ШЫҢЫРАУДАН ШЫҚҚАН ШЕР

645
0
Бөлісу:

«Человек не умирает до тех пор,
пока живут знавшие его».
Чингиз Айтматов

2008 жыл. Қызмет бабымен Алматыда едім. Шерағаң ұялы телефонға шығып тұр.
– Қайдасың? – дейді даусы қаңсып.
Айттым.
– Қазақ пен қырғыздың Алатауы шайқалып қалды ғой. Айтматов та көшті дүниеден. Естідің бе?
– Алматының азаматтығы қатты күйініп тұр, Шераға.
– Өйтпей… Одақ не қам жасап жатыр?
– Арнайы баратын делегацияның құра­мын тізімдеді. Нұрлан Оразалин өзі бас­қарып барады. Қонаға Қордай күтіп алмақ.
– Астанадан баратындарға Премьер мырза өз ұшағын беріп отыр. Бастап бара­тын Мемлекеттік хатшы, – деді Шерағаң. – Қонаға біз де сол Қордайға баратын сияқтымыз. Өзің тізімдемісің?
– Солай, сірә.
– Е, онда, хош. Жерлеуден кейін, ары қарай Таразға сенімен бірге жүремін. Ала кетемісің?
– Не болды, сізге?
– Кім біледі? – деп Шерағаң қарадай қисайды.
Қордай ауданының әкімі Мұратбай Жолдасбаев қайта-қайта қоңырау шалады. Сондағысы, менің ертерек келгенім. Он тоғыз адамға қонақ үйлерден орын дайын­даған екен, кімге қандай бөлме лайық соны көрсетіп, ақылдаспақ. Қонағасы дейтін бар. Жылқы сойылған. Өзім өскен, кейінірек кісіліктің барлық шаруасының басы-қасында жүрген, кімді де, қанша адамды да азаматтықпен хан көтеріп күтіп алатын елі, жері қасиетті Қордай ғой, бұл. Жігіттерден бір күн ерте келдім. Мұратбай інім екеуміз қонақ үйлерде дайындалған орындарды бөлдік: мынау Шерхан Мұр­та­заға, мынау Әбіш Кекілбаевқа, мынау Рымғали Нұрғалиевке, мынау Әкім Та­ра­зиге… Осылай рет-ретімен ыңғайлап қойдық.
Қордайда Шығыстың жұлдызы Айт­матовқа күллі қазақ халқының атынан берілген қонағасында, қазақтың біз жо­ғарыда айтқан абыздары алма-кезек осы­ны айтты. Әруақ аунату тек мұсылмандыққа тән қасиет. Өзгенің қасіретіне өзінікіндей опыну, күйіну де өзіміздің ұлттық мінез. Керек десеңіз, Айтматовтың қырғыз еке­нін де ұмытып кетесіз. Жақсыда жаттық жоқты сосын айтқан-ау, ата-бабамыз.
Қонағасыдан соң жатар орынға келіп, ағаларымызды жайғастырған соң, Шер­ағаң­ның жанында біраз отырып қалдым.
– Осында жата сал, – дейді.
– Балаларымның үйі бар ғой, – деймін.
– Сонда мына атшаптырым бөлмеде жалғыз жатам ба?
– Сөйтесіз.
– Өстисіңдер, ә! – Шерағаң көзәйнегін алып былай қойды.
– Айтматовты соңғы рет қашан көрдің?
– Нұрланның алпыс жылдық мерей­тойында.
– Оразалиннің?
– Ия.
– Оған келе алмай қалдық қой. Астана кеткелі, сол. Бәрінің бірдей қисыны кел­мейді. Бірінде бар, бірінде жоқсың. Шыңғысты талайдан көрмеп едім, енді міне… Осы дұрыс па?
Үндемедім.
– Ертең, бірсігүні деп жүреміз кеп… Ар жағы – қап, әттеген-ай… Пенделік, баяғы.
– Адамның пенделігін өзінен биік пе, деп қалам.
– Ал…
– Адам сол пенделігінің көлеңкесі сияқты маған.
– Мынауың философия ма? Деген­мен… Кісінің қазасы ше? Бұл жерде пенде­лік жоқ. Бұл – өмірдің ең ұлы ақиқаты. Келісемісің?
– Енді…
– Пенделікті жеңерсің, қазаға ешкімнің құдіреті келмейді. Отырмыз, міне, Айтма­товтан мәңгіге айырылып. Пенделігімізден емес, амалымыздың жоқтығынан. Ұлы еді, жарықтық.
Қайсыбір жылы Шерағаң Жуалыға, туған ауылы Талаптыға ертіп барған. Үш күн болдым қасында. Сонда ол: «Ана тауды көрдің бе?» деген шығыс жақты саусағымен көрсетіп. – Ар жағы Шекер, Шыңғыс туған». «Кіндік қандарыңыз арасы қарға адым жерге тамған екен ғой» дегем. «Ол – ұлы, мен емеспін» – деген ағамыз. – Дегенмен аудардым біраз шығармасын. Дәтке қуат…»
– Жұмсақ, жайлы еді, – деді Шерағаң күрсініп. – Әулие-тұғын. Сес көрсетпейтін. Көңіл қалдырмайтын… Сен асығып отырған жоқпысың?
– Әдейі сұрайсыз ба?
– Е, кім біледі? – деп алып Шерағаң бір жайды есіне алды.
Ертеректе Айтматов Алматыда сана­торийде демалып жатқан. Ішінде Шер­ағаң бар көңілі жақын қазақтың қарағайдай үш-төрт жазушысы барған ғой оған, сәлемдесе. Әңгіме-дүкен. Бір кезде есік тарс етіп ашылды дейді. Бәрі селк еткен. Сөйтсе, бір жас ақын. Оң қолында гүл шоғы, сол қолында қорап. Есікті баспен ұрып ашқан. Келе, қарағайдай ағаларына қарап та жатпай, Айтматовты бас салады. Айналып-толғанып өліп барады. Кемеңгер деп біледі екен, пір тұтады екен, өңінде де, түсінде де көретіні Айтматов екен… Сол қолындағы қорабынан сағат шықты. Алтын сағат. Құны удай. Сыйлығы. Бұйымтайы – шыққалы жатқан кітабына Айтматовтың алғысөзі. Мәтінін өзі дайындап әкелген. Тек Айтматов астына қолын қойып берсе, болды. Қойып берді. «Қоюға бола ма?» деп қасындағыларға сұрау салған жоқ. Пейілі кең. Ниеті таза. Тілегі ақ…
– Қайсымыз өстер ек, – деді Шерағаң басын көтеріп. – Ештеңесін оқымаған, танымайтын, ұлты басқа алқын-жұлқын жас біреуге? Білмеймін.
…Кемеңгер жазушың мәңгі ұйқыға шомған жүзінде көзі тірі кезіндегі парасаты мүлде өше қоймаған сияқты болып кө­рін­ді, маған. Жарық әлемнің жақсылығы мен жамандығы, ізгілігі мен зұлымдығы ара­сындағы қансорпа тірліктің құдіреті мен қасіретін қаламынан қан мен тері қатар ағып отырып қазбалап, жаһанның жан жа­расын жалпыға жаңа дүмпумен жазып жет­кізген жазушының мәйіті жа­нында кім­нің не ойлағанын дәл айту қиын, десек те қарсы тұрған Шерағаңның жай­шы­лықта селт ете қоймайтын жау қа­бағының дір-дір етіп тұрғанын көріп, жү­ре­гін жас, қабырғасын қан жуып тұр­ға­нын байқадым. Осы бар-жоғы жалғыз ми­­нутта ағамыз біртүрлі қалжырап қалып еді…
Айтматовпен соңғы қоштасуды қырық мыңға жуық қырғызстандықтарға қал­дырып, арнайы келген делегация мүшелері екінші қабатқа көтеріліп бара жатқанда, Шерағаң шынтағымнан ұстап:
– Солай… – деді.
Нені, неге өйтті, білмедім.
– Қазақ пен қырғызда енді қашан туары белгісіз бір перзенттен көз жазып қалдық, – деді Шерағаң. – Жазу солай. Кім болса да, туады және өледі. Ешқай­сы­сымыз қалмаймыз. Сол қалмау үшін келеміз жарық дүниеге. Қалатыны бар болса, ізіміз. Сонда қандайы… Шөп-шалам баспайтын, шаң-тозаңның, лайдың астында қалмайтыны. Айтматовтыкіндей…
– Ия, Шықаңда да арман жоқ қой, – деп қалды біреу.
– Бекер, – деді Шерағаң. – Бекер… Арманда кетпеген ешкім жоқ, бұ жалғанда. Өзі адам болса, ол қалай кетеді, армансыз. Болады, бір арман қалайда. Айтматовтың арманы… Жат жерде… Ия, жат жерде жаны қысылып, көзі жұмылып бара жат­қанда… «Алланың аманатын Алатауымда тапсыр­май, арманда аттанып бара жатыр­мын-ау» деп ақыл-есімен аңырамады дейсіңдер ме? Аңырады. Ақыл-есімен. Ақыл-ес ең соңынан сөнеді. Сөйтер, сірә.
«Солай-ау» деп ойладым. Адам өледі, арман қалады. Ұлан-ғайыр, сан тарау. Бірден бірге қалатын мұра. Айтылмай қалған әні, естілмей кеткен зары. Соңын­дағылар аңыратар аманат.
Мен қырғызға жиеншармын. Қырғыз­станмен іргелес мекенненмін. Сөйтсе де, қырғыз жоқтауын естімеген екенмін. Қазір осы жерде қайсыбір жылдарда жазылып алынған таспадан естіп отырмыз. Салған жерден сай-сүйекті сырқыратады. Сұмдық сұңғыла сұңқыл. Бордай тозған боздау. Мұқалған жігер. Мұздан суық мұң. Естен айырған еңіреу. Ардағы көшкен, жанғаны өшкен өкініш. Өмір-айлаған өткір өксік. Қоланы суырып, апшыны қуырып өзектен соққан өкпек.
– Бұл жоқтаудың мынау ұлы мақамы қай кезден екен, – деп қойды Шерағаң. – «Ер Манас» деп еңіреген күннен бе? Кім білсін? Әйтеуір, ұлы трагедияның гимні. Ұлыға ғана арналған жоқтау. Ұлы тұлғаның мәнін мойындап, пайымдау. Ұлттың ұлы перзентін… Осы ғой?
Әбіш Кекілбаев ағамыз теңселді. Өзгеміз де сөйттік. Күрсіну бәрімізден қатар қайталанып жатты. Екі сағат бойы… Екі сағат бойы жоқтау тыңдаған өте ауыр еді. Әрі осы екі сағат, мен сенемін, кімге де өмір мен өлімнің арасы тым жақын екенін, осы аралықтағы кісілік пен түсініктің, парыз бен борыш, адамдық пен азаматтық мәнін тереңірек толғап шығуға мәжбүр етті. Оның мәні – қысқа ғұмырда әлгінің бәріне үлгере білген екен.
Түс ауа Айтматов жерленетін Ана-Бейітке келдік. Бішкектен сәл әрі тау баурайы. Айналасы жақсы қоршалған көлемді көкорай алқапта тұтас тұла бойымен боздап тұрған «Ана мүсіндері» мемориалы. Әсері сұмдық. Сұмдық сұңғыла шебердің қолымен жасалған. Еңіреп кете жаздайсың.
– Топырақ әкесімен бір жерден бұйырды, – деді Шерағаң. – Рухтары айқасып жатады, Айтматтың ұлы мен немересінің.
– Әкесі осында жатыр ма? – деп сұрады біреу.
– Осында.
– Шықаң әкемнің қай жерде атылғаны белгісіз деп жазбап па еді, ана жылдары.
– Рас.
– Ендеше…
– СССР-ың бордай тозып кетпеген­де, – Шерағаңның жау қабағы көзәйнегінің үстіне селт етіп шықты. – Солай қала беретін де еді. Тәуелсіздіктен кейін, Құдай жарылқаған жоқ па?
– Жарылқады.
– Жарылқаса, әңгіме былай…
Шерағаңды тыңдасақ: дәл осы Ана-Бейіттің орнында сол репрессия жылдары жалғыз үйде бір әйел тұрған, кішкене қызымен. Содан қайсыбір түні бірнеше машинамен НКВД-ның адамдары жүз отыздан астам «халық жауларын» жай­ратып салып, көміп кетпей ме? Әйел мен қызы көреді оны. «Көргендерің туралы тіс жарсаңдар, осы шұңқырға сендер де көмілесіңдер», – деп кетеді қызыл жендет­тер. Қолхат жаздырып алады. Жүзден астам адамды әп-сәтте қырып салғанды көзімен көріп аза бойы қаза болған адам қайтіп жақ ашады бұдан кейін. Ашпайды… Әйел кемпір болды, қызы әйел болды. Қырғыз тәуелсіздігін алды. Қорқыныш, үрей сейілді. Айтылуға тиіс емес, айтылып, шындықтың беттері парақталып жатты. Газеттер мен теледидарды қараса, НКВД жендеттерінің істемегені жоқ екен. Жан түршігеді. Баяғы бір түнде 130-дан астам адамды қырып салған оқиғаны көзімен көрген қаршадай қыз, бүгін бала-шағалы бәйбіше, енді айтпай ма айналасына, әлгі әңгімені? Ешкім сене қоймайды әуелде. Әйел есті азаматтардың «әйт-шуімен» қауіпсіздік комитетіне жазады. Болмаған соң, республика Парламентіне жолдайды арызын. Ақы­рында тексеру басталған. Әйел көрсеткен жер қазылды. Үйілген мәйіттер. Әрине, саудыраған сүйектері. Киімдерімен. Міне, сонда бір мәйіттің костюмінің төс қалтасынан шыққан құжатта «Төреқұл Айтматов» деген аты-жөні тұр. Жапсы­рыл­ған фотосуретінің жартысы және сақталған. Төреқұл Айтматовты білесің­дер, Ош облысы облыстық партия коми­тетінің бірінші секретары болған мемлекет қайраткері. Мәскеуде оқыған, тұрған. Отбасымен. Шыңғыс бастауыш мектепті сонда оқыған. Орысша…
– Иттер сонша азаматты Бішкектен шыға бере қырып салған екен-ау, біздің Бо­ралдайдағыдай, – деді Әкім Тарази ағамыз.
– Мына жерді Шыңғыстың өзі Ана-Бейіт атап, айнала қоршатқан, – деді Шер­ағаң. – Өзі келді енді, оған. Ал қызыл жен­дет­тер айдап кеткен Мұртазаның сүйе­гі қайда жатқанын мен білмеймін… Солай…
Осы тұста Шерағаң маған шөгіп кеткендей болып көрінді. «Қызыл жебе» кітабын әкесі Бақтығұлдың даусымен «Оян, Тұрар!» деп бастайтын еді ғой, бәлкім, Мұртазаның рухы да талай-талай «Тұр, Шерхан!» деген шығар. Жетім Шерханды жебе ғып қайрап өсірген, күресін ғұмырда отқа жандырмай, суға батырмай алып шыққан, ханға да, қараға да бір Шерхан еткен, ел дегенде етігімен су кештірген сол құдірет болар.
Қырғыздың кемеңгер перзентіне топырақ салдық. Үкімет резиденциясында марқұмға бағышталған құранға қол жайып, бет сипап, дәм таттық.
Шерағаң екеуміз Қордайдамыз. Қо­нып, Таразға жүрмекпіз. Ағамызды қонақ үйдегі түнеп шыққан бөлмесіне әкелдім.
– Әй, сен кетпе, – деді маған. – Қа­сымда жат.
– Балалардың үйіне барып қонайын да, Шераға!
– Сөзді қой. Әңгімелесейік те. Оқта-текте бір көреміз. Осыдан Астанаға кеткен соң, Таразға қашан келетінімді құдай біледі.
Шайымызды ішіп, жақсылап жайғас­қан соң, Шерағаны тыңдап жатырмын: «Ұлылардың бірінші әрі ең қатыгез жауы – оларға деген қызғаныш. Бөтеннің емес, жақынның. Қарашы, Толстойдың ақылды, ақсүйек, әдебиетші, «Анна Каренинасын» қайта-қайта барлығы 117 рет көшіріскен, одан басқа да шығармаларына ұшан-теңіз қолғабыс жасаған тасқұйрық қатыны София Андреевна қартайғанда, Лев Нико­лаевичті халықтан қызғанып, жанын жегі­дей жей берген соң, данышпан жазушы терезеден ұрланып қашып, түкпірдегі бір шағын станцияда, күңгірт қуыс бөлмеде көз жұмбады ма? Сөйтті… Шолоховты өзінің орыстары Мәскеуде тамағына әлде­бірдеңені қасақана қосып беріп… Біле­місің, мұны?»
– Гавриловтың жазушының өмірбая­ны туралы очерк кітабынан оқығанмын, ажал­­дан алып қалған бір медбике екен, – дедім.
– Аяқ асты іші бүріп ауырып, жанын­дағылар ауруханаға апарады. Дереу опе­рация жасау керек деседі. Сонда не болды?
– Гавриловқа айтқан әңгімесінде Шолохов бір медбике көзімен «келісім бермеңіз» деп тұрды дейді.
– Рас.
– «Тек сол медбикені кейін тауып, алғы­сымызды айта алмадым» деп өкінеді Шолохов, – дедім.
– Оқығаның көп, ә.
– Енді, аздап…
– Расын айтсаң, қылың қисайып қала ма?
– Қойдық, Шераға.
– Айтматовқа деген қызғаныш та аз болмады. Әуелі қырғыздар. «Жәмила» повесін жазғанда. Күйеуі соғыста жүрген келіншектің Даниярға деген махаббатын «ойбай, бұл не сұмдық, бұл қырғыз әйелін опасыз етіп көрсетіп, ұлттық дәстүрді табанға таптау» деп шуласын кеп. Біздің ұлы Мұхаң болмаса… Біздің Мұхаң болмаса, Шығыстың тағдыры қалай-қалай құбыларын кім білсін. Повесть Лениндік сыйлыққа ұсынылғанда оны беру жөнін­дегі комиссия мүшелері, көбі әрине, орыс, бермеудің барлық амалын жасаған ғой. Бұдан қане, не хабарың бар?
– Сонда сол комиссияның құрамын­дағы Мұхаң екі рет сөз алып сөйлеп, табандап тұрып алған. Ақырында аналар: «бұл өзі қанша жаста екен, соны көрелікші» деп далбасалай ма?
– Иә, иә, – деп Шерағаң мырс етті. – Көрсе, бар-жоғы 34 жаста екен. Жерден жеті қоян тапқандай болады. Сонда аналар «жап-жас екен, өзін көрсете түссін әлі» десіп кергиді. Қайран Мұхаң қайта ма? Айт­қан уәжі: «Оның қырыққа, елуге, алпыс-жетпіске келетініне кім кепілдік береді? Келмей қалса ше? Жоғары сыйлыққа лайық жазды ма, жазды. Оны бәріміз мойындап отырмыз ба, мойындап отырмыз. Фран­цуздың атын әлем білетін әдебиет сыншысы Луи Арагон Данияр мен Жәмиланың махаббатын Ромео-Джулет­таның махаб­батымен қатар қойды ма, қой­ды. Ендеше… Әлі жас болған соң бер­медік дейміз бе… – дейді ғой Мұхаң. – Шерағаңның даусы шығыңқырап кетті. – Алды Айтматов Ленин­дік сыйлығыңды, Мұхаңның арқа­сында аналардың аузын ұрып… Қызығы қырғыз қаламгерлері ағынан жарылып алақайлай қойған жоқ бұған… Жүрегі жарыла қуанған біздің ұлы Мұхтар Әуезов. Қазақтың ғажайып перзенті. Енді осы екі заңғар суреткердің ең алғашқы кездесуінен хабарың бар ма?
– Бар емей?
– Ал, айтшы.
– Сенбейсіз бе?
– Сенгенде… Қане…
– Елуінші жылдардың бас кезеңі болуы керек.
– Рас. Мұхаңның қазаққа сыймай МГУ-дің шығыстану кафедрасының меңгерушісі болып жүрген кезі. Шыңғыс Горький атындағы әдебиет институтында. Қалта тесік. Киім көнетоз, ашқұрсақ. Қатты қиналып жүрген кезі екен, – деп Шерағаң әңгімені өзі айтып кетті. – Кімге барады? Барғанда алақандай қырғыздың баласына кім не береді? Аштан қатарың бар, Мәскеу не теңің? Сонда Шыңғыс әлгі шығыстану кафедрасын Мұхтар Әуезов дейтін қазақ жазушысының басқаратынын естиді ғой. Түбі бір туыс қой, деп дәметпей ме, енді. Қайтеді. Тұрағын біліп алады да, шықпай ма іздеп. Мәскеудің көкаяз қысы. Өзіміз де көргенбіз оны, сонда оқыған кезімізде. Дірдек қағасың. Дірдек қағып Шыңғыс та табады, Әуезовтің пәтерін. Басты қоңырауды. Мұхаң жалғыз екен. Көңілсіз екен. Қайдағы көңіл? Хан Кене мәселесімен қуғындалып жүрсе. «Кімсің? Не жүріс?» деді көнетоз пальтомен көкмұз болып дірдектеп тұрған жігітке. «Қыр­ғызбын» дейді. «Осында оқып жатыр едім» дейді. Мұхаң буфеттен бір шөлмек арақты алып, айғыр стақанға толтыра құйып, «Қане, тартып жібер» деп тесілмей ме? Жас жігіттің «ішпеуші едім» деп жатуға жағдайы жоқ, өлердей жаурап тұрғаны және бар, оған тиын-тебен жағынан қол ұшын берер деген дәмесін қос… Тартты да жіберді. Со бойы отырған орнында тіл тартпай ұйықтап кеткен… Ар жағы белгілі. Мәңгі рухани бауырластық. Алып жүректердің бір ырғақпен соғуы. Ұзағынан сүйіндірген ұлылық үйлесімі. Екеуінің бірінде осы қасиеттер болмағанда ше? Өзіміздің Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев сияқты дүлдүлдеріміз – өзіміздің қызға­ныштың құрбаны. Өзіміз­дің қызғанышымыз қанша сұңқарымыз бен тұлпарымызды өлтірді. Аз емес. Содан ұттық па, бірдеңе. Сендерге сабақ болатын әңгіме, бұл. Бірінің озғанына бірі қуан­ғандардың ғана әдебиеті, одан ары індетіп айтқанда, бүтіней ұлты озады. Талантты көздің қарашығында» сақтау керек. Халықтың тағдыр талайын талант қана тамырынан танып, ақиқатын талант қана айтып бере алады. Осы үшін де ол – ұлттың рухани әлемінің ұшар биігі. Естіп жатырмысың?
– Ойланып жатырмын.
– Шын ба, ей?
– Сенбейсіз бе?
– Сенген соң көсіліп отырған жоқпын ба, жолың болғыр.
– Сөйтсеңізші, бір уақ.
– Сөйтсеңізші… – Шерағаң тамағын қырнап алды. – Тамағымның гландысын алдырып тастап едім ана жылы, аяқ асты жыбырлап, жөтеліп те қалам… Мәскеудің саясаттағы құйтырқылығы әдебиетте де сан құбылды емес пе, сол кезде. «Советский писатель» дейтін Одақтың мәні бар баспадан қазақ жақтан қазақ мойында­маған, тіпті, кейбірін қазақ біле қоймайтын авторлардың да кітабы шығып жатты, сұмдық болғанда сондағылары, міне, бұлардың бар деңгейі осы, деу. «Бір» деп қой. Екінші зымияндықтары, өзге рес­публикалардан келгендерді мақтап-мақ­тап ішкізіп, шәпкесін теріс айнал­ды­рып жіберетіндері. Өздерінен шығармайды, өз ақшаңа өлердей ішкізеді. Тәкен ағаңды, Әлімқұловты айтамын, сөйтіп сорлатты. Оқуға барған Мақатаев үш айдан соң ба, қашып келді.
– Шыңғыс ағамыздың жерлеуіне Ресей жақтан қалың қаламгер төбе көрсетпеді ғой.
– Айтматов Шолоховтан кейінгі әлемге ең көп аударылған жазушы. Бір уыс қырғыздың баласы құдай берген дара дарынының арқасында баса-көктеп бәрінен озып тұрды ғой. Үнемі бірінші болды. Орыстың атақты Валентин Распутин дейтін жазушысын білемісің? Соның соғыстан қашқанды жазған бір ғажап шығармасы болды. Амал не, соғыстан қашқан дизертир туралы совет әдебиетінде бірінші болып, Айтматов жазып қойған, «Бетпе-бетінде». КСРО халықтарының деніне түскен мәңгүрт құбылысты да алғаш пайымдап, атақты шығарма жазған Шыңғыс жарықтық. Соған іштері күйеді де. Кез келген кезде тағы бірінші болып кететін адамның қазасы сол күйікті басар, бәлкім. Қайдан білейін? Қызғаныш дейтін қызыл ит кімді таламады? Көреалмаушылық дейтін көктырнақ кімнің бетін дала-дала етпеді. Ұға алсаңдар. Өзің түгілі, бөтендікін де қызғанба. Жайыңа жүр. Барыңа ие бол. Соны місе тұт. Тәуба де. Сөйтесіңдер ме? Жазып жүрмісің, өзің?
– Тиіп-қашып.
– Бас алмасаң, қой дей ме, біреу?
– Айлығын алып жүрген қызмет дейтін бар емес пе?
– Білеміз. Біз де біраз пұшпағын уқалағанбыз, оның. От болып жататын сонау Орталық Комитеттің заманында әр сөйлем, нүкте, үтірден пәле іздейтін. Сезік алса бітті кел, қане, Ақ үйге, – дейді. Екі күннің бірінде. Шетінен қырағы қызыл көз. Әр әріптің астынан, әр сөйлемнің астары­нан пәле іздейді. Сезік. Күдік. О, қалай? Бұ, қалай? Дігерлейді. Діңкелетеді. Титық­тай­сың. Көрлігіне, ноқайлығына. Түгел иілмесең де, амалсыз майысасың. Толық келіспесең де, түсінген ыңғай таны­­тасың. Білесің бе, оның не екенін? Дипло… матия! – Шерағаң күлді. Күліп алып: – Сол Ақ үйдің айғай-ұйғайының астында жүріп-ақ, үкіметтің шаруасын да, жеке шығар­ма­шы­лығымызға да үлгерген­біз. Қазір құдай жарыл­қады. Жат та жаз, тұр да жаз.
– Нені, неге, қалай, дегенді қайтеміз, Шераға?
– Қайткенде… Оны өзің білесің. Бәрін білсем, баяғыда пайғамбар болып кет­пеймін бе? – Шерағаң ажырайып қарады. – Осы сенің неңді оқыдым?
– Қайдам.
– Оқыдым-ей, талайын. Романыңды. Әңгімелеріңді. Мүлде басқаша жазасың. Шешімдерің күтпеген жерден шыға келе­ді. Әдеби сын мақалаларың да өзгеше, ме­нің творчеством жайлы да жазғаның бөлек. Рақмет! Нұр жаусын! Тараздан құдай біледі ғой, сенен басқа ешкім теле­фон шалмайды маған, соңғы жылдары, оларға менің керегім жоқ па, немене?
Үндемедім.
– Халық іздейді. Ал қаламдастар, қан­дастарың да тым-тырыс. Осыған уәжің бар ма?
– Өзіңіздің ше?
Ағамыз басын көтеріп алды.
– Қайсымыз қайсымыздан уәж сұрап отырмыз, жолың болғыр?
– Әркімнің кім болмағы қалыбынан, –
деген менің Кенен атам. Қилы-қилымыз ғой, Шераға!
– Япыр-ай, десеңші… Заман да, адам да қилы-қилы. Заман ірі, адамдар майда. Ұсақ-түйек. Кісіге де, өзгесіне де тиіп-қаш­ты. Көрінбесең көңілден ұмыт, көрсе иек қағу. Дәл бір «ә, сен, әлі тірі жүр ме ең» дейтін ишара. Ақсақалға дейтін ата-бабадан қалған «Ассалаумағалейкумі» адыра қалған. Жаман. Құдай әркімнен-ақ бетін ары қылсын, егер қисая кетсең, жабыла «ой, бауырымдайды». Тіріңде сыйламаған соң, өлгенде өкіргені – өтірік. Неге сөйтеді?
– Мен де сол, өзіңіз сияқты пайғамбар емеспін ғой.
– Оған сөз қайсы. Әйтсе де, адамсың. Адам адамның кез келген әрекетінің себебін білмесе, ия білгісі келмесе, не болғаны. Әсіресе, жазушымын дегендер. Жазушы­мын… Өстіп жүргендер өріп жүрген жоқ па, әр жерден. Шимақтары – журналистиканың ар жақ, бер жағы. Төбесіне түркіменнің бөркіне ұқсатып «Роман», «Повесть» дегенді қоқайтып қоя­ды. Не жанына зор келді, сонда. Өлең­дері өмірдің өресінен қалып қойған өң өң­меңдері және көп. Сұмдық қой. Ұят қайда? – Шерағаң күрсініп алып, біраз бас шай­қап отырды. – Шыңғыс заңғардың көп шы­ғармасын қазақшаладым ғой. Оның кез келгенінде кез келген құбылыс­тың әлеу­меттік себебін қазып іздеп, дәл та­уып, көзіңді ашып, көңіліңді оятады, ақы­лың ашып, арың азап шегеді, тебі­ре­несің, теңселесің. Телегей еді, жарықтық. Тек­­тілердің тереңі. Жаңағы Кенен атаң айт­қан: «Әркімнің кім болары қалы­бы­нан­ның» орайы осы жерде келіп тұр, сірә. Айт­матовтың анасы қасиетті-ау. Әкесі де осал емес. Отыз жасында обкомның сек­ре­та­ры… Ал медицинаң баланың алпыс па­йызы ананыкі деседі… Жан бесікте жа­та­­сың, тоғыз ай, тоғыз күн. Одан омы­ра­уын, ақ сүтін емесің… Қалыбыңа тарт­пай көр, қане! – Шерағаң жастығына жантайды.

Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ,
жазушы

Бөлісу:

Пікір жазу


*