Еуропалықтар сүйсініп қайтты

540
0
Бөлісу:

Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асанов ЕҚЫҰ Парламент ассамблеясының төрағасы Георгий Церетелимен кездесті. Кездесуге сонымен қатар Орталық Азия бойынша ЕҚЫҰ ПА арнайы өкілі Роман Хайдер, Қазақстандағы ЕҚЫҰ Бағдарла­малар кеңсесінің басшысы, елші Дьердь Сабо, Австрияның еліміздегі ел­шісі Герхард Сайллер, ЕҚЫҰ ПА Бас хатшы­сы­ның орынбасары Семен Дзахаев қатысты.

Әңгіме барысында мәртебелі мейман ең алдымен, Қазақстан Президентінің тап­сырмасы бойынша жүргізіліп жатқан респуб­ликаның сот жүйесіндегі жаңғырту­ларға қызығушылық білдірді.
«Қысқа мерзім ішінде жүйені өзгерту оңайға түспейтінін біз анық түсінеміз. Дауларды реттеудің сіздер қолданып жүр­ген тәсілдер туралы көп естідік. Сіздердің шиеленістерді бітістірумен шешу тәжіри­белеріңізді өзге елдер арасында қолданып көргіміз келеді», – деді Г.Церетели.
Жоғарғы сот органының басшысы Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында Жоғарғы соттың халықтың соттарға деген сенімін жоғарылатуға, сот жүктемесін тө­мендетуге, азаматтық процесті оңай­латуға, сот ісін жүргізудің жеделдігі мен ашықтығын арт­тыруға бағытталған жұ­мысы туралы айтып берді.
Қонақтарға «Сот төрелігінің жеті түйіні» аясында сот жүйесін жаңғыртудың негізгі бағыттары таныстырылды.
Ж.Асанов реформалар туралы айта келіп, құқық үстемдігін қамтамасыз етуге бағыттал­ған бірқатар заң жобалары әзір­ленгенін хабарлады. Олар қазір Парла­менттің қарауында жатыр. Кадр мәселесіне қатысты бірқатар өкілеттілік Жоғарғы соттан енді Жоғарғы сот кеңесінің қара­мағына беріледі. Бұдан бөлек, жергілікті соттардың өзін-өзі бас­қару институтын кү­шейту және сот корпу­сының еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау жоспар­лануда.
Жоғарғы сот төрағасы медиативтік рәсім­дерді енгізу жолымен қоғамдағы жан­жал­дарды азайту үшін кешенді шара­ларды жүзеге асыруға ерекше назар ау­дарды. Ол үшін ай­мақ­тарда «Соттан тыс татуластыру орта­лықтары» ашылуда.
Сонымен бірге, қылмыстық сот тө­релігін ізгілендірудің нәтижелері мәлім етілді. Түрмеде отырған адамдардың саны едәуір азайғаны байқалуда: төрт жыл ішінде 52 мыңнан 30 мыңға дейін кеміді.
Қонақтарға инвестициялық соттың қызметі туралы және соттарда сыбайлас жем­қорлықтың алдын алу жайында да ақпарат берілді. Осы орайда Жақып Асанов мұның бәрі халықтың сот төрелігіне деген сенімін арт­тыруға бағытталып отырғанына ерекше екпін түсірді.
Өз кезегінде Г.Церетели Қазақстандағы сот төрелігінің даму деңгейі өзіне ерекше әсер еткенін жасырып жатпады және алға қойылған барлық мақсаттарды іске асыруда сәттілік тіледі.
Кездесу қорытындысында тараптар Қазақстанның Жоғарғы соты мен ЕҚЫҰ арасында іскерлік әрі достық қарым-қаты­настарды өркендетуге және нығайтуға ұмтылатындарын жеткізді.

Бөлісу:

Пікір жазу


*