Рухтану дәуірінің тұжырымдамасы

747
0
Бөлісу:

Бақытбек СМАҒҰЛ,
Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі:

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа бағдарламалық мақаласы халықты рухтандыруға, болашақ қазақстандықтарда өр рух қалыптастыруға бағытталып отыр. Қазіргі Қазақстан халқы да, осынау ұлан-байтақ жерді кейін мұраға алып қалар азаматтар да өркениеттің бастауы, мәдениеттің мәйекті ұстыны болған Ұлы даланы ен жайлаған, мыңғыртып мал айдаған, мәрт әрі уәдесінен таймаған, алты Алаш ханын сайлаған, шаршы топқа түскенде шешен болып сайраған, қылышын тасқа қайраған, найзасына үкі байлаған ұлы бабалардың ұрпағы екенін ұмытпағаны жөн. Бұл ұмытылса, тарихи жад өшсе, келер ұрпақ Абай айтпақшы, «өзінде бармен көзге ұра» алмайтын мүшкіл халге жетіп, өзгеге табынып, тамсанумен өтпек. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев әр ұлт кезігер осы тарихи тәуекелден халқымыздың болашақ толқындарын да аман өткізудің қамына қазірден кіріскенін аңғарамыз.

Қазақ елі бүгінде «Ұлы мұраттарға рухтану дәуірін» бастан кешуде. Ендеше, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын осы дәуір­дің Рухани тұжырымдамасы деп тануға да болады.
Елбасы мақаласында «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашуды ұсынды. Онда озық өнер мен технология үлгілері – аң стилінде жасал­ған бұйымдар, «Алтын адамның» жарақ­тары, жылқыны қолға үйрету, метал­лургияны дамыту, қару-жарақ, са­­уыт-сайман дайындау үдерісін көр­се­те­тін заттар және басқа да жәдігерлер жинақталмақ. Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті «Ұлы даланың ұлы өркениет­те­рі» атты жалпыұлттық тарихи рекон­струкциялар клубын құрып, соның негі­зін­де Астанада және Қазақстанның өзге де өңірлерінде ежелгі сақтар, ғұндар, ұлы түркі қағандарының дәуірі және басқа да тақырыптар бойынша фестивальдер өткізу бастамасын көтерді.
Бұл, шынында, ұлт үшін өте маңызды. Халық төл тарихының жетістіктерімен мақтану арқылы рухтанады. Үлгіге жапон елін алуға болады. Сарапшылардың айтуынша, «күншығыс елі» 1868–1912 жылдар аралығында «Мейдзи дәуірін» бас­тан кешкен. Ұзақ ғасырлар бойы өз арал­дарында қамалып, жаһан жұртшы­лы­ғынан жабық жатқан жапондар осы дәуірде, яғни кейін Жапонияны ұлы дер­жа­ваға айналдырған император Муцухи­то тұсында өзіндік оқшауланудан бас тар­тып, әлемге ашылды. Мәдениет­та­нушылардың куәлік етуінше, сонда олар­ға батыс мәдениеті қатты әсер етіп, жапон­дардың көбі өз мәдениетін менсін­бей, төл құндылықтарын тәрк ете бастай­ды. Жапон қоғамы сол тұста «тек батыс мәдениеті ғана елді алға оздырады» деп санайды.
Дәл осы кезде халықтың бағына орай бір Италия ойшылы «күншығыс елін» терең зерттеуге кіріседі, жапондардың салт-дәстүрлеріне жіті зер салып, «жа­пон­­­дардың шәй ішу дәстүрі», «таби­ғат­қа табыну дәстүрі», «бабалар әруағын ұлықтау дәстүрі» секілді дәстүр-құнды­лық­тарын батысқа дәріптейді. Ақыры Еуропаның өзін елең еткізген құнды­лық­тары­на мақтаныш сезімі оянған жапон­дар құлдық санаға апарар құрдымнан құтылған. Содан «күншығыс елі» өз жетістіктерін, мәдениеті мен өнерін паш ету үшін Еуропа мен АҚШ-тағы саналуан дүние­жүзілік көрмелерге белсенді қаты­сады, нәтижесінде еуропалықтар жапон халқы ұсынған шығыстық экзо­ти­ка­ға елікті. Жапония сөйтіп, еуропалық мәде­ниет­ке, әсіресе, «арт нувоға» қатты әсер етті. Қазіргі кезде де Батыста жапон мәде­ниетіне деген қызығушылық зор, мыса­лы, «самурайлар мектептері», «гей­ша­лар мектептері» жұмыс істейді. Соң­ғы­сы Батыс үшін «ибалы қалың­дық­тар институты» рөлін атқарады. Жер-жаһан­ды аузына қаратқан жапондар дәстүрлі дүниетанымын заман талабымен ұштас­тыр­ды.
Біз әлемдік мәдениеттен де қалыспай, өз дәстүрімізді бек ұлықтауымыз керек. Тек тіл ғана емес, ұлттың шарболаттай шың­­далған рухы, қайталанбас дара мәде­ниеті, терең тарихи жады мен руха­ни бол­мысы жойылған күні ұлт та жойыла­ды.
Қазақ жері – алтын адамдар өмір сүрген өңір. Елбасы осыған назар аудар­тып отыр. Бүкіләлемдік қоғам­дас­тықты таң-тамаша қалдырған, баршасын қызы­ға да қызғана қаратқан, бірақ тыл­сым сырын адамзатқа ашпаған «Алтын адам» бүкіл дүниежүзінде тек Қазақстанда ғана табылды. Біреу емес, олардың саны бірнеше болғаны анықталып жатыр. Алтын адамдардың белгілері табылған сайын, жаһан жұртшылығы жалт қарап, құла­ғын түріп, қазақ жерінің «алтын адам­дар мекені» екенін мойындай бастады.
Бұл қазіргі ұрпақтың да, кейінгі қазақ­стандықтардың да бойында мақта­ныш сезімін маздатып тұруы қажет. Олар­дың ұлттың рухани тамырынан ұдайы нәр алуы маңызды. Өйткені рух­танған ұлттың қиындықтарға, күйзе­лістерге деген иммунитеті әрдайым жоғары болады.

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*