Ғалымдар да сынақ тапсырады

506
0
Бөлісу:

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Жамбыл облысындағы жұмыс сапарын Елбасы Жолдауында көрсетілген тапсыр­маларға байланысты облыс орталығында жаңадан ашылған кәсіпкерлік нысанның бірі «Көкжиек – 2030» ЖШС-ның жұмысымен танысудан бастады.

Сүт өнімдерін шығарумен айналысатын кәсіпорын 2007 жылы құрылған. Кәсіпорын ағымдағы жылы қайта кеңейтіліп құрылып, модернизацияланды. Италияның FRAU IMPLANTI компания­сының жаңа үлгідегі автоматтандырылған желідегі құрал-жаб­дық­тарымен жарақ­талған. Жоба құны – 1,6 млрд теңге. Кәсіпорын жетекшісі Әбдіғали Бегімбетов мекеменің тәулігіне 80 тонна сүт өңдеуге қауқарлы екенін айтады. Сондай-ақ, Бақытжан Әбдірұлы бұдан соң құрылысы жүріп жатқан жаңа №15 мөлтек ауданға ат басын бұрды. Бүгінгі таңда онда 80 пәтерлі 10 көпқабатты тұрғын үй бой көтеруде. Олар «Нұрлы жер» және «7 – 20 – 25» мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде салынып жатыр. Жаңа мөлтек ау­дандағы құрылыс жоспары мен мем­лекеттік бағдарламалар аясындағы атқарылып жатқан шаралар туралы
Б.Сағынтаевқа облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев баяндап берді. Оның айтуынша, Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасының» бірінші бағыты «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүм­кіндіктерін беру» аясында бірқатар жобалар іске асырылып келеді. Тараз қаласындағы қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген 462 га жер телімінде жаңа екі мөлтек ауданнның құрылысы жүріп жатыр. Аталған аудандарда «7 – 20 – 25» бағдарламасы аясында ұсынылатын 480 көпқабатты және 969 жеке тұрғын үй құрылыстары басталып, биыл 10 көппәтерлі үй (800 пәтер), 2019 жылы – 25 үй (1 380 пәтер) пайдалануға тап­сырылады. Жалпы, Тараз қала­сында 686 пәтер бағдарлама аясында аза­маттарға ұсыну үшін дайын.
«7 – 20 – 25» кредиттеу бағдарламасы ая­сында әкімдік пен Ұлттық банк филиалы, бағдарламаға қатысушы банктер арасында бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілген. «Қазақстанныңтұрғынүйқұрылысжинақ­банкі» АҚ филиалында бүгінде 44 648 салымшыдан 10 млрд теңге жиналды. Ипоте­калық несиенің алғашқы жарнасы­ның 30 пайыздан 20 пайызға төмендеуіне байланысты пәтер алуға мүмкіндігі бар азаматтардың саны 3 есеге артты.
Премьер-министрдің барған келесі ны­саны, Елбасы Жолдауында көрсетілген тапсырмаларға байланысты жаңадан ашыл­­­ған, жылына 2100 тонна өнім өн­діретін «Сәуле» кондитерлік фабрикасы. Онда фабрика басшысы Сәуле Жанабекова зауыттың жұмысы, тыныс-тіршілігі туралы жан-жақты мәліметпен бөлісті. Жобаның жалпы сомасы 1,2 млрд теңгені құраған. Облыс орталығында орналасқан кәсіпорын жылына 2160 тонна өнім өндіруге қауқарлы.
Осы күні Премьер-министрдің қаты­суы­мен Тараз қаласында дарынды бала­ларға арналған ІТ лицей-интернаты ашыл­ды. Бұл білім ошағы Елбасының тікелей тапсырмасымен қабылданған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде іске қосылды. Лицей барлық заманауи құрыл­ғылармен, озық технологиялармен қам­тылған. Тараз қаласында жаңадан бой көтеретін 14-шағынауданында орналасқан лицей әзірге 120 орынға арналғанымен, 2019-2020 жылдары құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 300 орынға кеңейтіледі. Білім ошағы оқушыларға IT технологиялар аясында қазақ, орыс және ағылшын тілінде білім бермек.
Бақытжан Сағынтаев Тараз қалалық жұмыспен қамту орталығының жұмысымен де бағыттарымен танысты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков өңірдегі жұмыспен қамту шараларының жүзеге асуы, өзін-өзі жұмыспен қамты­ғандар туралы және шағын несие беру мен осы орайдағы кездесіп отырған түйткілді мәселелерді баяндап өтті. Облысқа жұмыс сапары барысында Б.Әбдірұлы қайта жаңғыртылған Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақ пен «Желтоқсан» аллеясына және Жамбыл политехникалық жоғарғы кол­леджіне де бас сұқты. Қ.Рысқұлбеков атын­дағы саябақ толығымен жаңғыртылып, қала күні қарсаңында пайдалануға берілген бола­тын. Жамбыл политехникалық жоғар­ғы колледжіне барған Премьер-министр оқу ордасының материалдық-техникалық базасымен танысты. Колледж 1560 орынға арналған. Мемлекеттік және орыс тілде­рінде білім беретін білім ордасында 2 оқу-өн­діріс кешені, 420 орындық екі жатақ­хана, 74 оқу кабинеті, 15 компьютерлік сынып, 21 оқу шеберханасы, 11 зертхана, 3 спортзал, 2 спорт алаңы, кітапхана, оқу және акт залдары бар. Арнаулы орта оқу орнында 586 адам еңбек етеді. Колледждің оқу шеберханасы фойесінде Премьер-министр назарына «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының өңірдегі орындалу барысы бойынша әзірленген презентация ұсынылды. Аймақтағы үш жоғары оқу орны мен колледж дирек­торларымен кездескен Бақытжан Сағынтаев педагог мәртебесін көтеру мақсатында атқарылар жұмысты атап өтті.
– Өңірге қажетті мамандарды дайындау жұмыстарын кешен­ді жүргізіңіздер. Білесіздер, елімізде 120 университет бар. Оның дені бәсекеге төз­бей нарықтан кетеді. Бұл уақыт ен­шісін­дегі дүние болғанымен, заман соны сұрап отыр. Ал ұстаз беделін көтеруде жүргізген сарап­тамада қазір мұғалімдердің алатын ақшасына емес, қоғамдағы орнына назар аудару керектігі ескерілді. Қазір жоғарғы оқу орындарында дәріс беріп жүрген ғалымдардың білімі бүгінгі уақытқа сай ма? Сондықтан алдағы уақытта ғалым­дар да әр бес жыл сайын емтихан тапсырып, біліктіліктерін көтеріп отырады, – деді Бақытжан Әбдірұлы.
Сонымен қатар Бақытжан Сағынтаев ректорлар мен колледж директорларының да пікірін тыңдады. Бұдан соң Премьер-министр облыстық балалар ауруханасына, «Тараз су» мекемесіне барды. Сондай-ақ, жамбылдық кәсіпкерлермен, білім және денсаулық сақтау саласы қыз­меткерлерімен кездесіп, саладағы атқары­лып жатқан жұмыстар мен жаңашылдықтар туралы ой бөлісіп, өзекті мәселелерді тал­қылады. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағ­дарламасы мен тарифтерді төмендету бойынша қолға алынған шаралар жайында жиын өткізді. Елбасының бас­тама­сымен тарифтерді төмендету бойынша «Тараз су» мекемесінде өткен жиында ай­мақ­тағы жағ­дайды облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков айтып берді.
– Облыста ірі кәсіпорындарды есепке алмағанда барлық деңгейдегі 99% тұтыну­шыны электр энергиясымен жабдықтайтын басты мекеме –«ЖамбылЖарықСауда» ЖШС. Соңғы 5 жылда орташа босату тарифі 17 теңгеден 19 теңгеге өскен, оның ішін­­де жеке тұлғалар үшін – 15 теңге, заңды тұл­ғалар үшін – 22 теңге. Биылғы шілде айын­да облыстық прокуратура және табиғи моно­полияларды реттеу департаменті маман­дарымен тексеру нәтижесінде үнемделген 120 млн теңгені тұтынушыларға қайтару бойынша шешім қабылданды. 8 қазанынан бастап жеке тұлғаларға 2,8%-ке және заңды тұлғаларға тарифі 3,6 %-ке төмендеді, – деді Бекболат Серікбекұлы. Сондай-ақ ол облыс тұрғындарына 2018-2019 жылдардағы жылыту маусымына қажетті көмір 333 мың тоннаны, бүгінде нақты дайындалғаны 296 мың тонна немесе 89%-ті құрағанын жеткізді.

Ерман ӘБДИЕВ, Жамбыл облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*