Қар астында қауіп бар

583
0
Бөлісу:

Ашық құдық мәселесі ара-тұра шу көтеріп, халық назары мен наразылығына ілініп тұрады. Қоғамдық көңіл күйге кері әсер еткен оқиғаның соңғысы Астанада болды. 25 қараша күні Рақымжан Қошқарбаев пен Өзбекәлі Жәнібеков көшелерінің қиылысындағы құдықтан бір күн бұрын жоғалған он үш жастағы қыздың өлі денесі табылған. Оқиға желісіне сәйкес, 24 қараша күні театрға кеткен қыз үйіне қайтар жолда беті ашық тұрған кәріз жүйесінің құдығына түсіп кеткен. Оны сол кеште шарқ ұрып іздеген анасы бұл ауданда мектептен бастап, не көше бойында, не дүкендердің жанында бейнебақылау камералары жоқтығын, «Құрбысының үйінде шығар, күте тұрыңыз» деген полиция қызметкерлерінің түнгі үш кезінде бір-ақ іздестіру жұмысына кіріскенін айтады. 

БАҚ-та қаза тапқан қыздың анасының «25 қараша күні дәл сол құдыққа тағы бір бала түсіп кетіп, оны сол маң­дағы куәгерлер құтқарып қалған. Бірақ олар мәйіт­ті байқамаған. Кешірек құдықтың бетін жабуға келген қызметкерлер денені жер бетіне шығарған» деген пікірі жарияланды. Бір құдыққа екі баланың араға бір күн салып, құлағаны естіген адамның санасына қор­қыныш ұялатады. Тағы бір ақпараттық материалда, қа­ла тұрғыны тілшіге беті дұрыс жабылмаған, қар ас­тына көмілген құдықты көрсетіп, бұл маңнан кіш­кентай балалар көп өтетінін, аяғымен осы тұсты басса, бе­ліне дейін суға малтықтыратын құдыққа құлайтынын көр­сетеді.
Бас қалада беті жабылмаған құдықтардың жиі кез­десетінін әкімдік те жоққа шығармайды. Қала бас­шы­лығының атынан қаза тапқан қыздың отбасына көңіл ай­тып, жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қолдау көрсе­тілетінін жеткізген Астана қаласы әкімдігінің баспасөз хат­шысы Эльвира Жүргенбаева «қауіп-қатер» алаң­дарының мәселесін шойын қақпақ ұрлайтындардың әре­кетімен байланыстырады.
– Астанада 65 мың құдық бар. Ауа райының күрт суы­туымен қатар, құдықтардың шойын қақпақтарын ұрлау фактілері жиіледі. Олар көбіне металл қа­был­дайтын орындардан бөлшектенген күйде табылады. Бұл мәселені полиция департаменті қарастырып жа­тыр. Тек қана соңғы бір айда ашық құдықтардың орны ту­ралы хабарлаған 356 азаматтың өтініші тіркелген. Одан бөлек, беті жабылмаған мыңдаған құдықты қала­ның коммуналдық қызметі анықтады. Соңғы бір апта­ның өзінде ikomek қызметіне осындай 214 хабарлама түскен. Көбіне бір мекенжайда орналасқан құдықтың беті ашық деген шағым бірнеше рет қатарынан қа­былданады. Өйткені ашық құдықтар әдетте опе­ративті түрде жабылғанымен, бірнеше күннен кейін қақпақ қай­та жоғалып кетеді. Аталған мәселені шешу үшін қала әкімі арнаулы құлпы бар қақпақтар орнатуды тап­сырды, – дейді әкімдік өкілі.
Оқиғаны жеке қадағалауына алғанын мәлімдеген Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов құдықтарды күн­делікті аралап, олардың қауіпсіздігін бақылауда ұстау­ды тапсырды. Ішкі істер департаментінің хабар­лауынша, жасөспірім қыздың өліміне байланысты Қылмыстық кодекстің «Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Енді жедел іздестіру шараларының нәтижесінде кінәлілер анық­талып, жазалануы тиіс. Әкімдік беті ашық не қақпағы сын­ған құдықтар туралы 109 тегін нөмірі арқылы ха­барлауға болатынын ескертеді.
Қазіргі «күрес» мәселенің маңызды жаңалықтардан түс­пей тұрғанында талқыланып, дақпыры сәл басылған соң, қайта қадағалаудан шығып кетпесе игі. Өйткені елі­міздің әр өңірінде осыған ұқсас оқиғалар бірнеше рет орын алған. Алдағы уақытта таныс мәселе бойын­ша оқыс оқиғалар тағы қайталанса, өткеннің қате­лі­гі­нен сабақ алмайтын салғырттыққа балауға тура келеді…

Динара ТІЛЕУБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*