ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ТӨРІ

985
5
Бөлісу:

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы қазақ қоғамына тағы да қозғау салды. Абайдың «Ұйықтаған ойды кім түртпек» дейтіні бар еді ғой, тап сол сияқты осыған дейін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы елдің рухани өміріне үлкен серпіліс әкелсе, кезекті мақала тарихи орнымыз бен мәдени мұрамызды ғылыми дәйектеу бағытындағы үлкен дүние болып отыр.

Елбасы экономикалық реформалармен қат-қабат бір кезде «Мәдени мұра» бағдарла­масын қабылдағаны есте шығар. Сол бағ­дарлама негізінде бірталай ірі шаруаның басы қайырылды. Ұмыт болған, тасада қал­ған, ақтаңдаққа айналған талай мұрамыз ел игілігіне айналды. «Тарих жылы» деп айдар таққан белесті бір кезеңді ұмыта қойған жоқ­пыз. Мұның бәрі біздің бүгінгі мемле­кет­тігіміздің тамыры тереңде жатқандығына ой жүгірту, тарихтың асау толқынында арпалысып жүріп, қаншама азапты кезеңнен аман өткен ұлттың рухани құндылықтарын қайтарудың амалы іспеттес еді.
Ашығын айту керек, Елбасы мақаласы­ның өзегінде үлкен қуат жатыр. Бұл – ұлт­тық мақтаныш сезімінің қуаты. Өскелең ұрпақ санасын қайраттандыратын қуат. Мақаладағы жаңа мазмұн, жаңа серпін, жаңаша көзқарас жұртты ұйытатындығы анық. Қазақпын дейтін әр азамат ұлт та­рихының тереңіне бойлап, осыншама жерді аман сақтаған ата-баба тегінің мықтылығына қайыра көз жеткізеді. Мемлекетіміздің ежелгі тарихын тұтас тұрғыда тану, зерделеп зерттеу бағытында жаңа көзқарас, жаңа дүниетаным қалыптастыру мүмкіндігіне жол ашылды. Маңыздылығы – заман туғызып отырған қажеттілік.
Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақтардың және Еуразияның басқа да халықтарының тарихында Алтайдың алар орны ерекше. Осынау асқар таулар ғасырлар бойы Қазақстан жерінің тәжі ғана емес, күллі түркі әлемінің бесігі саналды… Тарих пен география түркі мемлекеттері мен ұлы көш­пенділер империялары сабақтастығының айрықша моделін қалыптастырды. Бұл мемлекеттер ұзақ уақыт бойы бірін-бірі алмастырып, орта ғасырдағы Қазақстанның экономикалық, саяси және мәдени өмірінде өзінің өшпес ізін қалдырды. Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұлан-ғайыр далада көшпелі және отырықшы өрке­ниеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты», – деп иісі түркі баласының әлем алдындағы беделін биікке көтерді.
«Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы». Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тара­ған түркі тектес тайпалар мен халықтар бас­қа елдер мен өңірлердің тарихи үдерісте­ріне елеулі үлес қосты», – деген сөз Қазақ елінің мәртебесін асқақтатып тұрған жоқ па?!.
Есік қорғанынан табылған Алтын адамнан бастап, кешегі Сақ ханшайымының мүлік-мүкамалына дейін Ұлы далада небір таңғажайып мәдени мұра болғанын бірінші кезекте өз еліміздің тұрғындарының қа­періне салып отыру өте маңызды. Бұл елі­міздің тақыр жерден шықпағандығының, ежелгі тарихы мен мәдениетінің болған­дығына дәлел мұралар. Осы ретте тарыдай шашырап кеткен түркі баласының ортақ мұрасын бөле-жармай жинақтап алсақ та артық болмас еді.
Өз елінің қайталанбас тарихи мұрасы бар екенін жас ұрпақ көріп, біліп, зердесіне тоқып өскені жақсы. Түркі әлемінің төрінде, өршіл дамудың өрінде отырған Қазақстан халқы, оның ішінде Тәуелсіздік кіндігін кескен жастар өз Қара шаңы­рағының берік уығына айналса, нұр үстіне нұр болмас па?!.

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

5 пікір жазылған

  1. Самал 30 Қараша, 2018 at 14:24 Жауап

    «Жеті атасын білген ер жеті жұрттың қамын жер» деген халық даналығынан үлгі алған ата-бабаларымыз ел тарихын, ру тарихын, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді үнемі назарда ұстаған.

  2. saule 30 Қараша, 2018 at 14:25 Жауап

    Елбасы атап көрсеткендей, «тарих дегеніміз өткеннің ғана сабағы емес, ол едәуір дәрежеде болашақтың да көрінісі».

  3. akjan 30 Қараша, 2018 at 14:26 Жауап

     Бүгінгі жаһандану заманында ғасырлар бойы қанымызға сіңіп, берік дәстүрімізге айналған осынау асылдарымыздан ажырап қалмаудың жолын тынбай іздестіруіміз керек. 

  4. Ляззат 30 Қараша, 2018 at 14:27 Жауап

    Тарихымызды жаңғырту арқылы өскелең жас ұрпағымыздың болмысы мен санасын ұлттық нақышта қалыптастырарымыз анық.

Пікір жазу


*