Қалтайдың толғауы

1419
0
Бөлісу:

«Көп жыл партия, кеңес жұмыстарын атқарған Еламан Досекеұлы Жүнісбаевтың мұрағатындағы сыр сандықта көп нәрсеге кезіктім. Елекең Сырбай Мәуленов, Садықбек Адамбековпен бірге оқыған. Шыңғыс Айтматовпен дәмдес болған, бірге түскен суреті бар. «Әбірәшпен сыйластығым бөлек еді», – дейді ақын Жәмішевті еске алып. Жазушылармен кездескен сәттер есімде. Соның бірі  – Қалтайдың толғауы еді. Елекең сыр ағытты. Мен қағазға түсіріп отырмын.

– 1965 жылдың қыркүйегінде ақын Асқар Тоқмағамбетовтың 60 жасқа толған мерекесі өтті, – деді Елекең. – Сол тойға Алматыдан академик жазушы Сәбит Мұқанов, Мұхамеджан Қаратаев жұбайларымен және Қалтай Мұқамеджанов келді. Бұл кісілер той біткен соң Шиеліге баратын болды. Ол кезде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ғафур Мұхамеджанов, мен аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы едім. Шиелі қонақ үйінде Сәбит Мұқанов пен Мұхамеджан Қаратаевтарды Екі люкске орналастыру, бөлмелеріне қымыз, қымыран, алма, жүзім, қауын, қарбыз қойып, күнделікті жаңалап тұру маған жүктелді.

Бұл кісілер Ыбекеңнің – Ыбырай Жақаевтың, Ғафекеңнің үйінде қонақта болғанда талай сыр шертілді. Бірер күннен соң Сәбит Мұқанов жұбайымен, Қалтай Мұхамеджанов бастаған топ Түркістанға баратын болды, оларды жеткізіп салу тағы да менің еншіме тиді. Сонымен екі «Волга» машинасымен жолға шықтық. Жолға марқа қозы, қазы-қарта, үнді тауығының еті, қырғауыл пісіріп, қымыз, қымыран, қарбыз, қауын, бірнеше ішімдіктердің түрін дайындап шықтым. Жолға бір түстеніп Түркістан шекарасына келгенде алдымыздан Түркістан аудандық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Ұ.Бисембаев, Шымкент облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі Ақшолақова, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакторы Ә.Омаров қарсы алды. Күн сенбі болатын. Қонақтар қонақ үйіне орналасты. Сонда Мәриям: «Қалтайжан – ау, бұл Шиелідегідей болмады ғой, графинінде су да жоқ екен»,  деп қалды. Қонақтарға қонақасы аудандық партия комитетінде берілді. Негізінен барлығы буфеттің тамағы болып шықты. Сәбитке жалаңаш бас тартылды, ешқандай басқа мүше болған жоқ. Жолшыбай қонақ үйге келе жатқанда Қалтай мені щетке шығарып «бағанағы тағамдарыңыздан болса, Сәкеңнің бөлмесіне апарғызсаңыз, қалғанын өзім қиюластырам» деді. Мен екі коробканы екі шопырға көтертіп, Сәкеңнің бөлмесіне апардым. Үстел үстіне бір коньяк, бір шампан қойдым. Сәкең: «Бұл не, Еламан қарағым?» деді. Мен: «Сәке, бұл сіздерге арналған тағам еді, бағана жолда ептеп дәм таттыңыздар, бұл сіздердің сыбағаларыңыз», – дедім. Шымкенттіктер аң-таң.

Қалакең осы сапарда «Сәкеңнің толғауы» деген атпен өлең жазған еді. Қазір баспасөзге шығару қиындау болар, кейін күні туған сәтте өзінен-өзі жарқ етер деп емеурін таңытқан-ды. Сол өлеңді мен бұдан 35 жыл бұрын қағазға түсіріп алып едім. Ол төмендегіше баяндалады. Ал, қаламыңды ұста, жазып ал! – деп Елекең қаршығадай қомданып, көз әйнегімен маған қарады.

Уа, Арқадан шыққан атақты

Сәбит ағаң мен едім.

«Мен қазақпын» дегенннің,

Қайсысынан кем едім?!

Сыр бойының Асқары,

Биыл алпыс жастағы,

Тойына арнап, әдейі,

Астанадан кеп едім.

Уа, дариға Қызылорда,

Неткен дархан жер едің?!

Тарығып жеткен тауықтың,

Таусылмайтын сөгі едің.

Пұлдары жоқ жарымай,

Берекет – құт дарымай,

Жүргендердің емі едің.

Алшақтатпай арасын,

Қара менен төренің,

Бірлік басы осы деп,

Бірге жайдың көгенін .

Жақсы көрсең жайраңдап,

Төріне тартқан ел едің.

Жаманды көрсең жымысқы,

«Адам бол»  – деп жебедің.

Кедей келсе кемсінбей,

Байға басын теңедің.

Сүрініп жүрген жігіттің,

Қолтығынан демедің.

Ашыққан мен арықтың,

Жалғадың талай өзегін.

Досын егер жолғалтса,

Бірге іздедің тебенін.

Ескексіз келсе жел қайық,

Жиһазын арттың кеменің.

Жадап жүрген жандардың,

Түгендедің керегін.

Тарқатып едің талайдың,

Іштегі шер мен шеменін.

Ұлыңның шыққан қиясын,

Қызыңның жылы ұясын,

«Құрбан еттім» дер едің.

Суыңның бердің тұнығын,

Жаныңның бердің қызуын.

«Жат еді мынау» демедің.

Жомарттықтың ежелден,

Таусылмайтын кені едің.

«Төрт күнгі тойы Асқардың –

Естен кетпес» деп едім.

Сары майға бөккен қырғауыл,

Нан орнына жеп едім.

Құрқалы бағлан құйрығы,

Аруананың шұбаты,

Тел емген тайдың қартасы,

Бар байлыққа бөгедің.

Ірімшік – құрты есепсіз,

Жиылмай жатқан өренің.

Арақ пен коньяк дегеннің,

Ат жалдап өтті өзенін.

Уа, дариға Сыр бойы,

Таусылмас бұлақ көзі едің.

Айтып, айтпай немене,

Аруағы қонған қазақтың,

Айналайын өзенім.

Тарқатып тойын Асқардың,

Бәрін де өзім басқардым.

Жағалы киім, жүйрік ат,

Тарту тиіп, өзіме,

Шиеліге аттандым.

Шығармақ күздің күні еді,

(Сапарымыз Шиелі).

Ыбырай аға мекені,

Жер емес пе киелі.

Әйгілі болған әлемге,

Бұл елдің талай түлегі.

Айналайын атыңнан,

Еламан мен Ғафуржан,

Бұрыннан мені біледі.

Қарсы ала шықты алдымнан,

Болғандай қабыл тілегі.

Неткен абзал жан еді,

Алақанда жүрегі.

Қуанып жүрді баладай,

Қасымнан қалмай бір елі.

Ыбекеңнің үйінде,

Ашылды сырдың тиегі.

Алыстан тартып ақсақал,

Нұрланып алған реңі.

Ағаның тыңдап ақылын,

Алпыс екі тамырым,

Ағыл – тегіл иеді.

Өкпе – назы аралас,

Кей сөзі келіп тиеді.

Қарсылық айту қиын – ау,

Тауып жатса жүйелі.

Айтулы алып ағаның,

Болаттан берік сүйегі.

Халықтан шыққан дананың,

Ойлары қандай сүбелі.

  • Уа, Сырдың суын, шырағым,

Жас күніңнен ішіп ең.

Қырық жыл бұрын осыдан,

Келін болып түсіп ең.

Бір оралып соғар деп,

Көптен бері күтіп ем.

Деді – дағы Ыбекең,

Алтын сағат, ақ жаулық,

Шытырма көйлек, зер шапан,

Мәриямға кигізді.

Қоштасарда өзіме,

Тон, шекпені жекеше,

Бауырынан жараған,

Кекілін қыздай тараған,

Шекесінен қараған,

Бір арғымақ мінгізді.

Ғафуржанның үйінде,

Ертеңіне шай болды.

Шай деген аты болмаса,

Торқалы тойға бергісіз,

Тізеден кешкен май болды.

Тоқсан түрлі тағамның,

Қай шетінен бастауға,

Білмей Сәкең дал болды.

Екі иықтан дем алған,

Бала бойлы самаурын,

Биіктегі бес аршын,

Сыр палауы және бар.

Түйетауық бастаған,

Қырғауылдың қырманы,

Күшің келсе санап ал.

Жас қуырдақ, жас бүйрек,

Жейтініңді қалап ал.

Қазы – қарта, тотырма

Төңкерілген жая бар.

Жент, пәрәмәш, бал – қаймақ,

Қайсысына көңілің дауалар.

Кәуәп пен бесбармақ,

Оны жер кімде шама бар?

Тайтегеш толы қымыран,

Ішіп ал да ыңыран.

Күздің сары қымызы,

Мұның да жетер қызығы,

Кереге бойлы шара бар.

Жер бетіндегі жемістер,

Тәңірім – ау, қайдан жиналған?

Қараған көздің жауын алар,

Аққайеар, қызыл шараптар,

Арақ пен армян коньяктар,

Ер бар ма оны бағалар?!

Қанша аш көз болсаң да,

Қарын, шіркін, бірек – ақ,

Бұған қандай шара бар?

Дастархан толы тағаммен,

Алысып едік азанмен,

Ғафур менен келінге,

Көгер деп бала – шағаңмен,

Түс ауғанша тығындап,

Дем алып тұрдық танаумен,

Ризалық айтып қоштастық,

Жиналған көп дос – жаранмен.

Бастаушымыз Еламан,

Бағытымыз – Түркістан.

Шалқыған көңіл шартарап,

Құтырып күзгі самалмен,

Қарын тоқта ой да көп,

Өзімізше келеміз,

Сырласып бүкіл ғаламмен.

Аз өмірдің ішінде,

Араластым талаймен.

Табаққа қонған шыбынның,

Табанын ұстап жалаған

Кездестім не бір сараңмен.

Жөні бөлек Сыр бойы,

Көрмесе қонақ күн бойы,

Жегені бойға тарамай,

Сағатын жүрер санаумен.

Сұхбатың естен кетер ме,

Бұлардай жайсаң адаммен.

Арманы бар ма Асқардың,

Еркесі болған осы елдің,

Шыққалы аты қаламмен.

Құрметке мұндай жетпейсің.

Тартысып тағдыр талай мен,

Арқандай жұтып асфальтты,

Машина безіп келеді,

Баладай тербеп кәдімгі,

Ақ Мәкеңді ағаңмен.

Жырым да сырым таусылмас,

Айта берсем саған мен.

Ұзақ жол әбден шайқады,

Түстегі тоқтық тарқады,

Осы жәйді Еламан,

Қас – қабақтан байқады.

Жаңақорғаннан өткенде,

Жүгерілікке жеткенде,

Дастархан жайып далада,

Басталды тамақ науқаны.

Баяғының бәрі бар,

Мұнымыз аз дегендей,

Пісіріп апты марқаны.

Қолды шайып арақпен,

Тиісіп кеттік сол сәтте,

Кеңге салып арқаны.

Таза ауада тамаша,

Құлқын – тәбет артады.

Жатырмыз салып әлімді,

Асағандай арпаны.

Қара нандай сілтейміз,

Қазы менен қартаны.

Қымыран – қымыз, коньяктың,

Қозып алған сайтаны.

Еттерде қара кесек жоқ,

Сатыр – сұтыр әр тұстан,

Атылып жатар шампаны.

Қос машина тиелген,

Тағам екен баптаулы.

Екі жеті жесе де,

Қисаяр емес қалпағы.

Біз орыннан тұрғанда,

Босаған шыны қалбырдың,

Сидиған сүйек – саяқтың,

Төбе боп қалды шартағы.

Сенбесең әркем жүре бер,

Осылай Сәбең айтады.

Қалғып – шұлғып жеттік – ау,

Намаздыгер шамасы,

Түркістаннан қарсы алды,

Бисембайдың баласы.

Аудандағы бірінші,

Баршасының ағасы.

Қонақжайға кіргеннен,

Сәбеңнің кетті мазасы.

Басқаны былай қайғанда,

Графинде су да жоқ,

Деді Сәбең сол сәтте,

«Менімен бүйтіп ойнауға,

Емес ем туған нағашы».

Бүгін шыққан жерімнен,

Салыстырып қарасам,

Аспан мен жердей арасы.

Қулығымды асырып,

Қайтемін жұрттан жасырып,

Келіп едім әдейі,

Қоймаған соң шақырып.

«Ал кеттік». – деп сол кезде,

Біреуі келді асығып.

Соңына ердім салбырап,

Отырар жай жоқ масығып.

«Қонақасы кеңседе» –

Дегеннен – ақ әліптің,

Арты қалды ашылып.

Дастархан үсті тым жүдеу,

Таскөмірге қақталған,

Шандырлы шала шашлық.

Тандыр нан мен көк жуа,

Әр жерде жатқан шашылып.

Көзге ілінер осылар,

Етпесін Тәңірім асылық.

Ұлтарақтай котлет,

Пісірген әбден қатырып.

Пышақ шіркін өтпейді,

Берекеңді қашырып.

«Ауданымыз бай аудан,

Бәйге алдық деп таяуда»,

Бастық отыр сапырып.

Байлығың түрі  мынау ма,

«Енеңді…» – деп ішімнен,

Мен отырмын ашынып.

Оң болса жігіт талабы,

Өмірдің аз ғой алаңы.

Айдап келген бұл жерге,

Қай құдайдың азабы.

Суға ағып кеткен бе,

Жалпақ елдің қазаны.

Буфеттен бүгін шығыпты,

Дастархандағы тағамы.

Тарелкадан көз қысат,

Арыстың соқыр шабағы.

Бір кезде жетім бас келді,

Әлпетінен белгілі,

Құсхананың «сабазы»,

Тұмсығын алған тыржитып,

Менсінбей бізге қарады.

Шала піскен жарықтық,

Қос көзін маған қадады.

Жамбас, жілік дегеннен,

Жоқ екен мүлде хабары,

Тістері түгел ақсиған,

Еламан күліп санады.

Қол батырмай құйқаға,

Құртты әбден шараны.

Бұдан жұмсақ шығар – ау,

Түйенің төс табаны.

Сабыр ет, Сәбе, сабыр ет,

Бұл да өмірдің сабағы.

Айналайын Еламан,

Сен аман болсаң мен аман,

Байқадың ғой шаманы.

Бұрын мұндай болмаған,

Сәбеңнің басқан қадамы.

Құтқарып ал ағаңды,

Табыла қалса амалы.

Жөн танитын жігітсің,

Болмайық елдің мазағы.

Зорға шыдап Еламан,

Ләппай күтіп тұр екен.

Машинадағы байлықты,

Ағыл – тегіл ақтарды.

Ұялғаннан кейбірі,

Өз – өзінен жасқанды.

Еламан оған қойсын ба,

Шаш ал десе бас алды.

«Сыр бойында жүргенде,

Сәбеңнен қалған сарқыт» деп,

Көтеріп жатыр шашбауды.

«Келін боп тускен жерімнен,

Келген осы тағам» – деп,

Мәкең де біраз мақтанды.

Таң атқанша суарды,

Күңірентіп жер мен аспанды.

Тәлтіректеп кейбірі,

Жығылуға шақ қалды.

Толтырып орнын кемістің,

Туын ұстап жеңістің,

Құшақтасып, қоштасып,

Еламан елге аттанды.

Осылайша әпсана,

Хабар бердім әр тұстан,

Енді айналып көргенше,

Қош болып тұр, Түркістан!

Киелі сені жер деуші ед,

Діншілдер түгел пір тұтқан.

Бүйтіп арнай келгенше

Жақсы еді маған арт қысқан.

Бұдан былай Тәңірім,

Сақатсын мұндай қырсықтан.

Ежелден Сәбең белгілі,

Емес пе ақын арқалы.

Жас күнінен жырымен,

Дүрліктірген арқаны.

Жаны құмар шындыққа,

Өмірде жоқ жалтаңы.

Ойындағы дүниесін,

Осылай бетке айтады.

Түркістандағы толғауын,

Жазып алған аузынан –

Сыр бойының Қалтайы!

– Міне, шырағым, – деді Елекең, – қонақжай Сыр елінің қасиетін Қалтай ағаң осылай өрнектеген. 35 жылға жуық мұрағатымда жатқан толғаудың сыртқа шығар сәті туды.

– Рахмет, аға! – деп толғауды көшіріп алдым. Қызық екен. Қуанып мен келемін.

 

Қайырбек Мырзахметұлы,

Қызылорда.

Бөлісу:

Пікір жазу


*