«НҰРЛЫ ЖОЛ»: БІРЫҢҒАЙ НАРЫҚ ҚАЛЫПТАСТЫ

441
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысының 2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол – болашаққа бас­тар жол» атты Жолдауынан кейін қабылдан­ған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту­дың 2015-2019 жылдарға арналған мем­­­ле­кеттік бағдарламасындағы жобаларға келер жылы нүкте қойылуы тиіс. Бұл бағдар­ла­маның орындалуы 4 жыл бұрынғы Жолдау жүктеген міндеттердің қалай жүзеге асқанын бағалауға мүмкіндік береді. Олай болса, хаб қағидаты негізінде елдегі макроөңірлерді ық­палдастыру арқылы бірыңғай экономикалық нарық қалыптастыруды көздеген бағдарлама қалай орындалып жатыр деген сауалға жауап іздеуді жөн көрдік. Бүгін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы жүзеге асырған жобалар туралы айтамыз.

Бағдарламаға дейін 

Бағдарламаны қабылдаған кезге дейінгі жағдайға тоқталсақ, еліміздегі теміржол төсемінің 60 проценттен астамы «бір қа­тар­лы» болуына байланысты телімдердің өткізу қабілеті төмен еді. Ал темір­жол­дар­дың 70 проценті электрлендірілмеген бо­латын.
Әрине, «Нұрлы жол» бағдарламасына дейін тәуелсіздік жылдарында жалпы ұзындығы 1182 шақырым «Ақсу – Деге­лең», «Хромтау – Алтынсарин», «Шар – Өскемен», «Өзен – Түрікменстанмен мем­лекеттік шекара» және «Жетіген – Қорғас» теміржол желілері салынғаны белгілі. Алайда қолданыстағы теміржол инфра­құрылымы жүктерді тиімді және оңтайлы тасымалдауды қамтамасыз ете алмады. Мысалы, Алматыдан Атырауға баратын жол бүкіл оңтүстік өңірлер арқылы өтіп, екі жарым тәуліктен астам уақытты алатын. Ал Астанадан Қызылордаға жету үшін басы артық 1000 шақырым жүру қажет еді.
Осыған байланысты пойыздардың жолда «тұрып қалуын» болдырмау үшін қосымша теміржолдар, шалғайдағы транзиттік тораптарды қамту үшін негізгі магистральдық темір жолдарға жекелеген тармақтар салу қажет болды. Ал көліктік инфрақұрылымды дамыту бизнес пен кәсіпорындардың көліктік қызметтерге шығындарын төмендетуге, өнім экспорты үшін мүмкіндіктерді арттыруға, өндіру­шілер мен тұтынушылар арасындағы эко­но­микалық қашықтықты қысқартуға мүмкіндік береді деген болжам жасалды. Сөйтіп, «Нұрлы жол» бағдарламасында теміржол секторын және логистиканы дамытудың жоспары ойып тұрып орын алды. Бағдарламаға сәйкес, теміржол секторын және көлік логистикасын дамыту үшін 2016 жылы «Жезқазған – Бейнеу» теміржол желісінің құрылысын аяқтау, «Боржақты – Ерсай» теміржол желісінің, Құрық портындағы паром өткелінің құрылысы және «Шу – Алматы-1» учас­кесін электрлендіре отырып, жалпақ рельсті екінші жолдарды салу көзделді.

Еуразияға ашылған терезе
«Қазақстан темір жолы» ұлттық ком­паниясы PR департаментінің директоры Руслан Иманқұловтың айтуынша, ком­пания «Нұрлы жол» мемлекеттік бағ­дарламасы шеңберіндегі жобалардың барлығын толық әрі уақытында орындады.
– Бағдарламада белгіленген Құрық портының алғашқы қосу кешені құрылысы 2015 жылдың сәуірінде басталған болатын. Содан бері жолаушыларды өткізу пунктін, сонымен қатар радиациялық тексеру жүйесі бар автомобильдерді тексеру және өткізу пунктін тұрғызу жұмыстары орын­далды. 2016 жылдың желтоқсанында Мем­лекет басшысының қатысуымен өткен Жалпыұлттық телекөпір арқылы порттың теміржол құрылымының жұмысы бастал­ды. Телекөпір барысында Мемлекет бас­шысы «Құрық – біздің Кавказ бен Еуропаға шығар жолымыз. Бұл біздің ұзақ күткен, жаңғыруға арналған өте керек жобамыз» деп атап өткенін білесіздер, – деді Руслан Иманқұлов.
Ал 2017 жылы 6 желтоқсанда Мемлекет басшысының қатысуымен өткен кезекті жалпыхалықтық телекөпірде тестілік ре­жимде Құрық портында кеме кіретін гидро­тех­никалық құрылымымен автокөлік пирсі іске қосылды. Осыйлайша, автокөлік па­ро­мы мен Құрық порты Құрық – Баку – Грузия – Түркия – Босфор арқылы Еуропа бағытын ашуға дайын болды. Сөйтіп, Қазақстан құрлықтағы ел бола тұра, Парсы шығанағын қосқанда барлық теңізге шығатын елге айналды.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ дерегіне сүйенсек, 2017 жылдың 19 қазанында Құрық портының теміржол паромы терминалында іс басталғаннан бергі алғашқы миллион тонна жүк тиелді. Былтыр барлығы 1,5 млн тонна жүк тиеліп, 20 кеме мүйіске тоқтады. Өткен жылдың соңында Құрық портынан «Әзірбайжан Каспий теңізі параходы» ЖАҚ-тың Ro-Ro түріндегі «Бястякар Гара Гараев» кемесімен алғаш рет жеңіл және жүк көліктері жіберілді. Кеме бортына 27 жүк, 1 жеңіл автокөлік және 30 жолаушы қабылданды. Теміржол паромы астық, мұ­най өнімдері, тыңайтқыштар, химикаттар сынды жүк түрлерін тиеуге арналған. Облыс орталығы Ақтаудан 70 шақырым қашықтықта орналасқан порт жылына 6 млн тоннадан аса жүк тиеуге қабілетті. Бастысы, Құрық порты Қазақстан мен Еуразия құрлығындағы сауда ағынында отандық логистиканың дамуына, еліміздің халықаралық көлік дәлізі ретіндегі әлеуеті мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететін тиімді жобаға айналып келеді.

Жаңғырған Жібек жолы
– «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) да «Нұрлы жол» бағдарламасының негізгі жобала­ры­нан саналады. Бұл жоба еліміздің тра­н­зиттік әлеуетін жүзеге асыру мен сауда-экс­порт жұмысын дамытуда тиімді ин­дус­­­триалдық және көлік-логистика ор­та­­лы­ғын құруға бағытталған. Қазіргі таң­да жоба инвесторларды тартудың бел­сенді фазасына өтті, – дейді Руслан Юрьевич.
Оның айтуынша, Қытайдан Оңтүстік-шығыс Азия, ТМД елдеріне, Еуропаға, Парсы шығанағы елдеріне баратын бағыттардың қиылысында орналасқан «Қорғас» АЭА Қазақстанның әлемдік көлік және сауда жүйесімен интеграциялануын қамтамасыз етеді.
Жетіген – Қорғас және Жезқазған – Бейнеу теміржол желілерімен, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автокөлік дәлізімен, Ақтау портымен технологиялық байла­нысқан «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА Жаңа Жібек жолындағы жүк ағынының маңызды орталығы саналып отыр. «Бір терезе» принципі бойынша кешенді көлік-логистикалық қызметті қамтамасыз ету үшін АЭА аумағында KTZE – Khorgos Gateway Құрғақ порты терминалы жұмыс істейді. Бұл жерде жүктерді тиеу, рәсімдеу және Қазақстан мен Қытай арасында теміржол қатынасындағы жүктерді өңдеу жүргізіледі.
Бүгінгі таңда Қытайдың 17 провин­ция­сымен, Вьетнаммен және Оңтүстік Кореямен ынтымақтастықтың арқасында 200 мың контейнер тасымалданады. Бүгінгі таңда инвесторлар АЭА аумағында сомасы 1,7 млрд доллардың жобаларын жүзеге асырып отыр.

Екінші тынысымызды ашқан жол
Ұлттық компания дерегіне сүйенсек, «Алматы – Шу» теміржол телімінің екінші жолағы пайдалануға берілгеннен кейін локомотивтер өнімділігі жақсарып, контейнерлік пойыздардың транзиттік қозғалысының жылдамдығы 10 пайызға өс­кен. Бұдан басқа, 2016 жылы Боржақ­ты – Ерсай теміржол желісі пайдалануға беріліп, ұзындығы 15,8 км болатын темір­жол желісі Құрық портын теміржол магис­тралімен жалғастырды. Бұл жол Маңғы­ш­лақ – Өзен желісімен тұйықталды.
Ал 2015 жылы пайдалануға берілген Арқалық – Шұбаркөл теміржолының желісімен қа­тар, тұрғын үйлер мен өзге тиісті нысандар құрылысы жүзеге асты. Сол сияқты 2015 жылы пайдалануға берілген Жезқазған – Бейнеу теміржол желісі Қарағанды, Ақ­төбе, Қызылорда мен Маңғыстау облыс­тары арқылы өтеді.
«Өздеріңізге мәлім, әуе көлігі түрі ішкі және сыртқы қатынастарда ерекше маңыз­ға ие. Бұл тұрғыдан алғанда 2017 жылдың 31 мамырында Мемлекет басшысының қатысуымен ашылған Астана халықаралық әуежайындағы заманауи терминалдың ашылуы орынды болды. Өйткені, 2022 жылы Қазақстан арқылы ұшатын жолау­шылар саны 2011 жылдың деңгейіне қара­ғанда 1,5 есеге артады деп көзделген. Ал Т1 терминалының жалпы өткізу мүмкіндігі жылына 5,2 миллион жолаушы екендігін қаперге сала кеткен орынды» дейді Руслан Иманқұлов.
Сонымен «Қазақстан теміржолы» ұлт­тық компаниясы тарапынан 7 инфра­құрылымдық жоба, соның ішінде 5 мың уақытша және тұрақты жұмыс орындары құрылған «Нұрлы жол» мембағдарламасы жүзеге асырылды. Бұл ретте компания корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік саясатын да сәтімен жүзеге асырып келеді. 2018-2020 жылдарға арналған ұжымдық келісімшарт бойынша әлеуметтік қолдау шаралары артады. Әлеуметтік жеңілдіктер бюджеті 2019 жылы 9 млрд теңгеге жетеді деп жоспарланған.
– Жол салу жұмыстары толық аяқ­талып, уақытында орындалды десек те, жұмыс мұнымен бітпейді. Жоғарыда атап өткенімдей, әлі де алда атқаратын шаруа шаш етектен. Компанияның орта мерзім­дегі жоспарының бірі – теміржолдарды күрделі жөндеуден өткізуді 1000 шақы­рым­ға дейін жеткізу. Толықтай алғанда қосалқы жолақтарды салу, қолдан жасалған құрыл­ғыларды жөндеу, тарту қосалқы станса­ларын жөндеу, механикаландыру мен ци­фрландыру сынды жұмыстарды қосқанда инфрақұрылымдарды жаңғырту­дың 10 жылға арналған кешенді бағдарламасы әзірленіп жатыр, – дейді PR департамен­тінің директоры.
Осы тұста пойызбен қатынауды қалай­тын жолаушылар үшін жағымды жаңа­лықтың шетін шығарсақ, алдағы уақытта теміржол вокзалдарды жөндеу жалғасады. Мәселен, 2018-2019 жылдары Қарағанды, Шымкент, Алматы-1 және Алматы-2 вокзал­дары жаңғыртылып, жолаушыларға ыңғайлы етіп жасалады. Ал 2018-2022 жылдарға арналған «Цифрлы теміржол» стратегиясын жүзеге асыру барысында ұлттық компания ұжымын негізгі 21 жо­баны жүзеге асыру міндеті күтіп тұр.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*