­шесі. 2014 жылы аталған ұйымның жиы­ны Қазақстанда өтті. Биыл Польшада бас қостық.
– «Мәдени мұра», «Тарих толқынында», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары аясында шетелдегі архивтерден маңызды құжат­тардың көшірмелері елге келді. Бұл жұмыс бұрынғыдан да қарқын алатын сыңайлы, осы тұста шетелдегі қазақ тарихына қатыс­ты құжаттарды әлі алып болған жоқпыз ба деген сұрақ туындайды…
– Шетел архивтерінде біздің тарихы­мызға қатысты құжат өте көп. Бір ғана мысал, Рим Папасының жеке архивінде де Қазақ хандығына қатысты құжаттар бар. Ол құжаттарға қол жеткізу үшін келіс­сөздер жүргіземіз. Тарихымыз тереңде жатыр, кеңес заманында қазақ тарихын зерттей алмадық, ол заманда «басқа тарих» болғанын білесіз.
– Архив құжаттарын цифрлан­дырудың басталғанына бірер жылдың жүзі болды. Осы уақытқа дейін қанша құжат цифр­ландырылды? Бұл жұмыс қанша уақытқа созылуы мүмкін?
– Жыл басында Мемлекет басшысы Жолдауында цифрландыруды Қазақстан­ның үшінші жаңғыруының арқауына балап, цифрлы технологияға көшу жөнін­де нұсқау берді. Ал жуырда «Астана хаб» IT стартап Халықаралық технологиялық паркінің ресми ашылуында ел мен қо­ғамның одан ары дамуындағы цифрлан­дырудың маңызына тоқталды. Ал біз цифр­ландыруды 2011 жылы бастадық. Ұлттық архивте 360 мыңнан астам құжат бар, оған күнделікті қосылатын құжат­тар­ды қосыңыз. Мұншама құжатты цифр­лан­дыру оңай шаруа емес. Цифрлы техно­логия, мүмкіндігінше, қағаз түпнұсқаның ұзақ уақыт сақталуын оның цифрлы көшірмесін жасау арқылы қамтамасыз етеді. Бір жағынан, бұл сақтау пробле­ма­ларын шешеді, екінші жағынан, құжаттық архив мұрасын жаппай цифрландыру зерттеушілерге – жергілікті өлкетану­шы­ларға, тарихшыларға, журналистерге және т.б. жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Желілік технологиялар арқасында құжат қоғамға қолжетімді болады. Осылайша, біз цифрлы форматта ақпараттың жаңа түрін жылдам дамытудың қатысушылары мен куәгерлері боламыз.
Елімізде 219 архив болса, соның төр­теуі ғана Мәдениет және спорт министр­лігіне қарайды екен: Ұлттық архив, сосын Алматыдағы Орталық архив, Кино-фото құжаттама архиві, Ғылыми-деректі құжат архиві. Қалғандары – 17 өңірдің өз архив­тері, олар жергілікті бюджетке қарайды. Міне, осы архивтер жаңа жылдан бастап ақылы қызмет көрсетуді бастайды. Жиыр­ма жыл бұрын қабылданған «Ұлттық архив қоры мен архив туралы» заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, енді архивтер ақылы қызмет көрсетуге көшеді.
Сонда бүгінге дейін елдегі архивтер тегін қызмет көрсетіп келді ме? Тарих­шы­ларымыз шетел архивтері қалтамызды қа­ғып жатыр дегенді жиі айтушы еді, ал бізде…
– Бізде де енді архив қызметі ақылы болады. Тиісті заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін Мәжілісте депутаттармен жұмыс істедік. Президент заң жобасына мамыр айында қол қойды. Тағы бір жаңалық – елдегі архивтердің Орталықтандырылған деректер базасы құрылады. Бұл жұмыс та келер жылы бас­талады. Жалпы, Қазақстан архивтерінде 24 миллионнан астам құжат бар. Оларды бір апта тұрмақ, бір жылда цифрландыру мүмкін емес. Жалпы, дамыған елдердің де өзінде архив құжаттары 100 пайыз цифр­ланбаған, Түркия 20 пайызын ғана цифр­ландырған. Цифрландыру жөнінен Оң­түстік Корея, АҚШ, Германияда архивтері алда келеді. Қазан қаласында өткен бір жиында ешбір елдің цифрландыру бо­йынша 100 пайызға жетпегені айтылды. Себебі, бұл қаржыға келіп тіреледі. Бізде қаржы мәселесі шешілген, сондықтан алдағы уақытта бұл жұмыс та еңсеріледі деп ойлаймын. Содан кейін кез келген адам порталымыз арқылы үйде отырып қажет құжатты ала береді. Осы тұста цифрландыруды жеделдетудің бір жолын айтып өтсем, ол үшін тиісті мекемелер архивке өткізетін құжаттарды сканерлеп тапсырса… Мәселен, Ұлттық экономика ми­нистр­лігі құжаттарын өздері цифр­ландырып жатыр, бұл бізге үлкен көмек болып отыр.
– Ғалымдарымыз тарихты түгендейміз деп шетел архивін аралап жүр, ал біздің архивтерден құжат іздеушілер қарасы қанша? Олар қандай құжаттарды сұрайды?
– Шетелден келетін ғалымдар баршы­лық, олар үшін тәуелсіздік алғалы бері елде болған өзгерістер қызық. Астана қаласы­ның тарихы да қызықтырады. Назарбаев университетінің ғалымдары да жиі бас сұғады. Ұлттық архивте Жоғарғы кеңес, Парламент, Орталық сайлау комиссиясы, Үкімет аппараты, Конституциялық сот, Жоғарғы сот, Жоғарғы арбитражды сот, Бас прокуратура мен министрліктердің архив қоры сақтаулы. Ұлттық архивте мемлекетіміздің құрылысына елеулі үлес қосқан мәдени, саяси және өнер қай­раткерлеріне тиесілі 6 мыңға жуық құжат сақтаулы. Тіпті бізде көзі тірі тұлғала­ры­мыздың да құжаттары бар. Біз ол құжат­тарды сақтап қоймай, көрмелер ұйымдас­тырамыз, өйткені олар егеменді еліміздің қалыптасуына еңбек сіңіргендер.
– Әдетте, архив дегенде, егде жаста­ғы­лар еске түседі. Бүгінгі күн талабынан қа­расақ, бұл салада жастар жүруі керек. Цифр­ландыру басталғалы мамандарға қойылатын талап өзгерген шығар?
– Ақпараттық технологияларды дамы­ту, цифрландырылған материалдарды сақтау және өңдеу, электрондық құжат­тар­ды қабылдау және ең бастысы – олардың сақталуын қамтамасыз ету, ақпараттық технологияларды жақсы меңгерген және заманауи компьютерлік технологияларды қолдана алатын архивистерді қажет етеді. Қазіргі заманғы технологияларды енгізу міндетті түрде оған қызметкерлерді үйре­тумен қатар жүргізілуі тиіс. Сол үшін министрлікпен келісіп, мамандарды білім көтеру курстарына жібермекпіз. Шетел архивтеріне де тәжірибе алмасуға барады. Рас, қазіргі күні архивте жұмыс істеуге жастар келе бермейді. Олардың қызығу­шылығын ояту үшін еңбекақыны көтеру керек. Ал бүгінгі күні архивте аз жалақысын місе тұтып жүрген мамандарды өз ісіне берілген патриоттар дер едім. Рас, архив мамандарына қойылатын талап өзгерді. Бүгін біздің саланың жоғары білімді мамандарын Қазақ ұлттық университеті ғана даярлайды. Оның өзінде бір факуль­теттің бөлімшесі даярлап отыр. Ал осы оқу орнының түлектері диплом алған соң, жалақысы жоғары мұнай-газ саласына кетіп қалады. Сондықтан алдағы уақытта Еуразия ұлттық университетінде де архив маманын даярлау жолға қойылса деген тілек бар. Сондай-ақ тарихымыздың де­рек­ті дәлелі саналатын құжаттарды көз­дің қарашығындай сақтап келе жатқан архи­вистердің жағдайы мен жалақысын кө­терсек қана, жастар архив саласына ұмты­лады. Архивті жастар басқаруы ке­рек, біз кезінде архивте істеу оңай деп ой­лай­тынбыз. Архив десе, жасы егде ма­ман еске түсетіні жасырын емес. Шын­ды­ғын­да, олай емес. Қазіргі архив басқа, қыз­меткері де басқа, ол – ІТ маманы, та­рихшы, менед­жер, документолог, сарапшы.
– Бір сөзіңізде құжаттардың көбейіп жатқанын айтып қалдыңыз. Ұлттық архив­тің қазіргі қоймасы толып қалған жағдайда, құжаттарды қайда сақтайсыздар?
– Сұрағыңыз орынды, біздің архив то­­лып жатыр. Сондықтан сала министр­лі­гінің қолдауымен Астана қаласы әкім­дігіне жаңа архив орталығын салуға жер телімін сұрап хат жолдағанбыз, әкімдік өтінішімізді қанағаттандырды. Бұйырса, алдағы уақытта ол жерде Архив орталығы бой көтереді. Негізінде, архив орталықта болмауы керек, қала шетінде, айнала қор­шалып тұру керек. Себебі, архив те – стра­тегиялық нысан. Жер телімін берді, енді кешенді ғимарат салынады. Болашақта архивке келгендер қажет құжатты «бір терезе» әдісімен алады. Архив ғалымдар­дың емін-еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін ғылыми орталыққа айналады.
– Цифрландыру керек, оған сөз жоқ, сервер сенімді болса, файлдағы құжат жоғалмайды, сенімсіз болса, күніміз қағаз құжатқа қарап қалары анық. Олай болса, қағаз құжаттарды күтіп-баптауда қандай жаңа әдіс-амалдар бар? Архив қойма­ла­рының қауіпсіздігі туралы не айтасыз?
– Біздің қоймалар арнайы газбен өшірілетін құралдармен жабдықталған. Егер архивте түтін шықса, газды құрылғы автоматты түрде іске қосылады да, өртті сөндіреді. Өртті сөндіру үшін су шашыл­майды. Яғни, құжаттарға су тимейді. Қазіргі қоймалар заманауи стеллаждармен жабдықталған. Қозғалатын, ашылып-жабылатын мұндай стеллаждар елдегі басқа архивтерде жоқ. Өрт сөндіру қызметі кезең-кезеңмен тексеру жүргізіп тұрады. Құжаттар қоймасына кіріп-шығудың нұс­қаулығы бар. Кім көрінген ол жерге жібе­рілмейді. Қысқа қайырғанда, біздің архив қазіргі халықаралық стандарттар мен та­лаптарға жауап беретін жоғары техноло­гия­лық архив жабдықтарымен жабдық­талған ТМД елдеріндегі жалғыз ғимарат. Сондықтан қойма қауіпсіздігі толық қам­тамасыз етілген деп айта аламын.

Сұхбаттасқан
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*