Алтын адамдар мекені

689
0
Бөлісу:

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры,
тарих ғылымының докторы, профессор:

Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласымен толық танысып шықты. Біз мұны былтырғы «Рухани жаңғыру», 2004 жылы жасалған «Мәдени мұра», 2011 жылғы «Халық тарих толқынында» бағдарламаларының жалғасы деп қабылдадық.

Біздің рухани және материалдық мәдениетіміздегі жетістіктеріміз сырттан келген жоқ, өзімізде пайда болды, сосын бүкіл әлемге тынылды. Елбасының осы мағынадағы тезисі бізді ерекше қуантты.
Әсіресе, «Еуроцентристік көзқарастан бас тарту керек, ол шеңберден шығып, әлемге қазақтың тарихы, мәдениеті қандай екенін көрсететін кез келді» дегені көңілге қонды. Шынын айту керек, тарихымызға қатысты деректердің көбі әлем мұрағаттарында жатыр. Біз осы уақытқа дейін тарихымызды тек саты-сатымен ғана, белгілі бір мөлшермен беріп келген Ресей деректеріне ғана сүйеніп жаздық. Шын мәнінде, олай болмауы керек. Әлемдік деңгейде қаншама жазбаша жиналған материалдар бар. Олар Парсыда, Моңғолияда, Қытайда, Араб елдерінде ме? Мүмкін дамыған Еуропада шығар?! Әлде Римде, Грекияда ма? Көбіне дерекпен жұмыс істейтін біз, тарихшылар, енді осыны негізге алуымыз керек.
Елбасы атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығының жер жүзіне Ұлы даладан тарағанын айтты. Салт атты адамдардың ат құлағында ойнағаны да рас. Сол кезден дала тұрғындары теріден, киізден киім кидік. Жылқыға мініп, мінез-құлқымыз пайда болды. Атқа қатысты барлық дүниені ойлап таптық. Міне, бұл да – біздің ең ерекше құндылығымыз.
Сондай-ақ бізге қатысты шикізат шығарушы ел деген түсінік бар. Әйгілі ғалым Әлкей Марғұлан кезінде «Қазақ­стан — металлургия өндірісі калыптасып дамыған ел» деп айтып кеткен. Оны ке­ңінен зерттеген Қаныш Сәтбаев қаншама жыл бұрын елімізде металлургия орталығы болғанын анықтаған. Металлургия арқы­лы келген заттарды бізге ешкім әкеліп берген жоқ, өзіміз жасадық.
«Аң стилі» дейміз, ол да біздің Ұлы даламызда дүниеге келген. Ата-бабала­рымыз қоршаған ортамен етене жақын өмір сүре білген. Адамзаттың табиғатсыз күні жоғын айтып өткен. Онда неге жасырамыз? Неге паш етпейміз? Әлемдік өнердегі биік белес саналатын «аң стилі» негізгі мақтанышымызға айналуы керек.
«Алтын адам» ше? Дала өркениетінің зор қуатын көрсететін бұл құндылығымыз бүгінде АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында, БҰҰ-ның залында тұр. Бізде археолог­тар­дың қазба жұмыстары негізінде бірнеше «алтын адам» табылды. Батысымыздан, Шығысымыздан шықты. Осыған қарап елімізді «алтын адамдардың» мекендеуге де болады. Оны жасау үшін қандай өнер, білім керек еді?! Соның бәрін бабаларымыз жасаған. Өкінішке қарай, бізді көш­пенділер, қаңғып жүрген халық десе, өзіміз әлеуетімізді көрсете алмай келдік.
Ұлы Жібек жолының омыртқасы бізден өтеді. Бір аяғы Еуропада, бір аяғы Қытайда. Міне, осыны Елбасы әдемі айтып кетті. «Біздің дәуірімізден бастап бұл құрлық жолдары Үлкен Еуразияның Шығысы мен Батысы, Солтүстігі мен Оңтүстігі арасындағы сауда және мәдениет саласындағы байланыстардың транс­континенталь желісіне – Ұлы Жібек жолы жүйесіне айналды» деді. Енді осыны ғылыми айналымға жіберуіміз керек.
Шыны керек, алма мен қызғалдақтың Отаны – Алатау екені есімізге келмепті. Елбасы әлемдік мықты ғалымдардың пікіріне сүйеніп, алма мен қызғалдақ Алатаудың бауырында дүниеге келіп, одан тамырын тереңге жайып, әлемге тарап кеткенін айтты. Онда неге біз одан бренд жасамаймыз? Арнайы логотип-таңба неге жасамасқа? Арнайы мереке неге ұйым­дастырмаймыз? Неге біз апортымыздан айырылып жатырмыз? Сұрағымыз осылай кете береді. Бірақ енді олай отыруға уақыт жоқ. Сөзден іске көшу керек.
Бір сөзбен қорытсақ, бұл мақала біз­­­ге – тарихшыларға, ғалымдарға үлкен мүмкіндік береді. Осы арқылы қазақтың рухы көтеріледі. Біз жай халық емеспіз, тарихты бірінші орынға қоятын елміз. Осы ойымның түйінін Алаш зиялыларының көшбасшысы Әлихан Бөкейханның сөзімен аяқтағым келеді: «Қай халық өзінің тарихын ұмытса, оның өзі тарихи ортадан жоғалып кетуге дайын тұрады».

Бөлісу:

Пікір жазу


*