«Астана» қаржы орталығы биржасын іске қосты

386
0
Бөлісу:

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасындағы алғашқы сауда-саттықты жүргізу рәсіміне қатысты. Елбасы осы салада қабылданған дәстүр бойынша шағын балғамен символикалық гонгты ұрып, АХҚО биржасының жұмысын бастап берді.

Мем­ле­кет басшысы «Астана» ха­лық­аралық қар­жы орталығының бир­жа­сындағы ал­ғашқы сауда-саттықтың ұлт­тық валю­тамыз – теңгенің 25 жыл­дық ме­рей­тойы қарсаңында өтуінің сим­волдық мәніне назар ау­дартты.
Н.Назарбаевтың пайымдауынша, төл теңгемізді енгізу еліміздің ұлттық қар­жы жүйесін қалыптастыруға және мем­лекетіміздің экономикалық дербес­ті­гін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
– Содан бері Қазақстан эко­но­ми­ка­сы едәуір өсіп, халықтың тұрмыс дең­гейі де артты. Мемлекетімізде кең ау­қымды реформалар жүргізіліп жатыр. АХҚО-ның іске қосылуы – елімізді одан ары орнықты дамытудың маңызды қа­дамы, – деді Елбасы.
Қазақстан Президенті сонымен бір­ге, әлемдік уран нарығының шамамен 20 пайыздық үлесіне ие «Қазатомө­нер­кә­сіп» ұлттық компаниясының дәл осы күні ІРО-ға алғаш рет шығып отырға­нын еске салды.
– Келешекте біз «Қазақтелеком», «Эйр Астана», «Қазмұнайгаз» және өзге де ұлттық компаниялардың активтерін сау­даға шығаруды жоспарлаудамыз. «Ас­тана» халықаралық қаржы орталығы елі­мізге шетелдік капитал тартудың құ­ралына айналып, отандық қор нары­ғын дамудың жаңа деңгейіне көтеруге тиіс. Мұнда әлемнің үздік тәжірибелері бел­сенді қолданылады. Жетекші серік­тес­тер мен сарапшылар тартылған. Ал оған қатысушылар үшін теңдессіз жағ­дайлар жасалған, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы АХҚО-ға келе­шек­те өңірдің басты қаржы хабына ай­налу, Азияның жетекші қаржы ор­та­лықтарының қатарына қосылу мін­де­тін қойды.
– Қаржы орталығы қазірдің өзінде елор­дамызға «қаржы астанасы» деген жаңа мәртебе берді. Жаһандық қаржы ор­талықтарының рейтингінде бас қа­ламыз тек соңғы жылдың өзінде 27-са­ты­ға көтерілді. Тұрғындар мен елорда қо­нақтары үшін Астана мейлінше қо­лайлы жағдай жасалатын «ақылды қа­ла» ретінде де ары қарай дами береді, – деді Елбасы.
Сөз соңында Қазақстан Президенті мем­лекетіміздің барлық бастамалары хал­қымыздың әл-ауқатын жоғарылатуға жә­не еліміздің жаһандық бәсекеге қа­білеттілігін арттыруға бағытталғанын ба­са айтты.
АХҚО биржасы (AIX) алғашқы қа­дамын «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық ком­паниясының акциялары мен ғалам­дық депозитарлық қолхаттарының (ҒДҚ) бір бөлігін сатудан бастады. Бұл рет­те акциялар теңгеде, ал ҒДҚ шет­ел­дік инвесторлар үшін долларда сау­да­лан­ды. Ресми мәлімет бойынша бир­жа­да «Қазатомөнеркәсіптің» әр ҒДҚ-сы­ның бағасы 11,60 доллардан, ал жай ак­­­цияларының әрқайсысы 4 мың 343,85 теңгеден ұсынылды. Жалпы ал­ған­да, Лондон қор биржасында және АХҚО биржасында ұлттық атом ком­паниясының акцияларының 15%-ы не­месе 38 903 491 ак­ция­сы орналасты­рыл­ды. Олар 451,3 мил­лион АҚШ дол­ла­рына өткізілген.
Елордадағы салтанатты рәсім ба­ры­сын­да Елбасыға баяндаған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының бас­қарма төрағасы Ахметжан Есімов жаһандық нарықтағы қазіргі күрделі ахуал­ға қарамастан, шетелдік инвес­тор­лар бұл оқиғаға елеулі қызығушылық та­нытқанын мәлім етті.


– ІРО-ға жалпы алғанда 49 шетелдік, 16 отандық заңды тұлға, сондай-ақ Қа­зақстанның 2 700 азаматы қатысты. Бұ­ған қоса, оған Бірыңғай жинақтаушы зей­нетақы қорының атсалысуы арқа­сын­да миллиондаған қазақстандықтар да жанама түрде «Қазатомөнеркәсіптің» ак­ционерлеріне айналды. Инвес­тор­лар­дың сұранысы біздің күткенімізден әл­деқайда асып түсті. Акцияларға деген сұра­ныс ұсыныстан 1,7 еседен артық бол­ды. Листингтің бірінші күнінде 45 мил­лион доллар сомаға төлемдер келіп түс­ті. Алдағы күндері тағы 405 мил­лион­дай доллар түседі. Осы 450 мил­лион­дай доллар Ұлттық қорға құйы­ла­ды» деді Ахметжан Есімов.
Осы сәрсенбі, 14 қараша күні Ел­ба­сы елорданың сәулет-архитектурасына жауап беретін «Астана Бас жоспары» ғы­лыми-зерттеу жобалық институтында болды. Ел Президентіне елорданың сәу­лет және қала құрылысы саласында ат­қарылып жатқан жұмыстардың ба­рысы мен алдағы жоспарлар жөнінде мә­лімет берілді. Мемлекет басшысы қа­ла­ның инфрақұрылымдық және әлеу­меттік-мәдени нысандарын салу үде­рісімен егжей-тегжейлі танысты.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы Президенттің Іс басқар­ма­сы­ның медицина орталығының ауру­ха­на­сында орналасқан, Роботталған хи­рургияның халықаралық референстік және оқыту орталығына барды. Елбасы не­гізгі міндеті роботталған хирургияны құру, дамыту және оны практикалық ме­дицина саласына енгізу болып сана­ла­тын осы орталықтың жұмысына қа­нық­ты.
Н.Назарбаев медицинада иннова­ция­лық шешімдерді қолданудың маңызына тоқталып, роботталған хи­рургия орталығында жасалатын ота­лардың бүкіл өңір үшін бірегейлігін атап өтті.
– Мұндай үлкен бастама хал­қы­мыз­дың игілігіне бағытталған. Медицина са­ласын роботтандыру мамандары­мыз­дың біліктілігін арттыруға септігін ти­гі­зеді. Осындай орталықтың ашылуы – отандық денсаулық сақтау саласын­да­ғы маңызды оқиға. Бұл көптеген ада­мның өмірін сақтап қалуға мүм­кіндік береді, – деді Мемлекет бас­шы­сы.
Елбасы орталықта ем қабыл­дау­шы­лармен әңгімелесіп, Президенттің Іс басқармасының медицина орталығы­ның жалпы жұмысы және оны дамыту перспективалары жөнінде мәлімет алды.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті қо­рының қолдауымен құрылған ро­ботталған хирургия орталығы медицина мамандарын даярлап, олардың білік­ті­лігін арттыруды қамтамасыз ететін бо­лады. Сондай-ақ клиникалық сы­нақ­тар өткізеді, әлемдік деңгейдегі за­ма­науи роботталған технологияларды қол­дана отырып, ғылыми зерттеулер дайын­дайды.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*