Қарымы мол қаламгер

«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы «Жас Отан» Жастар қанаты ақын, журналист, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері Төлеген Жаңабайұлымен кездесу ұйымдастырды.
Төлеген Жаңабайұлы өңір айнасы – «Атырау» газетінде меншікті тілшісі, бөлім меңгерушісі, облыстық телерадиокомпанияда бас редактор, төрағаның орынбасары, «Прокуратура жаршысы» қоғамдық құқық қорғау газетінің бас редакторы болып еңбек еткен. Ол – «Малды ауылдың өрендері», «Шалдығып жеткен шындық», «Зілдей сөзді Зімбіл», «Жайық Беріштің Тумаш тармағы» және тағы да басқа кітаптардың, «Сән мен сахна шырайы» деректі телефильмінің авторы. 2003 жылы «Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясымен оның әр жылдарда жазған бірнеше әңгіме мен деректі хикаяттары, очерктері мен трамфлеті, жолжазбалары енгізілген «Іңкәр сезім» атты кітабы шыққан.
Жастармен кездесу барысында қаламгер Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына қатысты ой толғады. «Бұл мақала – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаланың заңды жалғасы. Біздің тарихымыз – терең. Қазақтың дана ойшылдары, ғалымдары, батырлары мен ел билеушілері әлем тамсанып, еліктеуге тұрарлық тұлғалар болған. Сондықтан Елбасы айтқандай, біздің мақсат – қазақтың төл тарихы тереңірек зерттеп, кейінгі буынға мұра етіп қалдыру. Әр халық өз тарихын бағалап ғана қоймай, оны келешек ұрпаққа қалдыру да басты парыз», – дейді Төлеген Жаңабайұлы.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ