Даниал Ахметов: Ресей тауарларымен біздің нарықты толтырғанды доғарыңыздар

1263
0
Бөлісу:

Семей қаласындағы Гастелло 1/1 мекенжайында орналасқан «Полимер бұйымдары» ЖШС-інің өзіне қарасты зауыты мен «MArti» cауда орталығы бар. Зауытта полиэтиленнен жасалған құбырлар мен су сорып тартуға арналған желі құбырлар, полипропиленнен жасалған фитинг құбырлар, жылу құбырларының көптеген бөлшектері және ілмекті арматура, тиекті ысырма, бекіткіш ілмек, ілмекті құрылғы түрлері жасалады.

Зауытты аралап көріп, болашақта Қазақстан нарқын өз өнімдерімізбен толық қамтамасыз ете алатын қуаты бар екендігіне көзі жеткен Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов әрі қарай «MArti» cауда орталығына кіріп, өндіруші зауыттың сөрелердегі тауарларымен танысты.


Бұл сауда орталығының зауыттың іргесінде орналасуы өте тиімді. Себебі, шығаратын өнімдерін алысқа тасымай іргеден жеткізіп, көтерме және жеке бөлшек саудаға қойып, сата алады. Алайда, облыс әкімі  Даниал Ахметов сауда орталығының сөрелерін аралап жүріп, «Челябинск» деген жазуы бар ілмекті, ілгекті арматураларды байқап, кәсіп иелерін сынға алды.
– Мына тұрған су құбырының жапқышының түрі қандай нашар, – деп бас шайқаған облыс әкімі Даниал Ахметов, – осыны Ресейден неге тасып отырсыңдар? Бұны мына іргедегі Өскеменде жасайды ғой. Мына жылтырату құралы (глянцы) ше? Кім жасап отыр?
Зауыт басшысы Александр Кишко «бұны жартылай біз жасаймыз, жартылай сырттан әкелеміз» деп жауап берді.
– Бұның бәрін сырттан тасығанды қойыңдар, – деп ескерту жасады облыс әкімі. –Бәрі сапалы түрде біздің облыстың кәсіпорындарында, Өскеменде жасалады. Мына арматуралық ілмектердің сапасы төмен. Челябинскінің белгісіз бір орындарында жасалған. Ілмекті арматураның барлық диаметрдегі бөлшектері Өскеменнің «Арматура» зауытында жасалады. Сапасы керемет жақсы. Үлкен диаметрлісі «Промарматура» зауытында жасалады.
Бұдан кейін осы ғимарат ішінде облыстағы барлық басқарма құрылымдары мен зауыт ұжымы бас қосқан жиын өтті. Жиынды облыс әкімі Даниал Ахметов ашып, жүргізіп отырды.
– Мен сіздермен отандық өндіріс, отандық тауар өндірушілер жайлы әңгімелескім келеді. Жалпы, біз мониторинг жүргізуіміз керек. Бізде өндірілетін тауарды сырттан тасымалдауға бұдан былай болмайды. Мұны қадағалауды орынбасарыма жүктеймін. Біздегі арматура және арматуралық бұйымдар өндіретін Өскеменнің екі ірі кәсіпорнымен, атап айтқанда «Арматура» ЖШС мен «Силумен» зауытының  өндіріс орындарымен таныстыруды тапсырамын. Облыс кәсіпкерлері өзара байланыста болулары қажет. Өскеменнің «Арматура» ЖШС зауыты шетелдік технологиялармен жабдықталған. Тауар өнімдеріне кепілдіктері – 25 жыл. Неге іргедегі Семейде отырып, олармен бірге жұмыс жасап, тауарларын сатып алмай, шетелдің сапасыз өнімдерін тасып отырсыздар? Серік Қасымбекұлы, мердігер компанияларды, құрылыспен айналысатын компанияларды жинап, Өскеменнің Арматура зауытына экскурсия жасаңыздар. Облыста салынып жатқан әр нысанның картасын жасаңыздар. Оған қай елдің техникасы, технологиясы, жабдықтары пайдаланып жатыр, соны тікелей бақылаңыздар. Біз Қазақстанда тұрамыз. Олай болса, неге өзіміздің тауар өндірушілерді қолдамасқа? Неге жұмыс орындарын, мәселен, ілмекті арматура жасайтын жұмысшыларды өзімізде үйретпеске? Шет елдерден жұмыс орнын ашқызып, олар жасаған өнімдерді сатып алып отыруымыз неге керек? Біз өз экономикамызды дамытуымыз керек. Сіздер алып отырған ақша Қазақстанның кәсіпкерлікті дамытуға берген ақшасы. Олай болса, оның орнын толытырыңыздар, шетелге беталды шаша бермей.

 

Раушан Нұғманбекова,

Семей

Бөлісу:

Пікір жазу


*