Мемсыйлықтан үміттілер анықталды

587
0
Бөлісу:

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысы өтті.

Отырысты ашқан Г.Әбдіқалықова Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы дала­ның жеті қыры» атты бағдарламалық мақа­ласындағы «Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас та­ныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы» деген сөзіне тоқталды.
– Бұл басымдықтар 2019 жылы Жастар жы­лын өткізудің негізіне айналуға тиіс, – деді Мемлекеттік хатшы.
Жиында Қоғамдық даму министрлігінің «Қа­зақстан-2020: болашаққа жол» Қазақстанның мем­лекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейін­гі тұжырымдамасының жүзеге асырылу ба­рысы жөніндегі мәліметі тыңдалды.
2018 жылы қыркүйекте 18-29 жас ара­лы­ғындағы NEET жастарын (Not in education, employment or training, яғни еш жерде оқы­май­тын, жұмыс істемейтін және біліктілігін арт­тыр­майтын), соның ішінде 2018 жылғы түлек­терді жұ­мыспен қамту және әлеуметтендіру жө­ніндегі жол картасы бекітілді. Қазақстанда 2018 жылы екін­ші тоқсанда NEET санатындағы жастар 7,7 па­йыз (былтырғы сәйкес кезеңде 8,5 пайыз) болған. «Баршаға тегін кәсіптік-тех­никалық білім беру» жобасы аясында 312 кол­леджде 381 мамандық бойынша 21 мың адам бі­лім алуда.
Сонымен қатар Ішкі істер және Денсаулық сақ­тау министрліктерінің жастар арасындағы құ­қықбұзушылық пен өзіне-өзі қол салудың алдын алу жөніндегі мәліметі тың­дал­ды. Соңғы 5 жыл ішінде 14-29 жас шамасындағы жастар арасында қылмыс саны 5 пайызға азайған. Еліміздің жоғары оқу орындарындағы және студенттер жатақханасындағы тәртіпті қам­тамасыз ету барысында полицияға жәр­дем­де­се­тін 196 студенттік жасақ қызмет атқа­ра­ды. Олар биыл 180 қылмысты әшкерелеп, 5,4 мың­нан ас­там әкімшілік құқық бұзу жайттарын анық­тады. 2017 жылы 15-17 жас мөлшеріндегі жас­­тар­дың суицид көрсеткіші 36,6 пайызға, өз-өзі­не қол салу әрекеті 43,4 пайызға азайғаны бай­қалған.
Кеңес отырысында 2019 жылға арналған жұ­мыс жоспары қаралды.
Соңында Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова мем­лекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.
Осы күні Мемлекеттік хатшының төраға­лы­ғымен Қазақстанның Әдебиет пен өнер сала­сын­дағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі ко­миссияның отырысы өтті. Жиынды ашқан Гүл­шара Әбдіқалықова Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласындағы «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін ха­лықтың болашағы зор болады деп сенемін» де­ген сөзіне тоқталды.
– Сыйлық берілетін шығармаларда Отанға деген сүйіспеншілік, мемлекетшілдік идеялары те­рең көрініс табуға тиіс. Ел тәуелсіздігі, мем­ле­кетіміздің қалыптасу мен даму кезеңдері, ұлттық та­рих, қоғамдағы азаматтық-имандылық өл­шем­деріміз жоғары көркемдік деңгейде көр­сетілуі шарт, – деді Мемлекеттік хатшы.
Комиссия мүшелері Мәдениет және спорт ми­нистрі А.Мұхамедиұлының іріктеліп алынған шы­ғармалардың талқылану қорытындысы жө­ніндегі ақпаратын тыңдады.
Комиссия Елбасының қарауына ұсынылатын әде­биет пен өнер саласындағы 2018 жылғы мем­лекеттік сыйлығы лауреаттығына үміткерлерді жа­сырын дауыс беру арқылы анықтады. Дәстүр бойын­ша мемлекеттік сыйлық лауреаттарын ма­рапаттау рәсімі Тәуелсіздік күні қарсаңында өте­ді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*