ТЕҢГЕ – ТӘУЕЛСІЗДІК ТӨЛТУМАСЫ

Міне, Алла жазса, Тәуелсіздігіміздің 27 жылын да еңсереміз. Тәубе дейміз, қағанағымыз қарқ, сағанағымыз сарқ болмасақ та, экономикалық реформа өз жүрісінен жаңылған жоқ. Тарих доңғалағы әр кез өз айналысынан жаңылмайды. Біз өткенге қарап, бүгінді саралап, болашақты болжаймыз. Кезінде төл валютамыз айналымға енгенде бөркімізді аспанға атып қуандық. Бұл біздің экономикалық тәуелсіздігіміздің алғашқы қарлығашы еді. Біз сол кездегі парламенттік «Халық кеңесі» газетінде баспасөз тарланбозы Сарбас Ақтаевтың басшылығымен көптеген ұлттық проблеманы көтеріп, тәуелсіздігімізді баянды ететін өзекті үдерістерге бастамашы болдық. Олар – ұлттық рәміздер, астанамыздың Сарыарқаға көшірілуі және төл валютамыз еді…
Өткен тарихқа бажайлай үңілсек, Қазақстанда тәуелсіздік жарияланғаннан кейін кеңестік кезеңде құрылған экономикалық әлеуетті сақтап қалуға тырысыппыз. Дағдарысқа қарсы бағдарлама қабылданыпты. Оның материалдық және қаржылық базасы болды. Себебі, республика шетелге сатып-өткізетін экспорттық тауарларға, шикізат өнімдеріне, атап айтқанда, мұнайға, металл мен астыққа ие еді. Энергия тасымалдаушылар мен ауыр өнеркәсіп өнімі әлемдік рынокта сұранысқа ие болды да, біз бұрынғы социалистік елдермен ежелгі сауда-саттық байланыстарының орнына өз тауарларымызды сатып-өткізудің жаңа арналарын таба алар едік. Мұның орнына ең үздік кәсіпшіліктер мен өндірістер шетелдіктерге сатылып кетті.
Сол кезде Үкіметімізде мемлекеттік мүддені құзыретті түрде қорғай алмайтын адамдар отырды. Біз сол кездің өзінде өз өнімімізді шет елдерге сата алатынбыз. Мұның орнына бірнеше буын қазақстандықтардың еңбегімен жасалған материалдық құндылықтар талан-таражға салынды. Кәсіпорындардың активтері сутегінге сатылды, еліміздің экономикасы күйрей бастады, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті тоқырау жайлады. Халық шаруашылығының тұтас бір салалары шетелдік компаниялардың қолдарына тапсырылды.
Соның салдарынан мемлекеттің қаржылық жүйесі күйрейтіндей қауіп төнді. Сондықтан да рубль аумақтан шығу үшін алдын ала ұлттық валютамызды қолданысқа енгізетін шешім шығарылды. Теңгеге даярлық Жоғарғы кеңесте жүргізілді. Сол кезеңде Экономикалық реформалар комитетін экономика мәселелерін жақсы білетін ғалым Сауық Тәкежанов басқарды. Ол ұлттық валютаны енгізу жөніндегі жұмыс тобының төрағасы болды. Ұлттық банк теңгенің дизайнын әзірлеуге «Қазақстан дизайн орталығының» суретшілерін тартты. Президент әкімшілігінің Ерік Асанбаев бастаған жұмыс тобы ақша қағазында кімдерді бейнеленетінін шешті. Қазір қарап отырсақ, ұлы адамдарымыз бейнеленген банкноттарымыз көзімізге ыстық. Хайролла Ғабжәлелов салған алғашқы 1 теңгеліктің әл-Фараби бейнеленген дизайны сол кездегі халықаралық сарапшылардан жоғары баға алған еді…
1993 жылдың күзінде Қазақстан ТМД елдерінің ең соңында рубль аймағынан шықты. Ұлттық валютаны енгізу туралы Жоғарғы кеңес пен Үкіметтің бірлескен Қаулысы қабылданды. Президенттің Жарлығы шықты. Осылайша, 1993 жылдың 15 қарашасы біздің теңгенің туған күні деп саналды. Міне, төл теңгемізге биыл – 25 жыл!
Алайда өз валютамызға ие болып алып, бірден тәуелсіздік жаряланғаннан бері жинақталған барлық мәселені шеше алмадық. Бұл түсінікті де. Біз ғұмырымызды бастауға тырыстық, мемлекет тіршілігіндегі барлық үдерісті басқаруды үйренуге, экономика мәселелерін шешуге ұмтылдық. Парламент белгілі бір дәрежеде Үкіметті қателесуден тізгіндеп отырғандай болды. Содан соң әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ, Министрлер кабинеті жиі қателесе бастады. Кез келген елде үкімет нарықтық қатынастарды реттеуге міндетті. Атқарушы биліктің осындай бұрыс қадамы кәсіпорын басшыларының өздігінше әрекет ете бастауына әкеп соқтырды. Кеңшарлар таратылды. 1996 жылы жалпы ішкі өнім күрт қысқарды – 1993 жылмен салыстарғанда 25 пайызға дейін құлдырады.
Осындай келеңсіз кезең 1998 жылға дейін созылды. Осының салдарынан жағдайды түзету үшін аса зор күш-жігер керек болды. Бірақ та көптеген мұнай өндіруші компаниялар сол кездің өзінде басқа мемлекеттердің меншігіне беріліп қойған еді, бірқатар кәсіпорындар банкротқа ұшырады және де тікелей міндеттерін шешудің орнына баюмен айналысуды үйренген мемлекеттік шенеуніктердің тұтас бір қауымы қалыптасты.
Егер де қаржылық жүйеге, біздің валютаға келетін болсақ, оның бағамы тек тұрақтанды деуге болады. 1999 жылға шейін теңге бағамын жасанды түрде ұстап тұрдық. Бірақ басты проблема валюталық бағамда емес. 1996-98 жылдары барлық күш инфляциямен күреске жұмсалды. Үкімет теңге саясатын жүргізе отырып, ақша тапшылығын тудырды. Ал шаруашылықтың негізі өндіріс, ақшасыз оны көтеру мүмкін емес. Теңге саясаты өндіріске тым теріс әсерін тигізді. Өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын, өңдеу салаларын, ең алдымен тиісті ақша айналымымен қамтамасыз ету қажет еді. Кейін мемлекеттік бағдарламалар бойынша ауылға ондаған миллиард теңге жұмсалды. Бұрын осы ақшаның жасампаз қуатын босатуға қандай кедергі болып еді? Бүгінгідей ауылдық несие серіктестіктеріне ұқсас қаржыландыру тәсілдерін екі не бес жыл бұрын құруға кім рұқсат етпеді? Қысқаша айтқанда, уақытымызды босқа кетірдік. Бірақ қолымызда халық шаруашылығын жөнге келтіру үшін барлық құрал – алтын қоры, валютаның экспорттық түсімдері және ақша басатын станогымыз болып еді.
Өкінішке қарай, 2000 жылға дейін тек қана макроэкономикалық көрсеткіштермен ғана мақтана алдық, ал ол көбіне шаруа жүргізе білетіндігімізге емес, энергия тасымалдаушылар мен шикізаттың әлемдік бағаларына тәуелді. 2001 жылдан бастап оңтайлы экономикалық саясаттың арқасында жағдай біршама түзеліп, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы дұрыс жолға түсті. Дүниежүзілік қаржылық дағдарыстан да өте алдық. Ұлттық валюта мемлекеттің әлеуметтік саясатында, зейнетақымен қамтамасыз етуде, жұмыс орындарын ашуда, жастар саясатын жүргізуде аса маңызды рөл атқарды.
Қазіргі кезеңде Қазақстан дәйекті түрде көтеріліп келеді, бұл ішінара өнеркөсіп өндірісінің, жалпы өнімнің өсуімен расталуда. Жеңіл, тамақ өнеркәсібі, машина жасау өркендеп келеді. Кәсіпорындар қаз тұрып, қайта бейімделіп келеді. Әрине, жұмыссыздық бар, бірақ та белгілі бір мамандық бойынша жұмысшы кадрлардың жетіспеушілігі де орын алып отыр. Бұл экономиканың тіріліп, өркендей бастағанын білдіреді. Республиканың келешегі үшін Ұлттық даму қоры құрылды. Яғни, біз қазір нағыз тәуелсіз мемлекеттің дербес шаруашылық және қаржылық саясатын жүргізіп келеміз.
…Бүкіләлемдік дағдарысқа, мұнай бағасының төмендеуіне батыс елдерінің санкцияларына байланысты бүгінгі күні теңгеміз құбылып тұр, қазіргі бағамы 1 долларға шаққанда 376 теңге болды. 1993 жылғы бағам – 4,7 теңге. Осыған қарағанда теңгеміз биыл 75 есе құнсызданыпты. Сөйтіп, төл валютамыз еркін «жүзуге» жіберіліп шатқаяқтап қалды, мұны уақытша құбылыс деп сенейік. Сондықтан ортақ өгізден оңаша бұзау артық дегендей, өз валютамыздан айырылмайық.
Бақытжан ТОБАЯҚОВ,
Ұлттық Инженерлік академияның корреспондент мүшесі,
профессор