Еркебұлан Сейдахмет жарақат алып ұзақ мерзімге қатардан шығып қалды

828
0
Бөлісу:

Футболдан Қазақстан құрамасы мен ресейлік «Уфа» клубының шабуылшысы Еркебұлан Сейдахмет ұлттық құраманың жаттығуы кезінде жарақат алып, саптан шығып қалды. Бұл туралы құраманың бас бапкері Станимир Стойлов баспасөз мәслихатында айтып берді.

«Сейдахмет кеше жаттығуда жарақат алды. Өкінішке қарай, ол кемі үш ай емделуі керек. Операция жасалады. Өкшесінен жарақат алды. Ондай жарақатты жастар жиі алады. Егер бәрі дұрыс болса ертең ол Германияға ұшып кетуі тиіс» деді Стойлов.

Биыл ақпан айында «Уфаға» ауысқан Еркебұлан Ресей премьер-лигасында да жарақаты салдарынан көп ойынға шыға алған жоқ. Былтырғы маусымда ол небәрі екі ойынға қатысқан.

Ұлттық құрама сапындағы алғашқы матчына наурыз айында шығып, алғашқы голын да соққан. Одан кейін Андорра қақпасынан да саңылау тауып, жанкүйерлерді тәнті етті. Соңғы уақытта оның «Уфадан» кететіні туралы ақпарат тарай бастаған. Футболшыға «Астана» және «Қайрат» клубтары қызығушылық танытуда. Қазіргі кезде оның трансферлік құны 1 миллион еуроға бағаланады.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*