«7–20–25» үміткерлерін онлайн бағалайды

545
0
Бөлісу:

Жуырда жеңілдетілген ипотека бағдарламасына қатысуға үміткерлерді онлайн бағалау енгізілмек. Елбасы жариялаған, Ұлттық банк басқармасының осы жылғы 31 мамырдағы қаулысымен бекітілген «7–20–25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» атты бағдарлама аясында 7 пайыздық ипотека алғысы келетін азаматтар алда өз табысының қанша бөлмелі баспана алуға жететінін банкке бармай-ақ біле алмақ.

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев таяу уақытта «Баспана» компа­­ниясының базасында «Алдын ала бі­ліктілік» атты жобаның іске қосы­латынын хабарлады. Оның түсін­діруінше, ол Қазақстанның кез кел­ген азаматына «7–20–25» бағдарламасы бойынша несие алу үшін өз мүмкіндігін онлайн режимде, яғни қашықтан алдын ала бағалап алуға мүмкіндік береді. Бұл кейін банкте қарыз алуға кететін уақытты көп қысқартуға тиіс көрінеді.
Қаржылық реттеуші жетекшісі «7–20–-25» бағдарламасының қаншалықты табысты іске асырылып жатқаны туралы айтып берді. Оның мәліметінше, бұл бағдарлама отан­дық 7 банк арқылы жүзеге асырылуда.
– 8 қарашадағы жағдай бойынша банктер жалпы құны 35,1 миллиард теңге тұратын барлығы 2 925 өтінімді мақұлдады. Ұлттық банк халық ара­сын­да белсенді түсіндіру жұмыс­та­рын жүргізуде. Бағдарламаны іске асыру барысы республикалық және аймақ­тық бұқаралық ақпарат құрал­дарында, әлеуметтік желілерде жа­рия етіледі. Сall-орталық тәулік бойы жұмыс істейді, – деді Д.Ақы­шев.
Айта кету керек, қазіргі кезде baspana72025.kz сайтында «Қарыз калькуляторы» іске қосылған. Сол арқы­лы қазақстандықтар осы бағ­дар­­лама аясында қанша сомада не­сие алса, ай сайын қанша төлем тө­леуге тиіс болатынын анықтай ала­­ды. Мәселен, Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Шымкент қалала­ры­ның тұрғындары ең жоғары межеде – 25 миллион теңге көлеміндегі ипо­те­каны 25 жылға алса, онда бастапқы жарна ретінде 5 миллион теңге енгі­зуге және ширек ғасыр бойы ай сайын 141 мың 356 теңге төлеп тұруға мін­деттенеді. Егер осы сома­ны 20 жылға алса, ай сайынғы төлем мөлшері 155 мың 30 теңгеге өседі.
«7–20–25» бағдарламасына тек өз басын­да баспанасы жоқ немесе оны­сын сатып жіберген, болмаса басқа адам атына қайта рәсімдеген қазақ­стан­дықтар ғана қатыса алады. Сонымен бірге, жатақханада отбасы­ның әрбір мүшесіне шаққанда пайда­лы ауданы 15 шаршы метрден аз бо­латын бөлмеде немесе апатты деп танылған тұрғын үйлерде тұрып жат­қан азаматтардың да қатысуға мүмкіндігі бар.
Ал өз атында пәтері не үйі бар, бірақ оның сыртында тағы бір баспа­на алғысы келетін азаматтар үшін Ұлт­тық банк жанындағы «Баспана» ипо­текалық ұйымы «Баспана хит» бағ­дар­ламасын бастады. Ұйым басшы­сы Қайрат Алтынбековтің түсіндіруінше, оның Елбасы бас­тамасымен қолға алынған бағдар­ла­мадан ерекшелігі сол, «7–20–25» аясында азаматтар тек «бас­тапқы тұрғын үйді», яғни құрылыс салу­шы­ның өзі не оның тұрғын үйін өткізетін басқа заңды тұлғалары сататын, жеке меншік құқығы Әділет министр­лі­гін­де алғаш рет тіркелетін жылжы­май­тын мүлікті ғана иелене алады. «Бас­пана хит» болса, жаңадан салын­­ған үйді де, қолданыста болған, ертеде салынған үйді де ипотекалық не­сиеге алуға мүмкіндік береді. Бірақ кре­дитінің сыйақы ставкасы жоғары – 7 емес, 11%.
«Бұл ставка тікелей Ұлттық банк­тің базалық ставкасына байланысты. Қаржылық реттеуші бекіткен база­лық ставка алынады да, оған 1,75 пайыз қосылады. Бүгінде Ұлттық банк­тің базалық ставкасы 9,25%-ды құрай­ды. Соған 1,75%-ды қосқанда, 11% мөлшеріндегі қорытынды үсте­ме шығады. Яғни, егер ертең Ұлт­тық банктің базалық мөлшерле­месі 6 пайызға дейін түссе, «Баспана хит­тың» жылдық пайызы 7,25%-ға дейін арзандайды. Осы орайда мынадай сұрақ туады: егер азаматтар «Баспана хит» бойынша кредит алып қойған­нан кейін оны өтеу барысында, әлдебір жылы базалық ставка арзан­даса, ипотека да арзандай ма? Жоқ. Шарт жасалған кезде қандай ставка көрсетілсе, сол ставка ипотека төле­ніп біткенше өзгермейді. Тиісін­ше, базалық ставка көтерілсе, ипо­тека онымен бірге қымбат­та­майды», – дейді Қ.Алтынбеков.
Өз кезегінде Ұлттық банк басшы­сы базалық ставка әзір арзандамай­ты­нын аңғартты. Өйткені қаржылық рет­теуші оны ұлттық валютаны де­меу үшін көтеріпті. Данияр Ақы­шев теңге бағамы жыл басынан 12 қарашаға дейінгі аралықта 12,7%-ға әлсіреп, 1 АҚШ доллары үшін 374,47 теңгені құрағанын атап өтті. Теңгенің құлдырауына «АҚШ долларының әлемде нығаюы және АҚШ Федерал­дық резервтік жүйесінің ставканы көтеруі» себеп болыпты. Нәтиже­сін­де, инвесторлар тәуекелі жоғары дамушы нарықтардан капиталдарын әкетіп, оны АҚШ долларына сала бастаған. Капиталдың тасқындай кері ағылуын тоқтату үшін ҰБ база­лық ставканы өсіріп, теңгедегі құ­рал­­дардың инвесторларға тартым­ды­­лығын жақсартқан.
«Ұлттық банк қазанда базалық мөлшерлемені 9%-дан 9,25%-ға дейін көтеру туралы шешім қабыл­да­ды. Базалық ставканың қазіргі деңгейі теңгедегі активтерге сұра­ныс­ты арт­ты­­руға және қолайлы ақша-кре­дит жағ­дайларын сақтауға мүм­­кіндік береді» деп мәлімдеді Д.Ақышев.
Дегенмен сарапшылар инфля­ция­ның төмендеуі базалық мөлшер­ле­ме­нің де төмендеуіне әкелеріне сенімді. Әйтпесе, тым жоғары ставка халық пен бизнес үшін кредитті де қымбаттатады. Бұл – экономиканың дамуына кедергі келтіреді. Ұлттық банк мәліметінше, инфляция 2018 жылғы қазанда 0,4%-ды құрады. Сөй­­тіп, болжамнан көп төмен бол­ған. Нәтижесінде, жылдық инф­ля­­ция, яғни 12 айдағы инфляция ша­ма­­сы 5,3%-ға дейін төмендеді. Ұлт­­тық банк төрағасы қазандағы инфля­цияның төмен көрсеткіштері биылғы жыл соңында инфляцияның 5-7% ныса­на­лы дәліздің шегінде сақталуы мүм­кін­дігін едәуір арттыратынын айтты.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*