Зауыттың тағдыры – инженердің қолында

531
0
Бөлісу:

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасында IT технологияларды іс жүзінде пайдалану үлесін 2020 жылға дейін 5 пайызға жеткізуді тапсырған болатын. Оның ішінде, мұнай өндіру саласын цифрландыру арқылы жұмыс өнімділігін  керектігіне ерекше тоқталып өтті. ІТ технологияны пайдалану арқылы мұнайды өндіру, өңдеу, тасымалдау процесінде кен орындары туралы мәліметтерді орталықтандыруға мүмкіндік көп. Барлық деректердің жан-жақты автоматтандырылған жүйесін құруға, мұнайды онлайн режимде бақылау, талдау, жоспарлау, мониторинг жүргізуді қолға алған компания – «ҚазТрансОйл». Мұнай тасымалдау саласындағы көшбасшы ұлттық оператор соңғы жылдары елде өндірілетін мұнайдың 42 пайызын тасымалдайды. Мұнай өңдеу зауыттарына мұнай өнімдерін жеткізуді шамамен 99 пайызын қамтамасыз етуде. Мұнай өндіру саласындағы 80-нен астам кәсіпорын «ҚазТрансОйлдың» қызметтерін пайдаланады. Мұнай өндіру, тасымалдау саласындағы ІТ технологияларды өндірісте тиімді пайдаланудың артықшылықтары жайында инженер, Пайдалану департаментінің директоры Бағытжан Қонарбаевпен сұхбаттастық.

 

 

– Мұнай тасымалдау саласын автоматтандыру, жаңа технологияларды қолдану жұмыс өнімділігін арттырады. ІТ технологияларды өндірісте қолдану арқылы қандай нәтижеге қол жеткізе аламыз?

– Өндірісте жаңа технологияны игеру, оны кезең-кезеңімен іс жүзінде қолданысқа енгізу – күрделі әрі ұзақ процесс. Себебі, ғылыми технология үздіксіз даму үстінде. Күнде жаңа дүние ойлап табу – қазір әлемде жаңалық емес. Бірақ оны сынақтан өткізіп барып, тиімдісін тәжірибеге енгіземіз. Сәтті шыққан жобаларды қолданысқа енгізудің ұтымды тұсы көп. Қазақстан өз алдына тәуелсіз ел болып мұнай өндіруді бастаған кезде мұнай өндірісіне шетелдік инвесторлар көптеп тартылды. Инвесторлармен бірге тек қана қаржы емес, білікті мамандар бірге келді. Білікті мамандардың келуі жергілікті мамандардың шыңдалуына оң ықпал етті. Көпжылдық кәсіби біліктігін жаңа технологияны қолдануда сынап көрді. Соның нәтижесінде, кен орындарында жұмыс істейтін отандық кадрлардың үлесі артты. Мәселен, «Теңізшевройл» бастапқыда мұнай өндіру саласында шетелден өз мамандарын әкелді. Біздің жергілікті мамандар олардан көп тәжірибе үйренді. Шетелде тәжірибе алмасып, арнайы оқып келген соң, елдегі зауыттардың жұмыс істеу тиімділігі артты. Өндірісте бір сарынмен жұмыс істеу өнім көлемін азайтады. Сондықтан жаңа технологияны пайдалану мен жаңа мамандық иелері сұраныстың артуы – заман талабы.

– Елімізде мұнай саласының мамандарын дайындайтын оқу орны көп. Теорияның практикасыз пайдасы аз. Өндіріс орнына іс-тәжірибеден өтуге келген жас мамандарға қандай талап қойылады?

– Мұнай өндіру, тасымалдау – күн сайын қарқынды дамып келе жатқан сала. Үнемі жаңа дүниені жүйелі түрде оқып отырмаса, өндірісте жұмыс істей алмайды. Өйткені теорияны практикамен ұштастыруда тәжірибе жинау керек. Жас мамандар іс-тәжірибеден өтуге келгенде ең бірінші қауіпсіздікті қатаң ескеруі шарт. Себебі, кітаптан оқыған ілім-білім өндіріс басында құрал-жабдық, құрылғылар, аппараттармен іс жүзінде жұмыс істеудің айырмашылығы жер мен көктей. Жас мамандарды өндірісте іс-тәжірибеден сатылап өткіземіз. Қауіпсіздікті сақтау, тосыннан апат болған жағдайда тығырықтан шығу әдістерінің бүге-шігесіне тәжірибелі инженерлер үйретеді. Жастар теория жүзінде оқығанын өндірісте жұмыс істеп көргісі келеді. Оқу орнында бәрін «беске» білетін студент практикада абдырап қалуы – заңдылық. Сондықтан оларға кезең-кезеңімен қауіпсіздік қадалап отырып түсіндіреміз. Жастар көбінесе, автоматтандырылған жұмысы жүйеге қойылған бөлімдерде іс-тәжірибеден өтеді. Сынақтан өткен, қолданыста бар технологиядарды үйренуден бастап тәжірибе жинайды. Жас мамандарға, студенттерге қойылатын басты талап – өндіріс аумағында, зауытта, мұнай тасымалдау процесінде қауіпсіздік шарттарын қатаң сақтау.

– Шетелдік кадрлардың отандық өндірісті дамытуға қосқан үлесін айрықша айтып өттіңіз. Біз шетелдік инженерлерден нені үйрендік?

– Қазақстанда мұнай тасымалдау, өндіру бағыты бұрынғы ескі бағыттан жаңа технологияны тиімді пайдалану арқылы дамуға бет алды. Бізде бір маман бәрін білуі керек деген жалпылама талап болатын. Шетелде бір маман бір ғана салаға жауапты, жұмысы да бір салаға ғана бағытталған. Тек өзіне тиесілі жұмысты ғана жетік меңгереді. Шетелде жұмысшы саны аз. Жұмыстың көпшілігін автоматтандырылған техника атқарады. Жаңа технология жоғары нәтижелі еңбек өнімділігіне қол жеткізу жүйелі жолға қойылған. Қазақстан да сол тәжірибені қолданысқа енгізді. Мысалы, компания Қазақстанның 11 облысындағы мұнайдың жүк ағынын Астанадан тікелей басқару мүмкіндігіне қол жеткіздік. Бұл жүйе – бас диспетчерлік орталық деп аталады.  Бір орталық бүкіл Қазақстанға қан тамырдай тарамдалған жүйені бір нүктемен басқарып отыр. Бұл – бұрын-соңды болмаған жетістік. Біз шетелден үйреніп, жаңа технологияны меңгеріп, оны өзімізде бұрыннан орныққан, жұмыс істеп тұрған өндіріске икемдеп қолданысқа енгізу арқылы айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Соның нәтижесінде, жұмыс істеу тәсілі жеңілдеді. Үш-төрт адам атқаратын жұмысты қазір жалғыз адам істей алады. Бәрі автоматтандырылған. Тасымалдау көлемі артып, табыс көбейді.

 

– Қазақстанда инженер мамандарға сұраныс жоғары. Әсіресе, мұнай-газ саласының инженеріне қойылатын талап та көбейді. Бұған не дейсіз?

– Бүкіл өндірістің дамуы, үздіксіз жұмыс істеуі инженер мамандарға тәуелді. Сол себептен, инженерге қойылар талап күшті. Мамандығым – инженер-механик. 1968 жылы 13 ақпанда Атырау облысы Жылой ауданы Құлсарыда дүниеге келдім. Құлсарыда орта мектепті бітірген соң, Отан алдындағы әскери борышымды өтедім. Мәскеу қаласында мұнай-газ институтында білім алдым. Еңбек жолымды Құлсары мұнай құбырлары басқармасынан бастадым. Сондықтан инженер болудың жауапкершілігі жоғары. Жас мамандарға «мұнай құбырының тағдыры  – инженердің қолында» деп үнемі айтамын. Мәскеуден жаңадан оқу орнын бітіріп келгенде жұмысты мұнай құбырының жұмысын қадағалап отыратын бөлімнен бастадым. Жиырма жыл бұрын жас маман болып өндіріске жұмысқа келгенде тәжірибелі инженерлерден көп дүние үйрендім. Мұнай қай бағытқа, қанша мөлшерде, қандай температурада жөнелтілу керек екенін міз бақпай қадағалап отыратынмын. Өндіріс қателесуді кешірмейді. Мұнай тасылмалдайтын құбырларды жан-жақты қадағалап отырудың жауапкершілігі жоғары. Көпжылдық тәжірибенің арқасында мұнайды тиімді тасымалдауға бағытталған инженерлік шешімдер арқылы жетістікке жетіп жатырмыз. Тасымалдау көлемі ұлғайған кезде құбырларға түсетін ауыртпалықты азайтудың тиімді жолдарын қарастырудың түйінін тек қана инженерлер таба алды. Өндіріс көлемі ұлғайған сайын жаңа тәсілдерді өндіріске тиімді енгізудің әдістерін теория мен қатар практикада іске асыратын бірден-бір маман – инженер. Сондықтан болашақ инженерлер өндірістің қыр-сырын жетік меңгеруі керек. Тіпті, апатты жағдайларда шұғыл шешім қабылдау, апаттың алдын алу да инженердің біліктіліне тәуелді.

– Мұнай саласында жаңа технологияны меңгерген инженер мамандар жеткілікті ме? 

– Ғылым дамуына қарай өндірісте соған бейімделіп отырмаса болмайды. Біз жаңа технологияны қайта оқып, меңгеріп келеміз. 1994 жылғы дипломмен қазіргі өндірісте жұмыс істеу мүмкін емес. Бәсекеге қабілетті әрбір маман әрдайым жаңа нәрсені үйреніп отырғаны абзал. Біздің компанияда мамандардың біліктілігін жоғарылату жүйелі түрде жолға қойылған. Әр кезеңде кесте бойынша барлық кадр білімін жетілдіру курстарын арнайы оқиды. Бұрын-соңды қолданыста болмаған технология қолданысқа енгізілсе, құрал-жабдық іске қосылса, оған да мамандар қосымша жаңа курстарды оқиды. Курстардан өткен мамандар арнайы сынақ емтиханын тапсырған соң, практикада жұмыс істеу аймағына жіберіледі.

– Осыдан 20 жыл бұрынғы өндіріс пен қазіргіні салыстыруға келмейді. Қазіргі жас инженерлердің қандай артықшылығын жоғары бағалайсыз?

– 2010 жылдары Мәскеуге бұрын өзім оқыған оқу орнына бардым. Салыстырып қарасам, біз студент кездегі мен қазіргі білім беру әдістерінің айырмашылығы жер мен көктей. Салыстырмалы түрде айтар болсам, қазіргі жас инженерлерге қазақ, орыс тілімен қатар ағылшын тілін жетік меңгеру – басты талап. Өйткені өндірісте күнделікті қолданады. Шет тілінде сөйлеу, жазу, техника тілін түсіну – қажеттілік. Жастар бірлесіп, ұйымдасып жұмыс істеуді жақсы меңгерген. Кез келген күрделі мәселені жаңа тәсілмен шешудің жолдарын ойластырудың жолын іздейді. Жаңа әдісті игеруге бейім. Оны практикаға ендіру арқылы тиімді жұмыс істеу әдістерінің оңтайлы шешімдерін көрсете алады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Майра ЖАНЫСБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*