ЕҢ ТАЗА АДАМ – БАЛА

842
0
Бөлісу:

Жоғары санатты балалар хирургі, профессор, медицина саласында елеулі еңбек еткен Қапан Тұрсынов ағамен сұхбаттасу үшін Алматыдағы Манас пен Бұқар жырау көшелерінің қиылысында орналасқан Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығына келдім. Есік аузынан күтіп тұрған Қапан аға жылы қарсы алып, жарқырай әңгімелесе кетті. Кабинетке кірген соң: «Мен шәй қояйын, әйтпесе дұрыстап жазбай жүрерсің», – деп әзілдеп те алды. Аз-кем жағдай сұрасудан соң сұхбатымыз басталды.

– Қазіргі атағыңызды шығарып отыр­ған медицина саласына әу баста қалай келдіңіз?
– Алматыға алғаш аяқ басқанда дәрі­гер боламын деген ой болған жоқ. Сыныптасым екеуміз келгенбіз. Ол жігіт дәрігерлікке тапсырды. Ал мен ауылда жүргенде инженерлерге қатты қызы­ға­тын­мын. Олар машинамен жүреді. Машинамен жүру деген – кәдімгідей бедел. Жұрттың бәрі соларды көрсе, өре түрегеледі. «Ойпырмай, мыналар машинаның құдайы екен» деп, ауылдан инженер болайын деп аттанғанмын. Досымның құжаттарын тапсырып болған соң, екеулеп ауылшаруашылық институтын іздедік. Қаланы білмейміз. Әркімнен сұрап жүрміз. Біреу былай сілтейді, біреу басқа жол көрсетеді. Ақыры таппадық. Содан дос жігіт: «Әй, осы медициналық институтқа бірге тапсыра салсақ қайтеді» дейді. Ол өзі жатақхана алып алған. Досым­ның ақылына құлақ асып, балалар емдеу факультетіне құжат тапсырдым. Бірақ досым түсіп кетті де, мен түсе алмай қал­дым. 7 тамыз күні еді. Қырсық шалған­да химиядағы есепті шығара алма­дым. Әшейінде шемішкеше шағып жүрген тапсырма. «Мынаның берілгені қате-ау деймін» десем, мұғалімім «сен бізге ақыл үйрететін кім едің?» деп айғайға басып, қуып шыққандай болды. Ары кетсе үш қояр деп ойлаған едім, сөйтсем маған екі қойыпты. Әлгі жерде жылап жібердім. Содан ойланбастан шабаданымды алдым да, елге тайып тұрдым. Сол кез есіме түссе әлі күнге жыла­­ғым келеді. Содан елге барып аянбай ауыл тіршілігіне араластым. Күзде қой ұрықтандырдым, одан кейін тракторшының көмекшісі болып жұмыс істедім. Жаңа жылдан кейін физика, химияға әбден дайындалдым. Бұл еңбе­гім еш кетпеген екен. Келесі жылғы емтиханға сақадай сай келіп, оқуға оңай түстім. Физика мен химиядан да бес алдым. Енді тек орыс тілі қалған. Дик­тант­­тан қып-қызыл екі алдым. Ертеңіне ауызша емтихан болады екен. Комис­сияда бір орыс пен бір қазақ отыр. Екеуі мені онша қинамай үш қойып жібере салды. Маған бұл жетіп жатыр. Сабақ өте қиын болды. Көп бала шыдай алмай шығып кетті. Мен де олардан артық емеспін. Бірақ барынша тырысып, табандап отырып оқимын. Миыма қонбағандарын жаттап аламын, мағы­на­сын түсінбесем де. 3-курстан кейін ғана ес жиып, өз-өзіме келдім. Содан баяғы мені орыс тілінен қинамай, бағам­ды қойып жібере салған қазақ мұғалімді іздедім, рахметімді айтайыншы деп. Алайда ол уақытта оқу орындары мұғалім­дерін бір-біріне жіберіп, тәжіри­бе алмастырады екен. Сөйтіп, ақыры ол ұстазымды таба алмадым. Тірі болса, осы сұхбатымды оқып жатса, онда ол кісіге газет арқылы алғыс айту да жөнсіз бола қоймас деп ойлаймын.
– Басында инженер болғым келді деді­ңіз ғой. Мамандыққа деген махаб­ба­ты­ңыз қалай медицинаға тез ауып кетті?
– Алғаш келген 1966 жылы меди­цина институтының жатақханасын­да жаттым. Сонда ауылдан келген бала­лармен әңгімелесемін. Қарасам, бәрі медицинаны әдейі таңдап кел­гендер. Медицина туралы ауызда­рының суы құрып мақтап айтады. Ішінде мен секілді бірен-саран қаңғып жүріп тап болғандар да бар. Кейін түсе алмай ауылда жүргенде ойлана бастадым: мынау адамның жанын алып қалатын ғажайып мамандық екен деп. Екінші жылы келгенімде ауылшаруашы­лығы институтын біржола ұмытып, тіке­лей медицинаға келдім. Оның ішінде бала­лар дәрігерлігіне аңсарым ауды да тұрды. Шынымен құмарттым.
– Бала күніңізде дәрігер көріп пе едіңіз?
– Ауылда дәрігер атаулыны мүлде көрген емеспін. Айына, жылына бір рет келетін. Онда да екпе салуға. Үйдегілер тентектік танытсам «дәрігерге апарамыз» деп қорқытып қоятын. Тұқымымызда да дәрігер, емші болған жоқ. Әке-шешем ерте қайтыс болып кетті. Қарапайым шаруа кісілер еді. Менің ержеткенімді де, оқуға түскенімді де көре алмады. Мен де ол кісілердің шапа­ға­тын сезініп үлгермедім…
– Оқуды тәмамдағаннан кейін ақ халат­ты кәсіби маман ретіндегі жолыңыз қа­лай басталды?
– Жұмысқа тұру қиынға соққан жоқ. Келіншегім оқу бітіріп, Ұзынағаштағы Жамбыл ауылында жұмыс істей бастаған. Ол кездегі үкіметтің ережесі бойынша ерлі-зайыптылардың екеуі де жоға­ры білімді болса, онда олардың арасын бөлмей, бір өлкеге жұмысқа жібереді. Сол заңның аясында мен де Ұзынағаштан жұмыс таптым. Институтта балалар хирургиясынан Балғабек Байқа­дам­ұлы деген кісіден сабақ үйрен­дім. Ол кісі мені шабыттандырды. Оны рухани ұстазым деп есептеймін. 6-курсқа келген кезде 10 баланы іріктеп алып, белгілі бір мамандық, салаға бейімдей бастайды. Ол кезде кафедра меңгерушісі – акаде­мик Камал Ормантаев. Сол 10 баланың қатарына әрең іліктім. Ормантаев әлгі он балаға: «Институт беріп отырған жолдамамен барып жұмыс істеңдер. Сосын үш жылдан кейін маған қайта келіңдер. Ғылыммен айналысамын десеңдер, көмектесемін» деді. Осы сөзі есте. Екі жарым жыл істеген соң акаде­мик­тің алдына қайта келдім. Ғылыммен айналысқым келетінін айттым. Ол кісі ақылын айтты. Ол кезде кандидаттық оқу үшін ағылшын тілінен, мамандықтан және философиядан емтихан тапсырады. Соған дайындала бер деді. Елге, жерге бөлмейтін. Қара қылды қақ жарады. Айтқан уақытында дайындалып қайта келсем: «Бір орын беріп еді. Әттең, сені ала алмайын деп тұрмын» дейді. Себебін де жасырған жоқ. Оның орнына Мәскеуге барып оқуды ұсынып, көмектесетінін айтты. Содан ата-енемді шақыртып ақылдасып едім, атам «Бар, балалар аш қалмайды» деді. Бірақ жеме-жемге келгенде Мәскеуге аттануға жүре­гім дауаламай, балаларымды қимай жүріп қалдым. Үндемей жұмысымды іс­тей бердім. Бір күні академик К.Орман­таев мені іздеп тауып алып, ұрыс­ты. «Сен бармағанда басқа қазақ барып оқитын еді ғой» деп зекіді. Ұрысқаны дұрыс. Оның орнында мен болсам да ұрсатын едім. Тіпті мен одан да қаттырақ ұрса­тын едім. Содан тәуекел деп Мәс­кеу­ге кеттім. Өзімше олар «кешігіп келдің, оқытпаймыз» десе қайтып кете­мін ғой деп қоямын. Қырсық қыл­ғанда, ешкім бетімнен қақпады. Сыпайы­лап неге кешіккенімді сұрайды. Болды. Сөйтіп, оқу басталып кетті. Ол жақта Сұлтанбек Нұржекеұлы, Гауһар Мусин деген азаматтармен бірге білім алдым. Кейін екеуі де әйгілі дәрігер-ғалымдарға айналды. Ол жылдарым жеміссіз болған жоқ. Академияда оқып жүріп «қара жұмыс» та істедім. Аз уақыт өткен соң Анатолий Пугачев деген ағайы­мыздың қолдауымен, «бауыр қан тамыр­лары өткізгіштігінің бұзылуы, соны анықтау тәсілдері…» деген ұзын­сонар тақырыпты маған бекітіп берді. Ақыры не керек, екі жылдан соң Мәс­кеу­ден ғылым кандидаты болып орал­дым.
– Жазушы жазған шығармасынан, әнші айтқан әнінен ләззат алады ғой. Балалар дәрігері неден ләззат алады?
– Менің ләззатым – балалардың ауру­дан айығып, көз жасын сүртіп, үйіне қуанып қайтуы. Баланың қуаныштан тамған бір тамшы көз жасына мен ештеңені теңестіре алмас едім. Бала – біреудің бақыты, біреудің жалғызы, әрі-беріден соң, еліміздің келешегі. Солар­дың жанын алып қалу үшін жанта­ла­самыз. Әке-шешесіне аман-есен жетсе екен дейміз.
– Талай-талай тағдырлар өткен шығар көз алдыңыздан?
– Әртүрлі… қиын да жағдай, қуанған сәттер де болды. Мен саған бір суретті көрсетейін (аға мені компьютеріне қарай шақырды). Осыдан бірнеше жыл бұрын сегіз айлық бала келіп түсті. Мысыр астанасы Каирде әлгі балаға алты операция жасаған. Алтауы да сәт­сіз. Баланың тәнін әбден тілгілеген. Туабітті тоқ ішек дертіне шалдыққан екен. Өте ауыр. Әбден өлуге тақағанда барып «біздің қолымыздан ештеңе кел­мей­ді, елдеріңе барыңдар» деп жібере салып­ты. Осы балаға операция жаса­дым. Аман қалды. Қазір 15-16 жасқа келіп қалған шығар. Есімі – Мирас. Мен оны «Араб» деймін. Анда-санда маған келіп, сәлем беріп тұрады. Марқайып қаламын. Оның жанын Алла аман алып қалды. Мен тек себепкер болдым.
– Дәрігер операция барысында өз-өзін бір шекарада ұстап, жүйкесін берік етіп, төзім­ді, сабырлы болуға ұмтылады ғой. Осын­дай тәртіп адамды қатал етіп жібер­мей ме?
– Менің түсінігімде, балалар хирургі – үлкендердің дәрігер-хирургтеріне қарағанда мүлде басқа адам. Біздің таби­ға­тымыз балаға жақын. Мінез-құл­қы­мыз да сондай. Ең таза адам – бала. Мен қумын, сен де қусың. Алды-арты­мызды ойлап тұрамыз. Ал баланың жаны, санасы кіршіксіз. Өмір бойы солармен жұмыс істеген соң ба, жалпы балалар хирургтерінің көңілі жұмсақ, адал, сен­гіш болады. Сен айтқандай, опе­ра­ция жасауымыз, денені кескі­ле­уі­міз, аяушы­лықты ұмытуымыз – баланың жа­нын сақтап қалу үшін . Ондай қатал болмасақ, адам жанына араша бола алмаймыз. Түрлі жағдай болады. Бәріне дайын, берік, ұстамды бола білу керек. Дәрігерге босбелбеулік жараспайды.
– Ізіңізден ерген шәкірттеріңіз бар ма?
– Әсел Сағымбаева деген шәкіртім бар. 40 шақты мақала жазды. Біразын үйреттім. Ондай сауатты шәкірт аз. Сосын тағы біреуі бар. Біраз жыл бұрын институтқа барсам, бастықтар бір баланы оқудан шығарамыз деп жатыр екен. Жатақханада төбелеске қатысқан ба, сондай. Байқап тұрсам, әлгі бала әке-шешесінен ертелеу айырылған екен. Үндемей кетіп қалдым да, 4-курстың бір баласынан әлгі жігіт туралы сұрастырып, шақырттым. Келді. Өзінен бәрін сұрадым. Ол туралы бүкіл ақпаратты біліп алдым да, деканға барып «әлгі жігіт менің туысқаным, оқуға қайтадан алайық» дедім. Декан келісті. Кейін осы балалар ауруханасына жұмыс­қа орналас­тыр­дым. Мұнда да қарайлап, көмектесіп жүрдім. Бір күні жұмыстан шығып кетті. Қайтадан тауып алып, басқа жерге жұмыс­қа кіргіздім. Кейін балалар хирур­гия­сына оқуға түсуіне себепкер бола алдым. Оқу бітірген соң жолдамамен Петропав­лға кетті. Қазір бір ауданның бас дәрігері екен. Былай қарасақ, ешкімім де емес. Адал шәкірт бола білді. Мен де мейлінше адалдық таныттым деп ойлаймын. Соларға қарап қуанамын.
– Еліміздегі балалар хирургиясының қазіргі деңгейі қандай?
– Кеңес Одағы кезінде отандық балалар хирургиясы одақтың ең алдыңғы қатарында болды. Қазір де жаман емес. Астана, Алматы қалаларында жақсы ілгерілеу бар. Елден қалдық деп айта алмаймын. Түрлі жаңа технологиялар келіп жатыр. Жастардың да қарасы көп. Дегенмен облыс, аудан орталығынан шалғай жерлердегі жағдай сын көтер­мей­тіні рас. Маман, техника жетіспейді

– Осы күнге дейінгі еңбегіңізді бір сараласаңыз, ойыңызға не оралады?
– 200-ден астам ғылыми мақала жазыппын. Оның тоғызын 1986-1987 жылдары француз тілінде жазып шықтым. Мәскеуден келгеннен кейін жұмыстың реті болмай біраз жүріп қалдым, жасыратыны жоқ. Соны пайда­ланып шетелге кетіп қалып, фран­цуз тілін үйренгенмін. Соның пайдасы тиді. Балаларға арнап үш кітап шығар­дым. Ол кітаптар барлық медициналық оқу орында­ры­на таратылған.
P.S.
Сұхбатымыздың соңына қарай Қапан аға өзін мақтап-мадақтап кетпеуімді қайта-қайта ескертті. Содан соң менің назарымды қабырғада ілулі тұрған мақтау қағаздарына қарай бұрды. Оларға мән беріп көз салмасам да, медицинадағы қызметі үшін берілген грамоталар деп ойлай салғанмын. Сөйтсем, шахмат турнирлерінде үздік атанып, марапатталыпты.
– Жұмысқа байланысты алған қағаздарды мен қабырғаға ілмеймін. Олар бір жерде жатыр, әйтеуір. Бос уақытымда шахмат ойнаймын. Шахматтан коллекция жинаймын. 60-тан астам шахматым бар. Спорттың осы түріне қатысты 30-ға жуық кітабым бар. Бұған қарап мені гроссмейстер деп қалма. Мен бар болғаны әуесқой шахматшымын. Мұның денсаулыққа да, миға да, жұмысқа да тигізер пайдасы орасан. Сосын футбол қараймын. 2012 жылғы Еуропа чемпионатында Испанияның чемпион атанатынын, финалға дейін қалай жететінін дәл болжағанмын, – дейді ағамыз күліп. Әңгімеміз де, әзіліміз де жарасып, өзара диалогты көтеріңкі нотада аяқтадық.

Сұхбаттасқан
Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*