Қазақша ісқағаздар үлесі – 91 пайыз!

593
0
Бөлісу:

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мемлекеттік тілді дамытуға арналған бағдарламаның алдын ала қорытындысы шығарылды. Жиында айтылғандай, кейінгі екі жылда министр­ліктер мен ведомстволардағы мыңнан астам шенеунік тілдік курстарды бітіріпті.

Күн тәртібіндегі осы мәселе бойынша Үкімет мүшелері алдында Білім және ғы­лым министрі Ерлан Сағадиев пен Мәде­ниет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова баяндады.
А.Райымқұлованың айтуынша, еліміз­дің тіл саясаты қазіргі кезде «Тіл туралы» за­ңына және «Тілдерді дамыту мен қолда­нудың 2011-2019 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасына» сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бағдарлама Ел­ба­сының «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласында бе­ріл­ген тапсырма­ларды орындау мақса­тында толықты­рылған. Атап айтқанда, оған қазақ тілін латын графикасына кө­шіруді тү­сін­діруге, орфографияны жетіл­діруге, оның көп­шілікке қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған міндеттер қосылыпты. Жалпы алғанда, бағдарлама аясында Үкімет 9 меже-индикатор мен 12 тиімді көрсет­кішке қол жеткізуге міндетті.
«Қазіргі уақытқа дейін бағдарлама аясында бірқатар іс-шаралар жүзеге асы­рылды. Елімізде мемлекеттік қызмет­кер­лерді үш тілде оқыту жұмыстары белсенді ұйымдастырылуда. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Білім және ғылым министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы келісімге сәйкес, биылғы жылы орталық атқарушы орган­дардың 558 өкілі тілге оқыту курсынан өтті, былтыр 610 адам қатысқан-тын. Қазақ­станның лингвистикалық капиталын сақтау мақсатында 2018 жылы 26 этностың ана тілін оқуына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді. 2017 жылы 225 топ болған», – деді Мәдениет вице-министрі.
Оның мәліметінше, жалпы алғанда, қазір республика бойынша тілдерді оқы­тудың 1 мемлекеттік және 88 өңірлік ұлт­тық орталықтары жұмыс жасауда. Оқыту орталықтары «Тіл туралы» заңына сәйкес, тiлдік курстар ұйымдастырады. 2018 жыл­дың алғашқы жартысында бұл орта­лықтарда 42 мыңнан астам адам оқытылды.
«Қазтест» жүйесі негізінде қазақ тілін білу деңгейін анықтау мақсатында 2018 жылдың 7 айында 52 245 адам тес­тілеуден өткен. Оның ішінде мемлекеттік қыз­мет­керлер саны – 20 057 адам.
– Биылғы жылдың 9 айының қоры­тындысы бойынша Қазақстанда мем­ле­кеттік тілдегі жалпы құжат айналымының үлесі 93% болды. Оның ішінде тарата айтсақ, орталық атқарушы органдарда қазақ тіліндегі құжат айналымының үлесі 91%-ды құрайды. Жергілікті атқарушы органдарда бұл көрсеткіш жоғарылау – 95%. Ал ұлттық компанияларда тек 46%-ға ғана тең, – деді Ақтоты Райымқұлова.
Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында Tilalemi.kz порталы, Atau.kz ономастикалық базасы, Emle.kz орфографиялық базасы, Тermincom.kz базасы, Tilmedia.kz үштілді сайты, балаларға арналған Balatili.kz және барлық сала құжаттарының қазақша үлгісі мен қатесіз толтыру нұсқаулығы берілген Qujat.kz сайттары жұмыс жасауда.
Бұдан бөлек, вице-министрдің айтуын­ша, Мәдениет және спорт министрлігі бүгінге дейін бекітілген терминдерге мони­торинг жүргізіп шығыпты. Бекітілген 21 мың терминнің 40,8 пайызы – төл тер­мин­дер болса, ал 59,2 пайызы – кірме және ара­лас терминдер екен. Яғни, өзге тіл­дер­ден кір­ген ұғымдарды қазақшаға аудармай, сол күйі алуға бейім тұрушылық байқалуда.
Бұл ретте министрлік басшылығы өкі­лінің түсіндіруінше, ана тіліміздің таза­лығын сақтау және оны ғылыми тілге аудару үшін терминология принциптері мен қолданбалы терминтанудың негізгі міндеттерін анықтау бойынша жұмыстар басталған. Терминдерді бекітумен ел Үкіметі жанындағы Республикалық тер­минологиялық комиссия айналысады. А.Райымқұлова шет тілдерінен енген бір­қатар терминдердің бұған дейін айналымға жіберілген қазақша нұсқалары қайта қа­рал­ғанын және алдағы уақытта бұл жұмыс жалғасын табатынын мәлімдеді. Мәселен, «пайыз» орнына қайтадан «процент», «әнұран» орнына «гимн» қабылдануда.
Бұдан өзге, ономастика, яғни жер-су атауларын қазақыландыру бағытында да «жұмыстар қарқынды жүріп жатқаны» мәлім етілді. Рас, биылғы І жартыжылдықта орталық және жергілікті атқарушы орган­дардың тек 726 ұсынысы қаралып, бірқатар ұсыныстарға ғана оң қорытынды беріліпті.
Өз кезегінде Білім және ғылым ми­нистрі Е.Сағадиев «Мемлекеттік тілді В-1 деңгейінде меңгерген мектеп түлектерінің үлесі» атты меже-индикаторы бойынша нендей іс тындырылғанын әңгімеледі. Атап айтқанда, бағдарламада мемлекеттік тілді В-1 деңгейінде меңгерген, яғни қазақ тілін «беске» білетін мектеп түлектерінің үлесін 2019 жылы 90%-ға жеткізу көзделген.
– Министрліктің арнайы бұйрығына сәйкес, 11-сынып оқушылары мектеп бітіру мемлекеттік емтихандарын тапсыру кезінде міндетті түрде ана тілі және әде­биетінен жазбаша түрде емтихан тапсы­рады. Орыс, өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын мектептерде қазақ тілінен тестілеу өткізіледі. Айта кету керек, «Қазақ тілі» бойынша 4 деген баға (жақсы) тілді меңгерудің – В-1 деңгейіне, ал 5 деген баға тілді меңгерудің В-2 деңгейіне сәйкес келеді, – деді Ерлан Сағадиев.
Ал сонда қазіргі қол жеткен нәтиже қандай? БҒМ басшысының дерегінше, 2018 жылы 45 мыңнан астам мектеп түле­гінің аттестатында олардың қазақ тілін «4» және «5» бағасына меңгергені жазылыпты. Бұл – 90 пайыздық көрсеткіш. Осылайша, Білім және ғылым министрлігінің ақпа­ратына сәйкес, «түпкі нәтиже орындалды».
Бұған қоса, Е.Сағадиев мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында болашақ қазақ тілі мамандарын оқыту барысына да тоқталды. 2018-2019 оқу жылында «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына 596 мем­лекеттік грант берілген екен, оның ішінде бакалаврға – 405, магистратураға – 170, докторантураға – 21 орын.
БҒМ басшысы қазіргі кезде «балабақ­ша – мектеп – колледж – жоғары оқу орны» желісі бойынша мемлекеттік тілді үздіксіз оқыту жүйесін енгізу жұмыстары жалғасып жатқанын қосты.
Отырыс барысында тілді дамыту бағ­дар­ламасын өңірлерде жүзеге асыру бары­сы туралы Атырау облысының әкімі Н.Но­ғаев, Павлодар облысы әкімі Б.Ба­қауов, БҚО әкімі А.Көлгінов, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ш.Ил­мұ­хан­бетова және Алматы қаласы әкімінің орын­басары міндетін атқарушы А.Мадиев баяндады.
Мәселені талқылауды қорытындылаған Үкімет басшысы Б.Сағынтаев оқу орта­лық­тарының саны сұранысқа байланысты болатынын нықтады. Демек, егер жергі­лікті әкімдіктер қазақ тіліне үйрету үшін әлеу­меттік төлемдер бөліп, қолдау көрсет­се, онда кәсіпкерлер тарапынан ынта-қы­з­ы­ғушылық туады. Сонда оқыту орталық­та­рының да саны артады. Осы тұста Премь­ер бағдарламаның негізгі мақсаты мем­лекеттік тілді меңгерген адамдардың са­нын ұлғайту екенін атап өтті.
Министрлердің ақпараты бойынша «Тілдерді дамыту мен қолданудың мемле­кеттік бағдарламасын» жүзеге асыру жоспарланған іс-шаралар шеңберінде жүруде. Бағдарламаның мерзімі, тиісінше, оның іс-шаралары жақында түгесілетініне байланысты Үкімет жетекшісі Мәдениет және спорт министрлігіне мүдделі мем­лекеттік органдармен бірлесіп, «2020 – 2024 жылдарға арналған Тілдерді дамы­тудың жаңа мемлекеттік бағдарламасының» жобасын әзірлеу туралы тапсырма берді.
Үкімет мүшелері осы жиында сондай-ақ Елбасы тапсырмасын орындау үшін тарифтер мен әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағаларын төмендету шараларын қарады.
Ал Қаржы министрі Әлихан Смайылов оңалту мен банкроттық рәсімдерін жетілдіру және оңайлатуға бағытталған жаңа заң жобасын таныстырды.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*