ҰЛТТЫ ДӘРІПТЕУ – ҰЛАҒАТТЫ ІС

Мемлекет басшысы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын «Жоғарыда аталған жобаларды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде қарастырамын. «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлы өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүмкіндік береді. Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы», – деп түйіндепті.
Қазір осы мақала жаппай талқыланып жатыр. «Кім көшелі ой айтады екен?» деп барлай қараймыз. Қазақ баласының намысын қайрайтын, рухын жанитын сөз керек. Қашан да ойы озық жүретін академик Асқар Жұмаділдаев дәл осы мақалаға қатысты болмаса да тосын пікір білдіріпті.
«Қазақ ел болып қалу үшін технократтық елге айналу керек. Технократтық елге айналмай, қазақ ел болмайды. «Ұлттық намыс, ұлттық рух» деген сөзді қазақ көп айтады. Мұның барлығы технократтық реформа болмай, бос сөз болып қалады. Рух деген не өзі? «Ойбай, рух қайда?» деп сіз күніге жүз рет айқайлаңыз. Не өзгереді? Бір бес минутқа сіздің рухыңыз көзін ашар, «әй, не болып қалды, бұл не шу?» деп. Содан кейін қайтадан қалың ұйқыға кетеді. Рухыңыз ұйықтамай, мүлгімей, сергек жүру үшін оның артында бір тірек болу керек. Бұл тірек – технократтық. Яғни, қазақты өзгелерге мойындататын өзінің жасайтын бірдеңесі болу керек. Қазақ деген – ақылды халық. «Мінеки, жасаған заттарын қараңыз» дегізетіндей», – дей келіп, Асекең «жапондық сапа» деген ұғымды алға тартады.
«Жапондық сапа, жапондық іс дейтін ұғым бар. Дүниеде жапондар жасаған өнім жайында «бұл керемет, сапалы» деген түсінік қалыптасқан. Егер қазақтар да мықты бір компьютердің түрін ойлап тапса, не бір автокөліктерді жасайтын болса, онда бізге де қатысты осындай бір түсініктер қалыптасар еді. «Қазақ ісі», «қазақы сапа» деген ұғым пайда болар еді. Сонда бұл сапаның басқа да салаларға септігі тиер еді», – деген тұжырым жасайды.
Асқар Жұмаділдаевтың бұл пікірімен біреу келісер, біреу келіспес. Алайда әйгілі математиктің «Дүниеде елдің екі түрі болады. Жетекке жүретін ел және жетектейтін ел. Мысалға, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония сияқты елдердің басты мақсаты – керемет компьютерлерді шығару да, өзге елдердің мақсаты – солар шығарған компьютерлерді сатып алу. Қысқаша айтқанда, олар өндіруші ел де, қалғанының барлығы – солардың өнімін тұтынып, жетегінде жүретін елдер. Бұл дегеніміз – экспансияның жаңа түрі», – деген сөздерін құлаққа ілетін шығар деп ойлаймын.
«Қазақ қазақ болып қалу үшін ең алдымен технологиялық және технократтық жетістікке жету керек. Мұндай жетістік болатын болса, жас баланың өзі мұны мақтаныш тұтатын болады. Өйткені іс сөзді бастайды. Қазір қазаққа ең керек нәрсе – технократтық көзқарас, технологиялық жаңалық және осының барлығын Абаймен, ұлттық бағыттағы тәлім-тәрбиемен ұштастыру. Мұндайдың мүмкін екенін әлемдегі озық ойлы елдер дәлелдеп берді. Мысалға, Корея, Малайзия, Жапониядай елдерді алып қарайық. Бұлар қанша жерден мықты компьютер жасаса да, өздерінің ұлттық салт-санасын алтын құсап сақтап, дамытып отыр. Сіз өзіңіздің әніңізді, күйіңізді сақтаңыз. Сіз жеті атаңызды білу дәстүрін дәріптеңіз. Осының барлығын сақтай отыра, жаңа заманға бейімделіп, технократтық елге айналыңыз. Сонда ғана қазақтың болашағы болады», – деген ой Елбасының үнемі айтып келе жатқан озық 30 елге қосылу деген мақсатына толық сай келеді.
Бір кезде қазақта «Білім және еңбек» деген журнал бар еді. Пәнәйі себептермен жабылып қалды.Технократтық көзқарас пен технологиялық жаңалық жасау үшін тап қазіргі заманға аса керек журнал. Сөзді бастайтын істі сол журналды қайта ашудан бастасақ қайтер еді?!.
Нұртөре ЖҮСІП