Шерхан МҰРТАЗА: Нағыз Халық ақыны – Есенқұл Жақыпбек

1017
0
Бөлісу:

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Президент стипендиясының иегері, Мәдениет саласының үздігі, ақын Есенқұл Жақыпбек 5 жыл бұрын, дәл осы күні өмірден өткен еді.
Айтыс аламанында отыз жылдан астам уақыт тер төгіп,
оннан аса кітаптары оқырман жүрегінен жол тапқан әдебиет майталманы қанша уақыт өтсе де халық жүрегінен өшпек емес. Біз бүгін қауырсын қалам иесін зор сағынышпен еске ала отырып, қазақтың біртуар тұлғаларының ақын туралы айтқан пікірлерімен бөліссек дейміз.  Сондай-ақ жыр сүйер қауымның назарына бір топ өлеңдерін аса құрметпен ұсынамыз.

 

 Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ:

Есенқұл Жақыпбектің өлеңдері ойлы, жатық өлеңдер. Мінсіз деуге болады. Жырдағы жаңалық, ой тереңдігі жағынан да  кем соғып жатқан жоқ. Жыр құсы бірде биіктеп кетсе, бірде төмендеп ұшады. Оның поэзиясы – ақпа, төкпе, еркін поэзия. Шауып келе жатқан тұлпарға да, биіктеп ұшқан сұңқарға да, ағынды желге де, асау селге де теңеуге болар тегеурінді поэзия.
Есенқұлдың өлеңдерін мақтау үшін кітабының әр бетін ашып көшіре беруге болады. Образды сөздер, ойлы шумақтар, айшықты теңеулер, афоризмдер, халық поэзиясынан келген әшекейлер оның туындыларын сәндендіріп те, нәрлендіріп те тұр.
Есенқұл жырларында тұлпардың жүрісі, Алатау қыранының қанат қағысы бар. Жайсаң жігіттің жүрегі, сұлу қыздың тілегі, аға-інінің аппақ арманы, қарияның ақылы, қарт әженің мейірі бар. Жас сәбидің ашық, арайлы күлкісі бар. Қысқасы, жақсы өлеңге тән қасиетті бұл ақынның қай шығармасынан да табуға болады.
Есенқұлда жүк көтермеген бірде-бір жыр жоқ. Көтерер жүгі болмаса, ол өлеңнің түк болмағаны. Айтары болмаса, ақын да жоқ. Менің Есенім ертеден шапса, кешке озған тұлпар. Астында ат, қолында домбыра, баяғы дүниені таңқалдырып өткен өз атасына, ұлы атасы – Жамбыл атасына тартқан.

Асқар СҮЛЕЙМЕНОВ:

Ұзақ сөзге – уақыт кем. Мен ұққанда текті тиек – аршадан.
Текті домбыраның тиегі тек аршадан жасалады, Есенқұл сол аршадай таза ақын, арша жігіт. Бұл жігіт жұрттың айтуында, «көк көз» екен. Көрмедім. Көре алмадым. Бірақ өлең жолдарына бойлағанда, қайта оқып, қайта парақтап-тарақтағанда көкөзегін зайыр тануға ынтық болдым. Осы жігіттің ұрып шығарына, жұлып шығарына кәміл сенімдімін!

Сейдахмет БЕРДІҚҰЛОВ:
Мен екі ақынды жан-тәніммен беріле оқимын. Бірі – орыс ақыны Николай Рубцов, бірі осы – Есенқұл. Есенқұл осы Рубцовтан асып түспесе, кем түспейтін ақын.

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА:

Мейірхан Ақдәулет пен Есенқұл Жақыпбек дейтін екі ақын бар. Әттең, екеуінің жай-күйі болмай жүр. Әйтпесе, қос ақын қазақ әдебиетін екі иығымен тіреп тұратын толағай жігіттер.

Қажытай ІЛИЯСОВ:

Айтыс додасында сан мәрте топ жарған, «Біз екеуміз», «Ағымнан жарыламын», «Жеріңе табын», «Жан қисса», «Есіл дүние-ай», «Біздің елдің жігіттері» атты жыр жинақтарының авторы, ақын Есенқұл Жақыпбекті елемей, обал жасап жүрміз. Есенқұлдың бар жазығы – тірі жүргендігі.

Шерхан МҰРТАЗА:

Осы біз «Халық ақыны» жоқ деуге құмармыз. Ресми атағы болмаса да нағыз «Халық ақыны»  – Есенқұл Жақыпбек.

Ертай АШЫҚБАЕВ, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты

Есенқұл жырларының негізгі өзегі – адалдық, шыншылдық. Стиль жағынан келгенде, Есенқұлдың өлеңдері өзіне дейінгі еш ақындардың төлдеріне ұқсап туған емес. Әлде жас басынан сахналық айтысқа түсіп, жауап шумақтарды шапшаң және нақты құрастыруға дағдыланып кеткендіктен бе, ол қағазға түсіре бастаған жыр жолдарының бірін сызып, бірін жөндеп, әлдеқанша әуреге түспей, бірден топырлатып төге салатындай болып елестейді.

 

Есенқұл ЖАҚЫПБЕК

ЖҮРЕ, ЖҮРЕ…

Жүре, жүре самайыма қыс қонды,
Шүре, шүре балапаным құс болды.
Араммен де амандасып күн сайын,
Алақаным қырса кетпес күс болды.
Бұл не қылған іс болды?

Жүре, жүре ұнатпасты ұнаттым,
Достан безіп дұшпаныма ұнаппын.
Жолы болмай жүргендігі болмаса,
Ол да мендей біреуі екен шұнақтың.
Өзгерді өңім, қиялым да, түсім де,
Өзгерді өмір қам-қарекет, ісім де.
Сылдыр қағып тұратұғын ішімде,
Сарқылғанын қарашы бір бұлақтың.

Жылайтұғын жерлерде енді бос күлдім,
Тоңмойынмен тойға барып тос қылдым.
Айналада ағайын жоқ, жұрты жоқ,
Кербала шөл кешіп келген босқынмын.
Мен бір елде жүргендеймін адасып,
Қара суды бірге ішетін таласып,
Қайда безіп  кеткенсіңдер дос-құрбым!

Жүре, жүре балапаным дүр болды,
Сүре, сүре алақаным кір болды.
Ойлай берем он сегіз мың ғаламда,
Өзім ғана білетұғын бір жерді…

ҮЙРЕНЕ  АЛМАЙ

Мен де алпысқа келіппін-ау, о, сұмдық,
Бұл өмірде енді кімге қосылдық?
Шал да болмай, жас та болмай тосылдық.
Үйрене алмай үйреншікті сөздерге
Төрде отырып төрдің сәнін кетірдік.

Күздің жылы күндеріндей күлімдеп,
Алпыс жас тұр жапырағы дірілдеп.
Уақыттың босқа өткені болмаса,
Бұл өмірде жоғалтатын түгім жоқ.
Елге де өкпе айта алмаймын мен аса,
Өз жанымды өзім өттім жұлып жеп.

Амалым не, алпыс міне кеп қалды,
Алпыс деген абырой ғой ақ қарлы.
Бір қиыны жаңалықтың барлығы,
Маған неге көрінеді жаттанды.

Шыныменен бұл өмірді сүрдік пе?
Шыныменен алпыс жасқа кірдік пе?
Өмір бақи өткендеймін мен осы,
Үйрене алмай үйреншікті тірлікке.

Көрдік талай қоғамдар мен заманды,
Сол кездерден көңілімде не қалды?
Бар заманның жазылмаған заңдары,
Өмір бақи ауыздықтау адамды.

Албырттарды шақыратын елдікке,
Шыныменен біз де алпысқа келдік пе?
Ішім кеуіп кетті ме екен іш пысып,
Қарным сыймай бара жатыр белдікке.

БҮГІНГІ  ОРТА

Жарқылдамай кешегідей жанымыз,
Неге қасаң болып кеттік бәріміз?
Қажытады өзгені де, өзін де,
Өмір деген көпті көрген кәрі қыз.

Бәрін қойып, бәрін көріп заманнан,
Әркім бүгін өзіне өзі қамалған.
Қаңырайды қараң қалып барлығы
Адам жаны жалыққанда адамнан.

Анда-санда той болады ауылда,
Арман билеп көңіліңді көк орман.
Тойға барсаң сезім билеп сені бір,
Жаны ортақтар жолықпайды өңі гүл.
Маңдайы тар маңындағы мәңгүртті
Мас қылады топас мақтау, өлі жыр.
Шалпылдатып мастар сүйсе бетіңнен,
Еркек құсап отырасың көгілдір.

«Адам күні адаммен» деп көңіліңді басатын,
Мақалыңа ештемем жоқ қосатын.
Жеке қалсаң ешкім келмес жаныңа,
Ертең жалғыз қалмау үшін тағы да,
Екі бетті сен де әркімге тосасың.

ЖЕДЕЛ  ЖӘРДЕМ

Жедел жәрдем,
Шаршадың-ау сен осы мені емдеуден.
Жүрегім де шаршады, шалдықты әбден
Жеңілмейтін нәрсені жеңем деумен.

Жеңілместер жүректі сыздатады,
Оттан ыстық жанымды мұздатады.
Біреу кетсе жамандық жасап әбден,
Табылады тағы оның ізбасары.
Ештеңеден, ешқашан жеңілмейтін,
Жамандықтың бар екен жүз жасағы.

Жедел жәрдем, жүректі желімдейсің,
Желімдеуден, жамаудан ерінбейсің.
Сонда ғана бір сәтке жеңілдейтін,
Байқұс жүрек сыздайды күзде тағы.

Бірін-бірі жамандар алмастырып,
Жамандығын жатады жалғастырып.
Шынашақтай біреулер кісімсіген,
Бірін-бірі жасайды бармақ қылып.

Сол бармақтар жанымды жылатты кеп,
Қашан бізге келесің тұрақты боп,
Күнде шыққан күндей боп,
Беу, жақсылық!

ҚАРАША  КЕЛІП…

Қараша келіп,
Қалың бір жауын сырқырап,
Жайлаудан жаурап, жылқылар түсті шұрқырап.
Алаңсыз өткен алты айың үшін күншуақ,
Қара күз келді қабағын түйіп, құн сұрап
«Апырау, бәтір, сәл шыдай тұрса нетті» – деп,
Жатыр-ау іште жасық бір ойлар қыңсылап.

Қолтықта отырған қоңыр үй көшті қойнаудан,
Қар түсіп тақыр,
Мал түсіп жатыр жайлаудан.
Қарлы тау жаққа қарағың тіпті келмейді-ау,
Қабаржып тұрған қалың да қалың ойлардан.

Қар ерте түсер кәрлі тау тұрса іргеңде,
Түңілтіп барып, түс ауа күлер Күн жерге.
Тамсанып қойып, тағы да биыл шықпадық,
Орынтай айтқан құзар да құзар Құмбелге.
Көрінген тауға шыға алмай қойдық әйтеуір,
Көрінген жанның көңілін аулап жүргенде.
Ала қар таудай ала бас қарттық іргемде,
Алпыс жас тұр-ау, аттасаң болды бір белге.
Үлкенге, жасқа үлгі қып айтар ел ішің,
Айта да жүрер бір қылық жаса ел үшін,
Не жетсін сонсоң, өлгенше тыныш жүргенге.
Тобырдан бөлек тосын бір қылық көрсетіп,
Не жетсін сонсоң қойнына жердің кіргенге.
…Өлдік қой бірақ, ашығын істің айта алмай,
Көрінген жанның көңілін аулап жүргенде.

МЕНІ  ЖАҚСЫ  ДЕПСІЗДЕР

Мені жақсы депсіздер бауырларым,
Сол сөзіңді мен сұмдық ауырладым.
Енді ғана сезініп тұрғандаймын,
Мен де дос, менде де бауыр барын.

Мен жағына менмендер бұрып бетті,
Бұл өзі бір тәп-тәуір жігіт депті.
Жамандасаң күлер ем жайбарақат,
Жүрегімді жақсы сөз тіліп кетті.
Шаншып кетті, жүрегім бүріп кетті.
Кесіп алып етегін, елден қуған,
Бір жексұрын сияқты ем жырық бетті.

Боласам боп елуді еңсергенде,
Жақсы болып шығыппын мен сендерге.
Бұрын мені жақсы деп айтпаушы еңдер,
Жер менен көк немене теңселген бе?

Кімдер жақсы, кім жаман құдай білер,
Тас таразы барлығын бір әйгілер.
Мақтаушы емес, жақтаушым бір табылып,
Мен туралы ел-жұртым сұрай жүрер.

Мені жақсы деп жүрген мақтаншылар,
Жалған ұран, жасанды аттаншылар.
Жылдар зулап барады бұлдыраған,
Кімді жақсы дейміз деп, кімді жаман.
Жебірейіл ағалар, Әзірейіл,
Ақылдасып өзара жатқан шығар.

БҰЛ ЖАЗ ДА ӨТЕР

Бұл жаз да өтер, жасамай ешбір жаңалық,
Айлы бір түнді бекерден бекер ада ғып.
Қарасам анау қасқа бас, ақ бас тауларға,
Өзінен-өзі кетердей шашым ағарып.
Бұл жаз да өтер, келеді сосын жаңа жаз,
Балапан басып шығарар әлгі бала қаз…
Оңайдан-оңай өлгісі келмес ешкімнің,
Өмірді бірақ сүйетін мендей адам аз.

Бұлданба ботам,
Құбылып жұмбақ түрге енбе,
Сен мені сыйлап, мен сені сыйлап жүргенде
Бұл жаз да өтер, өте де шығар бір демде.
Көңілі жарымдар бауырға басып бір-бірін,
Тыныш бір күздей не жетер өмір сүргенге.

Бұл жаз да өтер, өткендей қамсыз балалық,
Сүйем ғой сені, алам ба бірақ бала қып.
Тапжылмас тастан табардай ұлы жаңалық,
Қараймын тауға, қараймын алыс қадалып.

ӘЛІ  ТАЛАЙ

Әлі талай өмір бар мен өлгенше,
Мүлгіген бір мүрдеме шөп өнгенше.
Әлі талай өмір бар ақиретте,
Ай менен күн ақыры теңелгенше.
Мен де өлермін бір күні өлең де өлсе.
Өмірді де жөндеп бір сүре алмаппыз,
Өлең, өлең деп жүріп өле-өлгенше.
Кейіп өткен көңіл-ай барлығына,
Кер заманға тап болған кемеңгерше.
Кейіп өттік тағдырдың тарлығына,
Кәрі әйелге үйленген әмеңгерше.
Қаралы күн әлі алыс біз өлгендей,
Иесі өліп күреңім күзелгендей,
Көп сөйлемей көп ұққан адам көрсем,
Жүрегімнің жүрісі түзелгендей.

 

 Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*