Жамбыл бейнесі – сахнада

798
0
Бөлісу:

Жыр алыбы, даңқы шартарапқа жайылған Жамбыл Жабаев мұрасы ешқашан өлмек емес. Ақын туралы тарихта қалған татымды деректер, аңыз-әпсаналар жетерлік. Бір ақиқат бар – Жамбыл өз өлеңдері арқылы руханияттағы темірқазыққа айналды. Қазақтың атын мәшһүр ете түсті. Осы орайда «Алатау» дәстүрлі өнер театрында халық ауыз әдебиетінің алпауыты туралы «Жыр-жолбарыс» атты музыкалық спектакль қойылды.

Пьесаны жазып шыққан – танымал жас драматург Әннәс Бағдат. Сондай-ақ белгілі жа­зушы, Жамбылдың көзін көрген Шаштай ақсақалдың ұлы Жұма­бай Шаштайұлы спектакльдің басы-қасында болып, кеңесшілік қызмет атқарған. Әрине, мұндай құнды азаматтардың ой-пікірі, кеңесі спектакль сапасының арта түсуіне молынан септігін тигізсе керек. Спектаклдің қоюшы режиссері – Есләм Нұртазин болса, режиссер-хореограф Әсел Абақаева артистердің сахнадағы қимыл-әрекеттерінің үйлесімді­лігі үшін аянбай еңбек еткен.
Қойылымда Жамбыл өмірінің ХІХ ғасырдағы соңғы ширегі кеңінен қамтылыпты. Актерлер ақынның тұлға ретінде қалып­тасып, азаматтық бет-бейнесі то­лысқан сәтін шеберлікпен жеткізе білген. Бұл ретте қоюшы режиссер көптеген заманауи тәсілдерге де жүгініпті. Қойылымда қазақы би шетелдік би стилдерімен бірлесе отырып көрсетілген. Негізінен драматургия заңдылықтарын сақ­тай отыра, оған заманауи хо­рео­графия, дәстүрлі музыка және дра­малық сахна элементтерін ше­бер қолданған. Қоюшы режис­сер Есләм Нұртазиннің айтуын­ша, бүгінгі спектакль – ұзақ уақыт бой­ғы ізденістің жемісі. Мұнда көп­­теген өнер түрлері синтез­делген.
– Дайындық мамыр айынан басталды. Ақынның туған жеріне де талай бардық. Жұмабай Шаш­тай ағамыз кеңес беріп, жол көр­сетіп отырды. Сапарғали Бегалин ағамыздың кітабына да жүгіндік. Мейлінше сол заманның табиға­тын тануға, Жамбыл бабамыздың бейнесіне терең бойлауға тырыс­тық. Жүз жасаған әйгілі адамның бүкіл өмірін бір жарым сағаттық спектакльге сыйдыру мүмкін емес, әрине. Сондықтан ол кісінің эпик-жыршылық өнердің шы­ңы­на шыққан сәттерін ғана іріктеп алып, көрсеттік, – дейді режиссер.
Қойылымға барлығы 30-ға жуық актер, актриса қатысқан. Басты рөлдегі Жамбылды – Әсет Есжан сомдаса, жыршы образын­да Шаттық Уатқан ойнайды. Бұдан бөлек Жапаны – Нәсіпжан Бас­шы­бай, Ұлданды – Құралай Мыр­залинова, Бұрымды – Жан­ер­ке Дүйсенбиева ойнаған. Олар­дың барлығы дерлік – өз ісінің кә­сіби мамандары. Шығарма­шылық топ белгілі композитор Болатбек Нұрқасымовпен бірлесе отырып Жетісудің әндерін зерт­теп, саралап, табиғаты жақын му­зыкаларды қойылымға шен­дес­ті­руге тырысқан.
– Тілеулес Құрманғалиев ағамыз да музыкалық тұрғыдан көп көмек көрсетті. Пьеса авторы Әннас Бағдатпен бірге мамыр айынан бері осы дүниені жазып, кешегі күнге дейін әр тұсын өзгертіп жүрдік. Нақтылы репе­тиция қазан айынан бастау алған. Қазіргі көрерменнің талғамы бөлек. Әлемдік тенденциялар шығармашылыққа да үлкен өзгерістер алып келе жатыр. Біз де соған сай болуға әрекеттеніп, күллі әлемдегі жаңашыл дүние­лерді осында тоғыстыруға ты­рыстық, – дейді Есләм Нұртазин.
Өмірде болған тарихи тұлғаны бейнелеу, оның аузына сөз салу, сол сөз арқылы бүтін қойы­лым­ның тынысын көрерменге сездіру аса жауапты, жан толқытарлық, шерлі жұмыс. Мұны пьеса авторы да мойындайды.
– Жамбылдың жырын, сөз­дерін, замандастарының айтқан пікірлерін пайдаландық. Сөйтіп, ақынның жастық шағын паш етуге тырыстық. Спектакль жан­ры музыкалық драма болған­дықтан аса бір драмалық тартыс­тарға бармай, өзінің айтыстары, әндері негізінде үйлестіріп алып шықтық. Әрине, азамат ретінде қалыптасу жолдарын көрсететін драмалық эпизодтар да жасадық. Мұндай жанрға бұрын да бар­ғанмын. Негізі өзімнің бағытым – абстракциялық драма. Есләм екеуміз «Астана Мюзикл» теат­рында да екі қойылым қой­дық, кейін мемлекеттік неміс теат­рында да «Рух» деген спек­такліміз қойылды. Сондықтан «Алатау» театрының бұл тапсы­рысына тәжірибемен, дайын­дықпен келдім ғой деп ойлаймын, – дейді драматург Әннас Бағдат.
Спектакльді ұйымдастырған шығармашылық топ мүшелерінің барлығы дерлік жастары қырыққа жетпеген жастар екен. Осылайша, театр сахнасына жаңаша көз­қарас, жаңаша леп келгені де ай­қын бай­қалады. Мамандар қа­за­қы қа­лып­ты бұзбастан оған тың за­манауи тәсілдерді кіріктіре біл­ген. Елі­мізде театр көп. Бүгінгі қо­йылым драма театрға да, жастар теат­рына да, опера театрының шы­ғар­ма­шылығына да ұқсамай­ды. Бөлек. Дара. Барлық театр сах­­насында қойылатын өнер түр­ле­рінің өзара тоғысқан, бір-бі­рімен берік байланысқан бей­несі іспетті. Шығармашылық топ: ­«із­де­ністі әрі қарай жалғастыра ­тү­семіз. «Ала­тау» театрының ­еш­кім­ге ұқса­май­тын өзіндік қолтаң­­­басын қалып­тастырғымыз келеді» дейді.

Абай ҚАЗБЕКҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*