«Қайрат» жаңа бас бапкердің есімін жариялады

731
0
Бөлісу:

Алматылық «Қайрат» футбол клубы өзінің жаңа бас бапкерінің есімін жария етті. Жаңа маусымнан бастап команданы белорусиялық 30 жастағы маман Алексей Шпилевский жаттықтырмақ.

Клубтың бақылаушылар кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев жаңа бас бапкерді 25 қараша күні арнайы баспасөз мәслихатында таныстырды. Бас бапкердің көмекшілері ретінде Христос Пападопоулос пен Томми Яниген қызмет етпек.

Шпилевский 1988 жылы 17 ақпанда өмірге келген. Жартылай қорғаушы болып ойнап, «Штутгарт» командасының жастар құрамасында доп тепкен. Беларусь құрамасына да жиі шақыртылған. Алайда жарақатына байланысты ойыншылық карьерасын ерте аяқтайды.

Ол «А» категориялы лицензиясын 2011 жылы алған. Бапкерлік мансабын да сол «Штутгарт» академиясында бастаған. 2013-2018 жылдары «РБ Лейпциг» академиясында жұмыс істеген. Ал бас бапкерлік міндетті уақытша атқарған Андрей Карповичтің командада қалу-қалмауы әлі белгісіз.

Сондай-ақ клуб сапынан қорғаушылар Шелдон Бато, жартылай қорғаушылар Акош Элек және Иво Иличевич кетуі мүмкін. Ал Исламбек Қуат алматылық клуб сапындағы мансабын әрі қарай жалғастыра береді. Бұл туралы Қайрат Боранбаев мәлімдеді. «Проблемалар бар, бірақ мені дұрыс түсініңіздер. Клуб бюджеті жеке меншіктен қаржыландырылады. Біз жақсы ойнадық, алайда легионерлер көмегі қатты тиген жоқ. Демек, бұған мен кінәлімін. Мақсат өзгермейді. Қуат клубта қалады» деген Боранбаев.

Ал ұзақ жылдар «Қайратта» сәтті ойнаған Исаэль клубтан кетпек. Бразилиялық футболшы 2014 жылдан бері 174 матчтқа қатысып, 41 гол соғып, 54 голдық пас берген.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*