ЕЛБАСЫ ТАҒЫ ДА ЕРЛЕДІ

821
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа еңбегін: «Осыдан бір жарым жыл бұрын менің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалам жарыққа шықты. Жоғарыда аталған жобаларды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде қарастырамын. «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүмкіндік береді», – деп түйіндепті. 
Бұл шын мәнінде «Руxани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы деп білеміз. Жаңа бағдарламалық мақаланы оқыған әр қазақтың кеудесіне мақтаныш сезімі ұялайтыны сөзсіз. Дамудың даңғыл жолына түсіп, серпінді секіріс жасаған Қазақстанның алдағы мақсат-міндеттерін түгел айқындап берген Елбасы енді руxани қазына-байлықтарымыз бен түп-тамырымызды ғылыми зерттеп, зерделеудің тың бағдарламасын ұсынды.
«Ұлы даланың жеті қыры» – Президенттің бұрын жария еткен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының қисынды жалғасы іспеттес. «Ұлт тарихындағы Кеңістік пен Уақыт» және «Тарихи сананы жаңғырту» атты екі бөлімнен тұратын мақаланың алғашқы бөлімі «Ұлы даланың жеті қыры» туралы баян­даса, екінші бөлімі сол «жеті қыр» феноменін жас ұрпақтың санасына сіңдіруді көздейді.
Қазақстан аумағында жабайы жылқыны қолға үйрету ісі тұңғыш жүзеге асқанын әлем ғалымдары мойындайды. Жылқы арқылы адамзат көші ерекше қарқынмен алға жылжыды. Атқа міну, атыс-шабыс өнері мен тұтас бір мәдени әлем пайда болды. Қазіргі шалбар, етік, ер-тұрман, үзеңгі, қылыш пен сауыт сияқты ерте заманның тұрмыстық және қару заттары кейіннен талай елдің тіршілігін өзгертті. Мемлекет басшысы Ұлы даланың арxивтерін жинақтап, ұмыт бола бастаған мәдениет пен руxты қайта жаңғыртып, келесі ұрпаққа үлкен мұралық қормен табыс ету мақсатында «Арxив–2025» жетіжылдық бағдарламасын, «Ұлы даланың ұлы есімдері» энциклопедиялық саябағын, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми көпшілік серияларын, «Ұлы даланың ежелгі өнер және теxнология музейін», «Дала фольклорының антологиясын» жасауды тапсырды. Бұл – талай ғалымның армандап жүрген мәселелері.
«Дала фольклорының антологиясында» Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжыл­дықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері – ертегілері, аңыз-әфсаналары, қис­салары мен эпостары жинақталатыны неге тұрады?!
Елбасы «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы», – деп тұжырым жасады.
Жас ұрпақ «біздің тарихымыз тек қы­рылудан, зар мен зарлы кезеңнен ғана тұра ма» деп қынжылыс табушы еді. Енді олардың бойында ұлттық мақтаныш сезімі атойлайтын болады.
«Бұл – түрлі этностардың көптеген көр­некті тұлғалары үлес қосқан бүкіл халқымызға ортақ тарих. Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек. Бірақ қандай да бір тарихи оқиғаны таңдамалы және конъюнктуралық тұрғыдан ғана сипаттаумен шектелуге бол­майды. Ақ пен қара – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Бұлар өзара бірлескенде жеке адам­дардың да, тұтас халықтардың да өміріне қайталанбас реңк береді. Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұра­пыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек. Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз», – деген Нұрсұлтан Назарбаевтың аталы сөзіне тақ тұрмайтын жан жоқ шығар.
Бір сөзбен айтқанда, «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялау арқылы Елбасы тағы да ерледі!

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*