Берлинге біз барғанда

684
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына орай Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан әдебиеті мен мәдениетін халықаралық аренада кеңінен насихаттауға кірісті. Осыған дейін Сеул мен Лондонда үлкен форумдар өткізілген болатын.  Еліміздің әдебиет, мәдениет саласындағы жетістіктерін әлем жұртшылығына таныстыру, өзара пікір алмасу мен  ыңғайлы ынтымақтастық жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәдениет пен өнер саласындағы мамандардың ұлттық идея тұрғысындағы күш-жігерін біріктіру өте пайдалы. Өзара әріптестік аясында шығармашылық және ғылыми интеллигенция өкілдері үшін қолайлы жағдай жасау бізді жаңа кеңістіктерді бағындыруға жетелейді.
14-17 қараша аралығында Берлин қаласында қазақ әдебиеті мен мәдениетінің халықаралық форумы өтті. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана Астананың 20 жылдық мерейтойы аясында Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдасты­руымен және Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп, «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» атты Қазақстанның мәдениет және әдебиетінің кезекті халықаралық форумын өткізді. ABBA HOTEL BERLIN конференц-залында өткен жиынға Қазақстанның Германиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Болат Нүсіпов мырза қатысты.
Құрамында педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұңал­баева, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы, Қырғыз­стан Жазушы­лар одағының құрметті мүшесі және Түркі әлемінің халықаралық поэзия академиясы­ның мүшесі Ұлықбек Есдәулет, жазушы, публицист Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің телерадио және қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғаділбек Шалахметов, Қ.Қуаныш­баев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі, театр және кино режиссері, сценарист, профессор, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген артисі, Қазақ­станның Халық артисі, Ш.Айтматов атын­дағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Талғат Теменов, Қазақстан Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ директоры Александр Тараков, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, әдебиет саласындағы халықаралық және республика­лық байқаулардың жеңімпазы, Open Eurasian Literature Festival & Book Forum – 2017 (Швеция) атты проза номина­ция­сы бойынша жүлдегері Сәуле Досжа­нова, балалар жазушысы, Ресей Жазушылар одағының мүшесі, «Қазақстан­ның аңыз­дары» (Қырғызстан), «Ислам сер­пілісі» (Мәскеу) байқауының жеңімпазы Дария Түкенқызы, ақын, жазушы, қырғыз-қазақ «Манас эпосының» жыршысы-ма­нас­­шы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық ақындар одағының мүшесі, импровизатор, жыршы-термеші, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері Баян­ғали Әлімжан, белгілі сатирик, Прези­дент сыйлығының лауреаты Көпен Әмір­бек және ақын, республикалық және халық­­аралық байқаулардың лауреаты, фило­логия ғылымдарының кандидаты Бал­ғын­бек Имаш сияқты танымал тұлға­лар­мен бірге біз де Германияға барып қайттық.


Қазақстанның Германиядағы елшісі Болат Нүсіпов: «Биыл Астананың 20 жылдығы ел мерейін көтерген айтулы оқиға болды. «Рухани жаңғыру» жөніндегі Елбасы бастамасы бәрімізге үлкен серпін берді. Берлиндегі «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» атты форум да – үлкен іс-шара. Мемлекет басшы­сының «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғы­ру үлгісінің бүгінгі заманның болмы­сына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халық­тар мен өркениеттердің ерекшелік­те­рін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», – деген сөзі бүгінгі заманның кес­кін-келбетін тұтас ашып береді. «Тарих пен мәдениетіміздің түп-тамырына үңілу – қажет нәрсе. Біздің елшілік 2006 жылдан бері «Қазақстан кітапханасы» деген жобаны қолға алып, еліміздің таңдаулы ақын-жазушыларының кітаптарын неміс тіліне аударып, жарыққа шығарды. Осындай іс-шаралар арқылы екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастық жалғаса береді деп сенемін», – деді.


Форумды ашқан Ұлықбек Есдәулет: «Сапардың басты мақсаты – қазақстандық мәдениетті әлемге таныту, ел әдебиетін дамыту, мәдениет пен өнер саласындағы кәсіби мамандар арасындағы рухани байла­н­ысты арттыру, шетелдік әріптес­тер­мен тығыз шығармашылық қарым-қатынас орнату, қоғамға адамгершілік құндылық­тары­ның негізі – әдебиет пен мәдениет екенін жеткізу. «Жаһандық әлемдегі зама­науи Қазақстандық мәдениет» тақы­ры­­бындағы жоба осымен үшінші рет өткізіліп отыр. Отандық әдебиет пен мәдениетті әлемдік кеңістікке паш ететін осындай форум бұған дейін Сеул мен Лон­дон­да өткізілген болатын. Бұл шара­лардың барлығында да әдеби, мәдени ынтымақ­тас­тық саласындағы соңғы үрдістерді түсіну, өнер саласындағы мамандардың ұлттық идея шеңберіндегі күш-жігерін бірік­тіру үшін нысаналы жұмыстар атқа­рылды. «Рухани жаңғыру» бағдарла­масы шеңберінде «100 оқулық» жобасы бойынша бірталай кітап қазақ тіліне аударылды. Мұның бәрі елдің ортақ игілігі», – деді.


Форум жұмысына журналист Биргит Брауэр (Германия), Ұлыбританиядағы Hertfordshire Press басылымының дирек­то­ры, Open Central Asia Book Forum & Literature Festival ұйымдастырушысы Марад Ахмеджанов, Берлин мемлекеттік кітап­ха­на­­сы Шығыс Азия департаментінің ғылы­ми қызметкері Миерсулитан Айсыма (Гер­­­мания), грузиялық әдебиеттанушы Алек­­сандра Зенько сияқты мәдениет пен өнер­дің дәнекері болып жүрген кісілер де қатысты.
Марад Ахмеджанов «Он бес жыл бұрын Англияға табаным тигенде біздің Орталық Азия елдері туралы бір де бір кітап таба алмап едім. Қай кітапханаға барсам да мардымды бір дүние жоқ. Осы жайт қатты ойға қалдырды. Қынжылдым тіпті. Қандай тама­ша туындыларымыз бар, бірақ Англия тұр­ғындары одан мүлдем хабарсыз. Сосын баспамды ашып, кітаптарды ағылшын тіліне аудару ісін бастадым. Қазір біз 150 кітап шығардық. Осы ретте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың аты­на өзімнің ризашылығымды білдіргім келе­ді. Назарбаев есімі арқылы ұлыбри­та­ния­­лықтар Қазақстанға қатты қызыға бастады. Әлем кітапханасына кірмеген кітап кітап па?! Англия – «авторлық құқық» деген терминді дүниежүзінде ең алғаш енгізген ел. Шекспир де әлемге бірден танылған жоқ. Оның толық танылуына 400 жыл уақыт кетті. Қазақстан Президентінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – тек бір-екі жылға бағытталған дүние емес, ол ұзақмерзімді жоба. Осыған байланысты айтарым: адамдардың жеке байланысының орнын интернет те алмастыра алмайды. «Властелин колец» туындысын жазған жазушы кезінде тақыр кедей болды. Оны ешкім оқымады. Қалай кино түсірілді, кітаптың да, оның авторының да бағы жанып шыға келді. Кітап жақсы болса, ұрпақтан ұрпақтың қолына жетеді. Еуразия гилдьясында 800 мүше бар, 40 елде өкілдігі бар. Сәуле Досжанды Букер сыйлығына ұсындық. Алдағы уақытта бірлесе атқара­тын істер ауқымды», – деп бірталай жайттан хабардар етті.


Журналист Биргит Брауэр: «Германия – Қазақстанның тәуелсіздігін ең алғаш таны­ған елдердің бірі. 90-жылдары Қазақ­стан­нан өз Отанына оралған қандастарымыз көп. Олардың арасында жазушылар да бар. Біразының кітабы шықты. Біз Герольд Бельгермен тығыз байланыста болдық. ГДР-да кітап табу қиын болатын. Мен Мұхтар Әуезовтің кітабын оқыған едім. Кейін Абайдың туындылары неміс тіліне аударылды. Әбіш Кекілбаев пен Олжас Сүлейменовтің кітаптарымен жақсы та­ныс­­пыз. Ақыры екіжақты байланыстар тур­а­лы сөз қозғап жатырмыз ғой, осы ретте не­міс жазушыларын қазақ тіліне аудару ісін бас­тасақ, жақсы болар еді. Жап-жақсы кино, өнер туындылары бар. Бізге жақсы кітап жетіспейді», – десе, Александра Зень­ко: «Қазақстаннан Германияға қоныс ау­дар­ған неміс жазушыларын жақсы біле­мін. «Ты виноват, в том..» атты кітап жазған әйел жазушымен араласып тұрамын. Ол Бер­­линдегі әдеби секцияны басқарады. Лев Нагиев деген кезінде Иван Кожедубтың жүр­гізушісі болған жазушы көбіне Семей тақы­рыбын жазады. Бізге осындай аралас-құра­ластық керек-ақ», – деп өз ойын орта­ға салды.
Берлин мемлекеттік кітапханасы Шы­ғыс Азия департаментінің ғылыми қызмет­кері Айсыма Миерсулитан башқұрт қызы екен. Ол кітапханада 9 департамент бар еке­нін, Орта Азия және Қазақстан тарихы­на қатысты ескі қолжазбалардың көптігін айтты. Қазақтың әдебиеті мен мәдениеті кеңінен насихатталған жиынға осы елде тұратын қазақтар да қатысты.
Сапар барысында Берлин мемлекеттік кітапханасында Қазақстан мәдениеті мен әдебиетінің орталығы ашылды. «Мәдениет және өнер» фотокөрмесі өтті. Бұл жоба елі­міздің мәдениет және спорт министрлі­гі­­нің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағ­дар­­­ламасы аясында ұйымдастырылып отыр. Берлин кітапханасының негізі 1661 жылы қаланған. Мұнда Бетховен, Бах тәрізді әйгілі музыканттардың ноталары сақталған. Кітапхана қорында 11 миллионға жуық кітап бар. Кітапхана қызметкерлерінің айтуынша, жылына 130 мың кітап сатып алады екен. Енді олардың қатары 200-ге жуық қазақстандық шығармамен толықты. Олардың қатарында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік саяси аренадағы орны мен рөліне арналған кітаптар, сон­дай-ақ қазақ, орыс және ағылшын тілдерін­дегі қазақстандық авторлардың кітаптары бар. Барлығы 200-ден аса кітап тапсырыл­ды. Алман елі Абай Құнанбайұлы, Сәкен Сейфуллин, Әбіш Кекілбаев және Немат Келімбетовтың шығармаларымен таныса алады. Сонымен қатар кітапхана қорына еліміз­дің мәдениеті, салт-дәстүрі мен тари­хы туралы кітаптар тапсырылды.


Қазақстанның Ұлттық академиялық кітап­ханасы мен Берлин кітапханасы өзара ынты­мақтастық шеңберін кеңейтуді көз­дейді. Қос тарап меморандумға қол қойып, өзара тәжірибе алмасып, қазақстандық әде­биетті Алманияға кеңінен таныстыру бағытындағы шараларды бірлесе қолға алатын болды. Ұлттық академиялық кітап­xа­насының директоры Үмітxан Дәурен­бек­қызы Берлин мемлекеттік кітапханасының директорының иығына екі ел достығының символы ретінде қазақтың оюлы шапанын жапты. Бұл да жарасымды рәсім болды.
Форум аясында Сәуле Досжанованың «Өгей жүрек» кітабының неміс тіліндегі, Баянғали Әлімжанның «Доброжелательный Аскар» және «Сказ 100-летнего степняка» кітаптарының тұсаукесері өтті.
Азаттық үшін арпалысқан Мұстафа Шоқайдың қабіріне зиярат жасадық. Бер­лин­нің бір шетіндегі мазарат жанынан тү­рік бауырлар жақсылап тұрып жаңа мешіт салыпты. Бір сөзбен айтқанда, рухты сер­пілткен, рухани жаңартқан жақсы сапар болды.

Сәуле ДОСЖАН,
жазушы:

– 2013 жылы 8 тамызда Қазақстанда тұн­ғыш рет жүрек алмастыру операциясы жасал­ды. Ол операцияны жасаған – Юрий Пя. Бұл оқиға біздің Қазақстан медицина­сы­ның қаншалықты дәрежеге көтерілген жетістігін байқатады. Тәуелсіз ел болғалы ең үлкен жетістіктерімізді көрсетеді. Сондықтан бұл ақпарат ретінде қалып қоймасын деп көркем шығарма етіп соны жазуға тырыстым. Бұл еңбегім бағаланып, қазір ағылшын тілінде шығып жатыр. Орыс тілінде шықты, міне неміс тілінде жарық көрді. Келешекте кәріс тіліне аударылып, жарыққа шығады деп күтіп отырмын.

Ғаділбек ШАЛАХМЕТОВ,
жазушы, публицист:

– Қазақстан – пассионар ел. Біздің басты артықшылығымыз осында.
Біз – тақыр жерден аспанға ұмтылған серпілістің иесіміз. Бірінші кезекте Елбасымызға алғыс айтуымыз керек. Қазіргі қазақ жас­тары үш тілде еркін сөйлейді. Маман­дығым бойынша мен кибернетикпін. Тағдырдың қалауымен журналист болдым. Атом бомбасы Маңғыстау уранынан жасалып, Семейде сынақтан өткізілді. Қазақстанның бейбітсүйгіш саясаты әлем жұртшылығы­ның ықыласына бөленіп отыр. Әлемді қару емес, кітап қана қауқарлы етеді.

Талғат ТЕМЕНОВ,
театр және кино режиссері:

– Шерхан Мұртазаның «Театр көбейсе, түрме азаяды» деген аталы сөзі бар. Қазақ­станда 54 театр бар қазір. Белинскийдің «Тобыр­ды халыққа айналдыратын нәрсе – театр» деген де сөзі бар. Ел мен елдің ара­­сындағы сауда-саттық көп нәрсе бере­тін де шығар. Алайда мәдени қарым-қа­ты­нас­қа баға жетпейді. Сондықтан осындай форумдардың рухани жаңғыру ісіне қосар үлесі өте зор.

Александр ТАРАКОВ,
журналист:

– Қазақстан халқы ассамблеясының басты міндеті – мемлекеттік ұлттық саясат­ты іске асыру, Қазақстандағы қоғам­­дық-саяси тұрақтылықты қамта­масыз ету. 2007 жылғы мамыр айында Қазақстан халқы ассамблеясына конс­титуциялық мәртебе берілді, ол Мәжіліске тоғыз депутат сайлау құқығына ие болды. Осы арқылы ассам­бле­я­ның қоғамдық-саяси рөлі айтар­лықтай арт­ты. 2008 жылғы 20 қаңтарда Президент «Қазақстан халқы ассамблеясы» туралы әлемде баламасы жоқ заңға қол қойды. Ассам­блея еліміздің саяси жүйе­сінің толық­­қанды субъектісіне айналды. Оның қыз­метінің нормативтік-құқықтық негіз­де­рі айқы­н­далды. Бүгінде ассамблея этномәдени бірлестіктердің күш бірік­тіруін қам­тама­сыз етіп отыр. Соның ішін­де неміс этно­мәдени орталығы да достыққа дәнекер.

Көпен ӘМІРБЕК,
сатирик:
– «Көре-көре көсем боласың» дейді ғой халқымыз. Бұл сапардан өзіме үлкен ой түйіп оралдым. Түркістанда осы заманғы «Сатира сарайын» салу туралы ой келді. Осының өзі үлкен олжа емес пе?!.
Баянғали ӘЛІМЖАН,
жазушы, импровизатор, жыршы-термеші:
– Кезінде әкем бұл елге мылтықпен келсе, мен кітаппен келдім! Бір емес, үш бірдей жинағымның тұсауы кесілді. Бұдан артық қуаныш бола ма? «Добро­желатель­ный Аскар» деген кітабым балаларға арналған. «Сказ 100-летнего степняка» атты орыс тілінде жазылған туындым да неміс оқырмандарына таныстырылды. Елді көтеретін нәрсе – оның рухы. Біз осы сапардан рухтанып қайттық.

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*