ТАРИФ ТӨМЕНДЕТУДЕ ТЕГЕУРІН ТАНЫТПАҚ

493
0
Бөлісу:

Жылу-жарық алпауыттары халықтан заңсыз жиған миллиардтар жаппай кері қайтарылуда. Ал жұртшылық қаржының кері оралғанын нақты көруі үшін коммуналдық қызметтердің төлем қағаздарында «уақытша өтемдік тариф» деген бағана пайда болуы мүмкін. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Елбасының 7 қарашада, Қауіпсіздік кеңесінде берген тапсырмаларын орындау барысы қаралды.

Еліміздің бас экономисі Тимур Сүлей­ме­нов тарифтерді төмендету бойын­ша қабылданып жатқан шаралар және жалпы тариф қалыптастыру жүйесінің айқынды­ғын қамтамасыз ету жөнінде баяндады.
– Мемлекет басшысының Қауіпсіздік кеңесінде жүктеген тапсырмаларын іске асыру мақсатында министрлік бірқатар шаралар қабылдады. Біріншіден, монополистердің электр энергиясын беру және жабдықтау саласындағы қызметтері­нің тарифтерін төмендетуге бағытталған жұмыс жүргізілді. Қазіргі кезде Астана және Алматы қалаларында, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Жам­был, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыс­та­рында 10 монополистің жылумен жаб­дық­тау қызметтерінің тарифтері 4,4 млрд теңге сомаға кемітілді, – деді ол.
Астана, Алматы және Шымкент қала­ла­рында, Павлодар, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Ақмола, ШҚО, БҚО, Алматы және Қызылорда облыстарында 14 монополистің электр энергиясын тарату және жабдықтау қызметтерінің тарифтері 12,1 млрд теңгеге төмендетілген.
Екіншіден, Елбасы бұл министрліктің монополияға қарсы органының халықпен кері байланысы ұйымдастырылмағанын қатаң сынға алған болатын. Ел оның немен күресіп, не бітіріп жүргенін білмейді, ком­му­­налдық қызметтер бағасы қымбаттап, ал олардың сапасы нашарлап барады. Бұл олқылықты жою үшін ведомство барлық облыс орталықтарында, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 12 қараша күні «қоғамдық қабылдаулар» ашыпты. Ол бөл­мелердегі қызметкерлерге халық тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық сала­сындағы түйткілді проблемаларды мәлім­деп, жүгіне алатын көрінеді. Министр­ге сенсек, «тек бір күнде ғана оларға келу­ші­лер саны 617 адамды құрапты». Рас, осын­дай қоғамдық қабылдаулар күн сайын емес, тек «апта сайынғы негізде өткізілетін болады.
Үшіншіден, өткізілген қоғамдық қабылдаулар қорытындылары бойынша 2018 жылғы 16 қарашаға дейін келіп түскен шағымдар негізінде «базалық-тұғырлы монополистер» қызметіне, яғни сумен жаб­дықтау, кәріз-су бұру, жылумен жаб­дық­­тау, электр энергиясы мен газды беру және тарату қызметтерін көрсететін алпа­уыт кәсіпорындарға жоспардан тыс тексе­ріс­тер жүргізілмек.
Министр Т.Сүлейменов бұның барлығын «қысқамерзімді» шұғыл шаралар ретінде атады. Бұдан бөлек, «орта мерзімді шаралар» да қолға алынбақ. Олар қолда­ныс­тағы заңнаманы өзгертуді талап етеді.
– Монополистердің өз тарифтерін белгі­леу үдерісінің айқындылығын артты­ру, сондай-ақ тарифтік сметалар мен инвестициялық міндеттемелерін орын­да­уын бақылауды күшейту үшін қазір заң­на­маға өзгерістер енгізілуде. Нақтырақ айт­сақ, Мәжілісте жатқан «Табиғи мо­­­но­­по­лия­­лар туралы» заң жобасы 2018 жыл­ғы желтоқсанда қабылданады деп күті­лу­де. Бұл құжатта тұтынушылардың құқық­тарын қорғаумен айналысатын қоғамдық бірлестіктерді монополистердің тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарла­ма­лар­ды орындау туралы есептерін қарау процесіне тарту көзделген. Осы орайда мұн­дай қоғамдық ұйымдар тұтынушы­лар­дың мүдделерін пәрменді қорғай алулары үшін оларды мемлекеттік бюджеттен қар­жы­­ландыру ұсынылады. Оларға әлеу­мет­тік тапсырыс беріледі, тиісті біліктілік талап­тары қойылады, – деді Тимур Сүлейменов.
Осы заң жобасында монополистердің тарифтерді бекіту жөніндегі өтінімдерін қарауды электронды форматқа ауыстыру және барлық тұтынушы үшін мате­риал­дар мен тарифтердің есептемелеріне толық қолжетімділікті қамтамасыз ету қарасты­рыл­­ған. «Е-монополист» атты тиісті ақпа­рат­тық жүйе биылғы 1 шілдеден бас­тап енгізіліпті. Аталған деректер базасы арқы­лы тұтынушылардың ұсыныстары жүйе­лен­діріледі және олар қоғамдық тыңдау­лар­да талқылауға шығарылады.
Министрдің хабарлауынша, бүгінде «Таби­ғи монополиялар туралы» заң жоба­сына Мәжіліс депутаттары ұсынған түзету­лерге қорытынды» жобасы Үкіметтің және Президент Әкімшілігінің қарауында жатыр. Бұл түзетулер монополистердің өз инве­стициялық бағдарламаларының іс-шараларын орындаған-орындамағанына сыртқы техникалық сараптама енгізуге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілеріне тікелей барып, инвести­ция­лық бағдарламалардың орындалуына қоғамдық мониторинг жүргізу институтын енгізуге бағытталған. Сонымен қатар табиғи монополиялар субъектілерінің төл тарифтік сметалары мен инвестбағдарла­ма­ларын орындауы туралы тұтынушылар алдындағы жария есептерін енді қазіргідей жылына бір рет емес, жарты жылда бір рет өткізу тәртібіне көшу ұсынылуда.
– Монополистердің қаражатты мақсат­ты жеріне пайдалануын толыққанды мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мақсатында министрлік қолданыстағы заңнамаға жаңа түзетулерді әзірледі. Олар табиғи монополиялар және қоғамдық маңы­зы бар нарық субъектілеріне тексе­ріс жүргізу жүйесін қайта қарап, қатаң­датуды көздейді. Атап айтқанда, моно­полистер қызметін мемлекеттік бақы­лау Кәсіп­кер­лік кодексте бекітілген «тек­серістер жүргізуді ұйымдастырудың жалпы тәрті­бі­нен» шығарылады. Бұл олар­дың неғұр­лым көп санын қамти оты­рып, моно­полистерді тексеруді жүйелі негізде өткі­зу­ге мүмкіндік береді, – деді Ұлттық эко­но­ми­ка министрі.
Бұған қоса, жаңа түзетулер арқасында тарифтік реттеуші орган барлық мемле­кет­тік органдардың деректер базасына қол жеткізіп, еркін кіре алатын болады. Бұл тариф­тік сметалар және инвестициялық бағ­дарламалар іс-шараларының орын­да­луы туралы есептерді монополис­тер­дің жұм­саған қаражаттары сомаларымен, олар­дан түскен салықтық түсімдер көлемі­мен және өнімдерін өткізу туралы ақпарат­тар­мен салыстыру үшін қажет екен. Осы­лай­ша, антимонополиялық орган заңсыз табыл­ған қаржыны заңдастыратын, жалған схемаларды анықтауға ниетті.
Жаңа заң жобасында елең еткізерлік басқа да жаңалықтар бар. Мәселен, ол тариф­тік реттеушіге тек алпауыттың өзін тексерумен шектелмей, сол монополиспен азаматтық-құқықтық қарым-қатынастарда болған үшінші тұлғаларға, компанияларға қатысты кезікпе тексеріс жүргізу құқығын ұсынбақ.
Әрине, қатаң бақылауға алпауыттар тегеурінді қарсылық танытып, әртүрлі деңгейде лобби тетіктерін іске қосуы, қысым көрсетуі ғажап емес. Сондықтан құжат­та монополиямен күресуші органның моно­полистер қызметін тексеруге құқық қорғау органдарын тартуына да рұқсат етілгелі отыр. Бұл жаңа түзетудің барлығын министрлік егер Үкімет пен Президент Әкімшілігі қолдаса, Мәжіліс қарауында жатқан «Табиғи монополиялар туралы» және «Бизнес ортаны және сауда қызметін реттеуді дамыту туралы» заң жобаларына қосып жіберуге дайын.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Елбасы сынынан кейін өз ведомствосындағы лауазымды шенеуніктер жазаланғанын жария етті. Дәлірек айтсақ, Табиғи монополияларды реттеу, бәсеке­лес­тікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің аумақтық департамент­тері­нің 10 басшысына сөгіс жарияланды. Комитеттің 1 аумақтық департментінің директоры қызметінен қуылған. Комитет­тің 4 департаментіне қатысты қылмыстық іс қозғалыпты.
Айтқандай, Үкімет отырысының қоры­тын­дысы бойынша өткен баспасөз конфе­ренциясында еліміздің бас эконо­ми­сі тұтынушыларға коммуналдық қызметтер бойынша артық төленген қаражатты қай­та­ру мәселесін түсіндірді. Оның айт­уын­ша, он монополистің жылу бойынша тарифтері 4,4 млрд теңгеге төмендетіліп, «Уақытша өтемдік тариф» енгізілген. Дәл сол сияқты 14 алпауыттың да заңсыз «ішкен-жегені» желке­сінен шығып, 12,1 млрд теңгені тұты­ну­­шыларға қайтаруда.
«Әлгінде аттары аталған өңірлер бойын­ша шешімдер қабылданды. Қаржы­ны тұтынушыларға қайтару жұмыстары жүргізілуде. Мұндай тәжірибе осыған дейін де болған. Бізде монополистің күтпеген жерден осылай табыс тауып, кейін оны кері қайтармай қойған жағдайы кездеспейді, міндетті түрде қайтарады. Егер біз тарифтік сметаны және инвестбағдарламаны орын­дау қорытындысы бойынша қате­лер­ді, артық төлемдерді, міндеттемені орын­да­мау­ды, бұзушылықтарды анықтасақ, онда сол қаражат көлемінде келесі кезеңге уақытша өтемдік тариф енгіземіз. Осылай­ша, мысалға, егер базалық тариф 15 теңге болса, ал өткен кезеңде монополистің жаса­ған бұзушылықтары 3 теңгені құраса, онда базалық тариф 3 теңгеге азаяды. Демек, келесі 12 айға тариф 12 теңге деңге­йін­де белгіленеді. Бұл тәжірибені біз ары қарай да белсенді түрде қолданамыз» дейді министр.
Оның айтуынша, монополияға қарсы комитет 2017 жыл қорытындысында түрлі монополистерге 17 млрд теңге сомасына уақытша өтемдік тариф енгізіпті. Салыс­ты­ру үшн айтсақ, 2015 жыл қорытын­ды­сында мұндай сома – шамамен 4 млрд, ал 2016 жылы шамамен 6 млрд теңге ғана болған.
Отырыстағы талқылауларды қорытқан Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Елбасының Қауіпсіздік кеңесі отырысында тарифтер мәселесі бойынша берген тап­сыр­маларын орындау жұмыстарын жалғас­тыру үшін бірқатар нақты тапсыр­малар берді.
Премьердің мәліметінше, Қауіпсіздік кеңесінің отырысынан кейін Үкімет бірден тарифтерді төмендету және тариф белгілеу жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша шараларды айқындады. Құра­мына Энергетика, Ұлттық экономика министр­ліктерінің, Бас прокуратураның өкілдері енген арнайы жұмыс тобы құрылды. Бұл ретте «түпкі тұтынушылар үшін тарифтерді төмендету» басты мақсат болып отыр. Электр энергиясын өндірудің өзіндік құнын анықтау әдістемесі жасалуда.
Бұдан өзге, Энергетика, Ұлттық эконо­мика министрліктеріне 1 желтоқсанға қарай «2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап тарифтерді төмендетуге мүмкіндік беретін жүйелі шараларды әзірлеу» жүктелді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*