АДАМ КАПИТАЛЫНА АРНАЛДЫ

356
0
Бөлісу:

Еуразиялық интеграция институтының ұйымдастыруымен «Интеграциялық және жаңғырту процестері жағдайында адам капиталын дамыту» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Жиынға республикалық және өңірлік мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар, отандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Шараның мақсаты – жаһандық сын-қатерлер мен жаңғыру про­цестері жағдайындағы адам капи­талының қалыптасу мәселесіне арнал­ған зерттеу жұмыстары, ғылыми тә­жіри­белер мен әдістемелерді таныс­тыру, ғалымдар мен сарап­шылардың өзара пікір ал­масуына мүмкіндік беру. Шара бары­сында Еуразия кеңіс­тігіндегі мем­лекеттерде адам капи­та­лын зерттеудің заманауи әдістері аталып, пленарлық отырыс, панельдік сессия жұмыстары жүргізілді.
Конференцияны Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универ­ситетінің ректоры Ерлан Бәтташұлы бастап, оның шара маңыздылығын түсіндірген сөзін Қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орын­басары Бақытжан Нарымбетов және Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Орталық Азия өңіріндегі этникааралық және конфес­сия­аралық қарым-қатынастарын зерттеу орталығының басшысы Айгүл Кәкім­бекқызы жалғады.
Шетелдік сарапшылар қатарында AlmaU университетінің халықаралық даму және зерттеулер бойынша про­ректоры Каль Кристиан мен «20.35 ұлт­тық технологиялық бастамалар» уни­вер­ситетінің өкілі Олег Подольский та­­­бы­­­лып, цифрландыру аясында маман­дар дайындау, кәсіби біліктілігі жоғары кадр­ларды жаңа заман талап­тарына сай тәрбиелеу тәжірибесімен бөлісті.
Конференция барысында жасалған баяндамалар мемлекет басшысының адам капиталын дамытуға айрықша көңіл бөліп отырғанын атап, кәсіпкерлік пен азаматтық қоғамды алға ілге­рі­летудегі жастардың рөлі, рухани жаң­ғыру ұсы­натын мүмкіндіктер, XXI ғасыр азама­тынан табылуы тиіс дағдыларға тоқ­талды. Сондай-ақ шарада білім беру саласына инновациялық технология­лар­ды енгізу, азаматтық қоғамды да­мыту, технологиялық өзгерістер жағ­дайындағы жаңа еңбек саясаты мәселелері талқы­ланып, күн тәртібіне енді. Халықаралық конференция ғылыми және сарап­та­малық ортаның елді жаңғыртудың өзекті мәселелерін талқылау мен ақпарат ал­масу алаңы болды деуге толық негіз бар.

Кәусар АХМЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*