Жемқорлықпен қоғам болып күресу керек

826
0
Бөлісу:

Еліміз егемендікке қол жеткізгеннен бері халықаралық саяси аренада сенімді әріптес әрі болашағы баянды ел ретінде орныға алды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ еліміз халықаралық маңызға ие игі шараларды ұйымдастырып, әлемге бейбітшілік пен өзара сенімге негізделген қарым-қатынастарға дайын екенімізді көрсеттік. Бұл сөзсіз Қазақстан халқының кең пейілділікке негізделген достыққа деген адалдығы мен сенімге деген жауапкершілігінің нәтижесі. Ең бастысы тәуелсіздік жылдарында орын алған түрлі қиыншылықтарды еңсеріп, дамудың дұрыс жолына бастай білген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының жемісі деп тұжырымдауға болады.

Кез-келген мемлекеттің дамуы ол алдымен халықтың игілігі үшін қызметін сарп еткен басшылық пен қоғам мүшелерінің белсенділігімен тығыз байланысты десек, елдің дамуын тежеуші факторлардың қатарына жемқорлықты жатқызуға әбден болады. Қазіргі таңда барлық қоғам мүшелері жемқорлықты мемлекеттің дамуы мен алға қойған жоспарларының іске асуындағы басты кедергі ретінде мойындап, онымен күресті жүйелі түрде жүргізудің қажеттілігін терең түсінген. Мұны жергілікті басшылардың есебінен бастап, Елбасының сөздерінен де байқай аламыз.

Егемендікке қол жеткізген тұста мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудағы басым бағыттардың бірі де жемқорлықпен күрес болды. Ол үшін аталмыш мәселенің құқықтық негізін қалыптастыру мақсатында 1998 жылдың 2 шілдесіндегі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы қабылданды. Заңның І бабында «…азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiнен туындайтын қауiп-қатерден Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, олардың жолын кесу және ашу, олардың зардаптарын жою және кiнәлiлердi жауапқа тарту арқылы мемлекеттiк органдардың, мемлекеттiк мiндеттердi атқаратын лауазымды және басқа да адамдардың, сондай-ақ оларға теңестiрiлген адамдардың тиiмдi қызметiн қамтамасыз етуге бағытталған және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестiң негiзгi принциптерiн айқындап, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың түрлерiн, сондай-ақ жауаптылықтың пайда болу жағдайларын белгiлейдi» деп көрсетілген. Осы Заң негізінде жемқорлыққа қарсы күрестің Мемлекеттік бағдарламалары қабылданып, тиісті шаралар жүзеге асты.

Жемқорлыққа қарсы күрестің құқықтық негізін қалыптастыру және заман ағымына сай Заңды жетілдіру ісі егемендік жылдарында жүзеге асып жатты. Мысалы 2005 жылдың 14 сәуірінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар қызметіндегі тәртіп пен реттілікті нығайту жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойған. Аталмыш жарлық «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» Заңының орындалуындағы бірыңғай механизмді қалыптастырудың қажеттілігінен туындады. Сонымен қатар 2015 жылы қараша айында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған болатын. Ал Ал 2017 жылы қаңтар айындағы Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыру: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауы барысында «Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажет» деп осы саладағы жұмыстар мемлекеттік деңгейде жалғаса беретіндігін атап өткен болатын. Демек бүгінгі күннің өзінде елімізде жемқорлыққа қарсы күрестің құқықтық негіздері қалыптасып үлгерді деп айтуға болады.

Сөзсіз жемқорлыққа қарсы күрес – қоғам болып шешімін табатын мәселе. Еліміздің алар асуы мен бағындырар белестері әлі алда сенеміз. Осы баянды болашақ жолында мемлекеттің алға жылжып, өркениеттік елдер қатарынан өзіне лайықты орынды иелену үшін жемқорлық сынды кері әсер етуші факторларды жою кезек күттірмес мәселе болып табылады деп түйіндейміз.

Нұрмұхамбетов А.А

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА PhD докторы

Бөлісу:

Пікір жазу


*