Семей. Кінә тауықта емес, табыста

911
0
Бөлісу:

Семейде құс етінің сатылымға шығарылуы да, тұтыну көрсеткіші де жоғары деңгейді – 60 пайызды құрайды. Алайда жұмыртқа өндірісі өте мүшкіл жағдайда. Себебі тауық өсірумен айналысатын «Семей құс» және «Прииртыш бройлер фабрикасы» соңғы жылдары тек құс етін өндіруге негізделген. Құс етін өткізу үшін Қазақстанның қалалары мен облыс орталықтарынан бөлімшелер де ашқан. Бірақ, қаз, үйрек емес, Семейде тек тауық еті, бройлер ғана өсірілуде.

«Семей құс» фабрикасы жұмыртқа шығарудан бас тартып, құс етін өсіріп, өндіруге кіріскендіктен жергілікті нарықты Ресейден келетін өнімдер толтырып жатыр. Тіпті көрші облыстардан келіп жатқан өнімдер де бар. Семей қалалық ауылшаруашылығы бөлімінің мәліметінше, осыдан біраз жыл бұрын Кіші Ақтөбе кентінде жұмыртқа шығаратын жаңа құс фабрикасы іске қосылған екен. Олар өндірісте жақсы жұмыс істеп келе жатқан. Бірақ, табыс төменділігінен туындаған қаржылық қиындықтарға байланысты фабрика жабылып қалыпты. Ал өткен жылы оның иесі де қайтыс болып кеткен.

– Семей қаласында өндіретін өнімдердің сапасы өте жоғары. Бәрі де тұтыну мерзіміне сай қолданылады. Тек жұмыртқа мәселесі алаңдатады. Біз оны көрші Павлодар, Астана және Ресей жақтан әкеліп, дүкендерге түсіретіндігін байқап жүрміз. Амал жоқ, тұтынуға тура келеді, – деді қала тұрғыны Айман Әйтімбетова. – Бірақ, алыстан келген жұмыртқа жолға шыдас бере ме? Сапасы қалай болмақ? Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалаған артық емес пе?!

Семей қалалық ауылшаруашылық бөлімінің бастығы Нұрлан Шақабаев Семей құс фабрикасын жаңғырту үшін инвесторлар іздеп жатқанын жеткізді. Болашақта инвесторлар осы жобаны іске қосып, шаруаны дөңгелетсе деген үміт бар.

Айта кету керек, 2013 жылы «Ақтөбе Ертіс» құс фабрикасы  жұмыртқа шығаруға негізделіп ашылған еді. Алғашында жылына 16,5 млн жұмыртқа шығарған фабрика жабылып қалды. 2016 жылы әкімшілік пен кәсіпорын басшылығы инвестор тапқанымен, әлдебір шарттары дұрыс болмағандықтан, жұмыс алдыға озбаған.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Бөлісу:

Пікір жазу


*