Еңбегі ерек, болмысы бөлек

741
0
Бөлісу:

Туған жердің сағымдана созылған ойпат шыңдары, белес қырлары жүрекке ұялаған арман көкжиегіне жетелесе, өткен ғұмырдың да кезең белестері бір бірімен жапсарласа жалғасып, өмір-өзен ағысын ілгерілете түседі екен. Өткен өмір белестеріне көз жүгірткенде, «жүргенімде қол созып ертеңіме, өткен күндер айналыпты ертегіге» демекші, ертегіге айналған махаббат пен қызығы мол студенттік күндер еріксіз ойға оралады.

Біздің студенттік өмір 1966 жылы ата кәсіп мал шаруа­шы­лығына маман­дар дайындаудың алтын ордасына ай­нал­ған, Алматы зоотех­никалық-малдә­рігерлік институтының табалды­рығын аттағаннан басталды.
Тың игерудің дабыры әлі басыл­маған кез. Қабылдау емтиханы аяқтала сала, бірінші курсқа түскен студенттерді пойызға тиеп, тың астығын жинауға ала жөнелді. Жолда бір-бірімізбен танысып, еңбек науқанына білек сы­банып кіріскеннен кейін, жақындасып, достасып кеттік. Қазақстанның әр алқабынан жиналған жастар ұжым­дасып, етене жақындастық. Солардың ішіндегі достасып кеткен серігім Жам­был облысынан келген Қасымхан Төлендиев еді. Сабақта да, спортта да бірге жүріп, жұбымыз жарасты. Бір лектің өзінде жүзге тарта студент қа­тысатын лекция залында ерте келге­німіз жанынан орын алып, ғұлама ұстаздарымыздың дәрісімен қатар отырып сусындайтынбыз. Балуан денелі, шымыр Қасымхан еркін күрес­пен айналысатын. Жарыстарға дайын­дық кезеңінде оған берілетін талон­да­рымен Орталық стадиондағы «Спорт» дәмханасында тамақтану да сту­дент­тік стипендияны үнемдеуге себептесетін.
Оқу аяқтала, болашақта екеуі де профессор болған, мен Мединс­ти­туттың қызы Шолпан, ол ЖенПидің түлегі Айзадаға үйленіп, алған білі­мімізді ел игілігіне арнап, еңбек етуге аттандық. Біз Алматыда альма-матер аясында ғылым іздеп, олар туған жерді көркейтуге күш салды. Сөйтіп, біраз жылдар өте шықты.
Бірде институттың бір топ ғылыми қызметкері Жамбыл облысының экологиялық жағдайын зерттеуге аттандық.
Өңірде орналасқан фосфаттар шы­ғарушы суперфосфат зауытының қор­шаған ортаға және мал шаруашылығына тигізіп жатқан зиянды әсерін анықтап, оны залалсыздандыратын жолдарды қарастырмақ болдық. Осы тұста, фосфор өндірісі қалдықтарындағы фтор элементі кумулятивтік, яғни организм­де жиналу қасиетіне ие екенін атап өткім келеді. Мал ағзасы мен азығында фтордың шамадан тыс жина­луынан басталған «флюороз» эпи­демиясынан мал шығыны көбейген.
Мәселені талқылауға облыстық ауылшаруашылық басқармасына бардық. Көзіме оттай басылған, қапсағай денелі жігіт мені көтеріп алып, құшақтағанда, басқарма бас­ты­ғының бірінші орынбасары Қасымхан досым екенін бірден таныдым. Облыс басқармасында «флюороз» мәселесін көтергенімізде, ол «зоотехния ілімнің негізгі қағидасы – малдың қорегін залалсыздандырып, құнарландыру» деп, біздің ұсыныстарымызды құптап, зерттеу жұмыстарын жүргізуге қолдан келер көмегін аямады.
Еңбек жолын институтты бітірген­дегі жолдамамен Торғай өңірінде зоотехник-селеционерліктен бастаған Қасымхан, туып-өскен жері Шуға оралған соң, жастарды ұйымдастыру жұмысына қызу араласқан. Алдымен ауылдың, содан кейін ауданның, облыс­тың ұйымында қызмет істеп, жас­тар ұйымына жетекшілік етіп, ұйым­дастырушылық қабілетімен көзге түс­кен. Білімді де білікті жасты облыс­тық партия комитетіне нұсқаушылық қызметке шақырып, құлашын сермеп, қоғамға ауқымды еңбек етуге жолы ашылған.
Қасымханның халық қамын ойлап, қазынасын сақтаудағы сақшылығы облыстық Халықтық бақылау коми­те­тінде жоғары бағаланып, облыс әкімі аппараты бөлімдерінің басшысы, об­лыстық ауылшаруашылық депар­та­менті басшысының бірінші орын­ба­сары қызметтерін атқарған жылдары қалың көпшілікке аса іскер, жауап­кершілігі мол азамат ретінде көрініп, көпшілік құрметіне иеленді. Оның жетекшілік қасиеттері мен ұйымдас­тырушылық қабілеттілігі қиын жылдарда аудан басшысы болған кезінде әбден жетіліп, ел мен қоғам мүддесіне атқарылған істерінің үлесін молайта түсті. Бұл, әсіресе, 1997 жылы Қасымхан Төлендиевтің Жамбыл об­лысы Луговой ауданының әкімі болып тағайындалған кезеңінде жарқын көрінді.
Бірінші басшы ретінде ол ауданның шаруашылық-эконо­микалық әлеуетін көтеріп, тұрғы­н­дардың әл-ауқаты мен әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, ұлт намысын қорғап, рухын асқақтататын істерімен де көріне білді. Оның ішіндегі ауыз толтырып, мақтанышпен айтуға болатын сүбелі ісі, өзінің маған айт­қандағы сөзімен «негізгі қоры­тын­дысы» – жоғалғанды таптырып, ескіні жаңартқаны – ауданның қазақтың біртуар азаматы, аса көрнекті қоғам қайраткері, Елбасымыздың көреген­дігімен бүгінгі күні атауы қайта жаң­ғырып отырған, Түркістан мемлекеттігі басшысының бірі болған Тұрар Рысқұловтың атымен аталуына белсене атсалысуы болды.
Атсалысуы демекші, Қ.Төлен­диев­тің Елбасымен жүздесіп, қолынан жүлде алуына да ат жарысы себеп болыпты. 1998 жылы Қазақстан тұң­ғыш Президентінің туындысы – Астана қаласының тұсаукесер салта­натында өткен аламан бәйгеде озған ауданның «Вольцок» атты сәйгүлігіне берілген бас жүлденің кілтін Елбасының қо­лынан аудан әкімі Қ.Төлендиев алып, атбегіне берген екен. Қоғам мүддесіне бағытталған салиқалы да сауатты еңбегін жалғастырған ол облыстық Тәртіптік кеңесін басқарып, Мем­ле­кеттік қызмет істері жөніндегі агент­тігіндегі қызметін мінсіз атқарып келді.
Қ.Төлендиевтің туабіткен турашыл мінезі, адамға деген ақ пейілі, қоғамға деген ақ ниеті оның ел жұрт құрметіне бөленуіне және халық мүддесін қор­ғауда бүгінге дейін риясыз қызмет етуіне себепкер болуда. Зейнеткер­лік жасында жасымай, қоғамға іш ­құр­тындай зиян шектіріп, жапа шекті­ру­ші, сыбайлас жемқорлыққа қарсы «ЖАҢАРУ» жалпыұлттық қозғалыстың облыстық бірлестігін басқаруда. «Нұр Отан» партиясы жанындағы жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл қоғамдық ке­ңес­тің мүшесі, сондай-ақ Жамбыл об­лы­сы Қоғамдық және Әдеп жөнін­­дегі ке­ңес­терінің мүшесі ретінде еліміздегі сая­си тұрақтылық пен қоғамдық келі­сім­­нің сақталуына күш жігерін жұмсауда.
Көп жылғы жемісті еңбегі еленбей қалмады. «Құрмет» ордені мен бірнеше медальдің иегері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы атағы берілген. «Нұр Отан» партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен де марапатталуы оның қоғамдық саяси жұмыстарға адалдықпен араласып, көшбасшылық тұлғасына деген бағалау болса керек.
Ел ағасы биігіне көтерілген ша­ғында, Қасымхан досымыздың ғибрат­ты өмір жолына көз жүгіртіп, Айза­дамен мәпелеп өсірген өнегелі отба­сына сүйсіне қарай отырып, өзіміздің арамызда оны қаһарлы Темірландай «Қасымхан көреген» деп, Айша бибідей жұбайына «Айзада бибі» деп атаға­ны­мыз дұрыс болған екен дейміз. Осындай өнегелі отбасылар көбейіп, еліміздің елдігін, мемлекетіміздің мықтылығын нығайта берсе екен деп тілейміз.

Нұрберген ОМАРҚОЖАҰЛЫ,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор

Бөлісу:

Пікір жазу


*