ЖАМБЫЛДА ЖЕРЛЕСТЕР ЖОЛЫҚТЫ

597
0
Бөлісу:

Әркімге туған жері ыстық. Оның үстіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы арқылы еліміздің түкпір-түкпірінде, шет елдерде еңбек етіп жүрген жерлес­тердің бетін туған жерге бұрып, аймақтардың өркендеуіне атсалысуын насихаттау – бастау алған болатын. Міне, осындай игі бастама Жамбыл жерінде жалғасын тапты. Облыс орталығындағы «Баласағұн» орталық концерт залында өткен «Туған жерге туың тік!» жерлестер форумына танымал азаматтар шақырылды. Шарада облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы, қоғам қайраткері Жандар Кәрібаев өңірде қолға алынған ілкімді жұмыстарды баяндап, туған жерін түлетуге құлшыныс танытқан азаматтардың атаулы еңбектерін атап өтті. 

– Мемлекет басшысы мақаласында «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәр­лік­пен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деп атап өткен болатын. Ғасыр жасаған жыр алыбы Жамбыл бабамыздың атын иемденген ежелгі Әулиеата жері – күміскөмей әнші­лер мен дәулескер күйшілер, ел басқарған тұлғалар мен бірегей тумалар, халық ардақ­тылары мен көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері түлеп ұшқан «алтын құрсақты» өңір. Сондықтан да, бүгінгі «Туған жерге туыңды тік!» атты форумның мәні терең, маңызы бөлек, сипаты сырлы. Қойнауына құт пен ырыс-береке дарыған шежірелі Әулиеата – бүгінде татулығы жарасып, ынтымағы өркен жайған қасиетті өлке. Себебі, бұл мекен – халық өнерінің асылы Сүйінбай мен күміс көмей дүлдүл ақын Кенен Әзірбаев­тың, жыр алыбы Жамбылдың кіндік қаны тамған киелі жер. Бұл топырақ қазақтың ұлы үш биінің бірі «Қарлығаш әулие» атанған Төле би дүние есігін ашқан топырақ. Өңірдің өрлеу шақтарында аймақты ілгерілетуге зор үлес қосып келе жатқан азаматтар аз емес. Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртаза баста­ған, Әкім Тарази, Күләш Ахметова, Ілия Жақанов, Марал Ысқақбай, Қали Сәрсен­бай сынды талантты ақын-жазушы­лары­мыз да қазақ әдебиетінің мақтанышына ай­нал­ған тұлғалар. Ал Мырзатай Жол­­дас­­бе­ков, Мекемтас Мыр­зах­­метов, Мәм­­бет Қойгелдиев, Жаңғара Дәдебаевтай ға­лымдарымыз көне заман­дар­дан бергі қазақ әдебиеті мен мәде­ние­тін, тарлан тарихын егемен еліміздің игілігіне айнал­дыр­ды. Өңір мақтаныш­тары­ның дара жолы – ел болашағы, жастарға жол көр­се­те­тін басты бағдар болмақ. Туған жері­міз­дің әрбір тауы мен өзені тұнып тұрған тарихқа толы екенін ескер­сек, азамат­тар­дың сол құндылық­тар­ды құрметтеп, өскен өлкесінің гүлденуіне үлес қосуы бекер емес, – деп атап өтті Жандар Кәрібаев. Оның айтуынша, Елба­сы­ның «Рухани жаңғыру» мақала­сын­дағы «Туған жер» бағдарламасының мәні мен мазмұны да осында. Бүгінде қасиетті Тараздың өркендеуіне үлесін қосып жүр­ген аза­мат­тар да аз емес. «Атамекен» бағдарламасы аясында 39 жоба, оның ішінде 7 тұрғын үй мен пәтер, 4 аллея, 1 меди­ци­налық пункт, 1 музей және 26 спорт нысаны пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 18 жоба, оның ішінде 5 спорт нысаны, 3 тұрғын үй, 5 әлеуметтік көмек және 5 инфрақұры­лым­ды жаңғыр­туға бағытталған нысандар берілгелі отыр. «Мектепке тағзым» акция­сы барысында демеушілер тарапы­нан 258 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіліп, 719 оқу кабинеті, 50 спорт алаңы жабдық­та­лып, 10 мектепке музы­ка­лық аспап­тар табыс етілді. Ал облыс кәсіп­кер­лері өз баста­маларымен қаланы көркейту және инфрақұрылым­да­рын жақсарту жобала­рын ұсынуда. – Тараз инновациялық-гуманитарлық универ­си­те­тінің ректоры Ерболат Саурықов 12 студентке тегін оқу грантына 51 млн теңге, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры, Қазақ­станның еңбек ері Мұқаш Ескен­ді­ров «Мыңбұлақ» ықшамауданында әмбебап спорттық кешенінің құрылысына 10 млн теңге, «Бином» ЖШС директоры Қуат Баққараев компания атынан аз қамтамасыз етілген отбасыға арналған 2 бөлмелі пәтердің құры­лысына 12 млн теңге, «Арай­строй­маркет-2003» ЖШС дирек­торы Арман Еділбаев мұқтаж отбасына 2 бөлмелі 1 пәтер­дің құрылысына 12 млн теңге, «Аль­таист групп» ЖШС президенті Әлім­бек Жұмабаев «Баласағұн» музейінің құры­лысына 67 млн теңге, сондай-ақ, Тараз қалалық мәслихатының депуттары 40 млн теңгеге мөлтек аудандарда бейне­бақы­лау, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында балалар ойын алаңшалары мен футбол алаңдарын салуға демеушілік жасады. Ал жеке кәсіпкер, «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайрамбай Дөненбаев – Т.Рысқұлов ауданында 40 орын­ды интер­нат, 1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандары мен 1941-1945 жыл­дардағы ҰОС жауынгерлеріне арнал­ған саябақ пен мемориалды тақта орнатып, көптің алғысы, қариялардың батасын алған жан. Сонымен қатар Сайрамбай Жар­лысу ауылынан жобалық-сметалық құны 250 млн теңге болатын 92 орынды балабақша құрылысын аяқтап, халық игілігіне ұсынды. Осындай дәстүрлі демеу­ші­лік шаралары өзге аудандарда да көрі­ніс тауып келеді. Туған жеріне құрмет көр­се­тіп, патриотизмнің ерекше үлгісі бол­ған аза­маттарымызға алғы­сым­ды білдіремін, – деді Жандар Кәрібаев.


Бұдан кейін мінберге көтеріліп сөз сөй­леген, ел игілігі үшін талай игі істер­дің басында жүрген азаматтар қатарында – Қазақстанның еңбек ері, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері, Алматы қала­­сы­ның Құрметті азаматы Аягүл Миразова, Қазақстанның еңбек ері, «Каз­фос­фат» ЖШС директоры Мұқаш Ескен­ді­ров, «Шәушен» шаруа қожалы­ғы­ның төрағасы Сайрамбай Дөненбаев, Тараз иннова­ция­лық-гуманитарлық универ­си­те­тінің ректоры Ерболат Саурықов, білікті эконо­мист, белгілі меценат, қоғам қайрат­кері Азаматхан Әміртай, RUMI GROUP мейрам­ханалар желісінің негізін қалаушы, кәсіп­кер Қуаныш Шоңбай, Қазақ күре­сі­нен Халықаралық дәрежелі спорт шебері, үш дүркін «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы» халықаралық турнир­ле­рінің жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев қолдарынан келгенше өңірді өркендетуге күш салатын­дық­тарын жеткізді. Шара соңында қайы­рым­дылық жасап жүрген жомарт жүректі бір­қатар азамат «Аманат» сыйлы­ғын ием­ден­ді.

Ерман ӘБДИЕВ, Жамбыл облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*