Кедергілер жойылуы тиіс

Сенатор С.Еңсегенов Еуразиялық одақ аясындағы экономикалық қатынастарға кедергілерді зерделеу мақсатында еліміздің батыс өңірлеріне сапарлады. Ол Ақтөбе облысының орталығында және Алға ауданының аумағында орналасқан шағын және орта ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын аралап, жұмыстарымен танысты.
Жылыжай, мал бордақылау, олардың өнімдерін өңдеу және өткізу, соның ішінде экспортқа шығару тәжірибелеріне қанығу үшін Izet Greenhouse жылыжайында, «Айбек» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде, «Райымқұл» шаруа қожалығында, 13 мың бас сиыр ұстауға арналған «Алға мал бордақылау» және «Алға ет өндіру» кешендерінде еңбек ұжымдарымен кездесті. Кәсіпкерлермен пікірлесу кезінде мемлекеттік қолдау, әкімшілік кедергілер, экспортқа шығаруда туындаған мәселелер, жұмыс қолының жетіспеушілігі туралы ұсыныстар айтылды.
С.Еңсегенов сапар аясында Атырау облысындағы Исатай ауданының Жанбай ауылдық округіне қарайтын Қызтуған учаскесіндегі балық өнімін өңдеу кәсіпорнына да барды. 12 сағатта 3 тонна балық өнімдерін өңдейтін «Шағала Атырау» кәсіпорнының басшысы Абдолxасан Ұғыбай өндірістің экономикалық жағдайын айта келе, Атырау облысы әкімінің қолдауымен «Жайық» МӨБ мекемесінің электр желісіне қосылып жарық алып отырғанын айтты. Сондай-ақ «Қазагро» АҚ арқылы жабдықтар толық алынып, орнатылған. Алайда қазір мекеменің
106 миллион теңге берешегі бар.
Өндіріс іске қосылғанда 80 адам тұрақты жұмысқа алынады дейді кәсіпкер. Бірақ кәсіпорын іске қосылмай тұр. Оның себептері – балық аулауға лимит жоқ, Жайық өзені бойындағы бөлініп қалған көлшіктер тауарлы балық өсіру үшін берілмей отыр, мемлекет есебінен инвестициялық субсидиялауда шешілмей тұрған мәселелер бар. «Мұндай кедергілер іске деген құлшынысты су сепкендей басады екен, бірақ үмітім үзілген жоқ» деген кәсіпкер жұмысын жалғастыруда. Шағын кәсіпорын, тұрақты жұмыс орны ашылғанда мемлекеттік органдар тарапынан нақты қолдау болса, жұмысы жанданып кететіні, ал сөзбұйдалыққа салынса, кәсіпкерлік саласы ешкімнен қолдау таппаса, жабылып қалатыны айтылды.
Айхан ШӘРІП