Эрмитажға бұйырмаған сүйек домбыра

1104
0
Бөлісу:

«Ұлылар қадірін ұғындырар сапар» экспедициясы мен Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының қызметкерлері болып, Сыр өңірі, жыраулар мекені – Қармақшы, Қазалы, Арал аудандарына сапар шеккен едік. «Сыр елі – жыр елі» ән-жырға тұнып тұрған өңірдің өлкетану музейінде көз тартар жәдігерлердің (көне ғұн дәуірінің қазаны, жойылып кеткен балық түрлерінің коллекциясы) қатарында бізді ерекше қызықтырғаны – таза сүйектен ғана жасалған ерекше сүйек домбыра. Осы домбыра тарихына аса зен қойғанымыз соншалық, сол шеберге жолықтыруды сұрандық, шебер қарапайым жігіт ағасы Күлмамбетов Құдайберген Тағжанұлы болып шықты. 60-ты алқымдаған шебермен болған әңгімеге құлақ түрейік.

– Сіздің қолдан шыққан қолөнер зергерлік бұйымдар елімізден тыс жерлерге кең танымал екен. Бізге мына тек сүйектен құрылған домбыра туралы айтсаңыз. Идея қалай келді?
– Неше түрлі домбыра жасап жүрмін ғой – қазақ домыра, құрстырма домбыра дегендей әкемнен жеткен өнер ғой. Арнайы академияда оқыған жоқпын. Кішкентайымнан әкем үйретті. Еңбектеп жүріп қара төске маңдайымды ұрып алғанмын, мына белгі содан қалған ғой (маңдайындағы тыртықты көрсетіп), содан ес білгелі әкемнің жанында жүріп, ананы алып беріп мынаны алып беріп есейдім. Бірақ, өнерінің бәрін алып қала алмадым, 14 жасымда бұл өмірден кетіп қалды.

– Ол кісіден мұраға не қалды?
– Ол кісіден дым қалған жоқ. Тек мына қара төс, іскір инесі, екі-үш көрігі қалды. Қалғанын Қызылорда мен осы Арал ауданының музейіне беріп жібердім. Жаңа сұрадыңыз ғой, «қалай шебер болдыңыз, ұстазыңыз кім?» деп. Ұстаз деген кейін көбейеді екен. Ең алғашықы ұстазым – әкем. Әкем сегіз қырлы еді, аң аулады, ал тазысын, атын баптайтын мен. Маған берген тайы болды. Мына жақта Қылыш дейтін жер бар, сонда барып аң аулап келеміз. Аңнан келгеннен кейін өзінің өлеңі бар, бой жазып алған соң сол әнін айтатын. Аңнан келген соң үйге достары келеді. Келіп тазыларға қарайды, мен болсам оларды бөліп қоямын, біреу қасқырға, екіншісі түлкіге, одан кейінгісі қоянға салады деп. Шешем қазанға қоянның етін салып бұқтырып, тамақ жасайды. Ой сол күні үйде үлкен той болатын. Анау пәлен үйде арлан туыпты, соның күшігінен екеу-ақ қалыпты десе әкем кетеді ғой. Тай ма, құнанды ма жетектеп алып барып күшікке айырбастайды. Не деген құмарлық десеңші.

– Қолөнер, домбыра туралы айтыңызшы?
– Әкем сандық, кебеже, жүк аяқ, төсекағаш, түкаяқ, ат әбзелдерінің барлығын істеді. Себебі, соғыстан кейін халыққа тұрмыстық бұйымдар аса қажет еді. Мені көп дүниеге үйретті. Әсіресе домбыра жасауға зейініп ауып тұратын. Бір күні домбыраны өзгеше жасағым келді. Содан малдың сүйегінен де жасап көрейін деп шештім. Ол уақыттарда көркемдеуші болып жұмыс істеймін. Үйдің жанында коперативный магазин бар еді, сонда істейтін кісіге түйенің еті келсе, бір қабырғасын алып қой деп. Ол кезде үш сом еді. Бір күні қабырға келді. Етін, майын арылтып өлшеттім, 10 кг шықты. Үйге алып келіп ерінбей тағы етін сырдым. Қазанға салып қайнатып, майын алдым. Бір қарасам қабырғаның бәрі бір жағынан. Екі жағын алу керек. Содан ойландым, түнде түсіме әкем кірді. Әкем бірдеңе деп айтып жатыр, мына жағына аудар деп. Содан кейін барып ойыма түсіп кетті, қабырғаны пышақпен ортасын бөліп едім, біреуі мына жаққа, екіншісі келесі жағына сәйкес келіп екі қабырға болып шыға келді.

– Сағағын қалай жасадыңыз?
– Сағағының басталғаны асық жілік. Екіншісі – қойдың асық жілігі, тоқтының асық жілігі. Асық жіліктің бір жағы қуыс болады да екінші жағы теп-тегіс болады, соны бір-біріне кигіздім. Әкем мүйіз тарақ істейді, аттың жал тарайтын үлкен тарағы болады. Қыздарға арналған тарақтар жасаған. Өгіздің тарағын тауып алып, тарағымен бетін жаптым. 1985 жыл болатын. Содан тұрды жасырынып, ішектерін ешкінің ащы ішегімен өрдім. Киіктің құралайының мүйізінен құлағын жасадым.

– Тарихта бұндай болған ба?
– 1988 жылы Алматыда Республикалық көрме өтті. Ауданнан мен бардым. Мәскеуден зерттеушілер, музей қызметкерлері келді. Менің қолөнерімді үздік деп таныды. Жаспыз, үлкен шаһарды көргіміз келеді, содан достарыммен шығып кеткенмін, артынан мені іздепті. Қонақ үйге келсем, домбырамды Эрмитажға алып кетпекші болып мені іздегенін естідім. Бағасына қарамайтынын айтыпты. Бірақ бәрі кетіп қалыпты. Содан домбыра өзімде қалды. Келген зерттеушілердің бәрі үнін естіп, бұл жоғалып кеткен үн деді. Эрмитажға да бермей, зерттеушілерге де бермей алып келдім. Содан бір күні Қызылордада көрме өтеді деп домбырамды сұратып алды. Жол жөнекей өнерпаздар тартып көрген болу керек, сындырып алыпты. Содан барып ендігі бермейтіндей боп алып кеттім. Қайта жөндеп, музейдің директоры Мәдидің әкесі Құдайберген деген кісіге өткіздім.

Мырзабай Омар,
Әйгерім Тастанова,
Шымкент қаласы,
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр
орталығының қызметкерлері

Бөлісу:

Пікір жазу


*