Жұмыспен қамтудағы жөнсіздік жойылады

365
0
Бөлісу:

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалық­ованың төрағалығымен Президент жанын­дағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Жиында халықты жұмыспен қамту саласындағы заңдылықты сақтауға, сондай-ақ «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдар­ламасын жүзеге асыруға бөлінген қаражатты пайдалану тиімділігіне қатысты қабылданып жатқан шаралар талқыланды.

Жиынды ашқан Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев­тың биылғы 7 қарашада өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында сыбайлас жемқор­лықпен белсенді күрес жалғаса беретінін, халық қаражаттың қайда және қандай мақсатқа жұмсалғанын білуге тиістігін атап айтқанын еске салды.
Халықты жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі – мемлекеттің әлеуметтік саяса­тының негізі. Жұмыспен қамту ісіне қолдау көрсету мақсатында қабылданған кешенді бағдарламалар еңбек нарығында тұрақ­тылықты сақтауға және дағдарыс кезең­де­рінің келеңсіз салдарын жұмсартуға септігін тигізді.
Бағдарламаларды қаржыландыруға айтарлықтай мемлекет қаражаты бөлінуде. Сонымен бірге, коррупциямен күресуші қызмет 2016 жылдан бері бұл салада 194 қылмысты тіркеді. 32 адам сотталды. Заң бұзу жайттары негізінен тек қағаз жүзіндегі жалған жұмысқа тұрғызу фактілерімен, бюджет қаражатын және берілген шағын несиелердің мақсатты жеріне жұмсалмауы­мен байланысты болып отыр.
Г.Әбдіқалықова сыбайлас жемқорлық қатерлерін азайтатын тиімді тетіктерді енгізу қажеттігін айтты. Отырыста Бас прокуратура, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Инвестициялар және даму, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері басшыларының баянда­малары тыңдалды.
Сондай-ақ, құқық қорғау және бақылау органдарының өкілдері комиссия мүше­леріне қаржыландыру көлемі 3 триллион теңгеден асқан «Нұрлы жол» инфра­құрылымдық даму мемлекеттік бағдарла­масын іске асыруға байланысты көптеген заңбұзушылықтар анықталғаны жөнінде мәлімдеді. Бағдарлама жүзеге асырыла бастағалы сотқа дейінгі 120 тергеу амалы жүргізілген. 48 адам сотталған. Мемлекеттік аудит органдары жалпы құны 48 миллиард теңге болатын заң бұзушылықтарды анықтаған.
Мемлекеттік хатшы сыбайлас жемқорлықты азайту үшін жергілікті жерлерде әрбір инвестициялық жобаның жүзеге асырылуын қамтамасыз етіп, электрондық ресурстар мүмкіндіктерін кеңінен қолдану маңызды екенін атап өтті.
Талқылау қорытындысы бойынша комиссия уәкілетті мемлекеттік органдарға анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма берді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*