Байтақтан озып, бәйге алған

980
0
Бөлісу:

Бір күнде бірнеше шара өтсе, қайсысына барар едіңіз? Көңіл қалауыңыз тартып тұрған дүниеге баруға мүмкіндігіңіз болмаса, қайтесіз? Дәл сондай күйді жақында Атырауға барғанда басымыздан өткердік. Қос шараның символдық мәні бар еді. Мұрат Мөңкеұлының шығармаларын алғаш зерттеген Халел Досмұхамедов еді, ғалым-ақынның әдеби мұрасын жинап, өз бағасын берген. Енді сол Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Мұрат Мөңкеұлы мұрасы және туған жер идеясы» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл шараны Атырау облысының әкімдігі ұйымдастырды. Халықаралық деңгейде өткен конференцияға білім және ғылым саласының 300-ге жуық өкілі қатысты. «Елдің өзінен шыққан, қанымен қаны, жанымен жаны бір дерлік ақын елдің мұңын айтпай қалай тұрсын!?» деп Алаш арысы Х.Досмұхамедов айтқан сөз ойымызға оралды.

«Бұл кон­фе­ренция Мем­лекет бас­шысының «Бо­­лашаққа бағ­дар: рухани жаң­ғыру» бағдар­ла­малық мақаласы ая­сында ұйымдастыры­лып отыр. Еліміздің қалып­тасуы­на үлкен үлес қосқан тұл­ға­ларды насихаттау – басты мақса­тымыз. Бабаларымыз кең байтақ қазақ жерін сақ­тап қалды. Енді біздің міндетіміз – жұрт­шылыққа аталарымыздың ерлік дас­танын, ақын-жазушыларымыздың шы­ғармаларын насихаттау. Мұрат Мөң­кеұлы Атырау облысының әр тұрғынының жүрегінен орын алады», – деді салтанатты шарада сөз сөйлеген Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.
Дәл осы мезетте «Болашаққа бағдар: ру­ха­ни жаңғыру» бағдарламасы аясында «Бай­тақтан озып, бәйге алған» деп ата­латын халықаралық ақындар айтысы бас­талды.


Мұрат Мөңкеұлын қалың қазақ «Мен қауіп еткеннен айтамын» деген бір ауыз сөзінен-ақ жақсы таниды. 175 жылдығына орай шыққан жинаққа кезінде «Зар заман ақыны» деп ат алып, айдар тағылған ақын­ның туындылары топтастырылып қана қоймай, ғылыми түсініктемелер мен ақын шығармалары жайлы жазылған зерт­теулер топтастырылыпты. 1924 жыл­ғы Х.Досмұхамедұлының алғашқы зерт­теуінен кейін М.Әуезов, Ә.Қоңыратбаев, Қ.Жұмалиев, С.Мұқанов, Ы.Дүйсенбаев, Х.Сүйіншәлиев тәрізді зерттеушілер қа­лам тартқанын білеміз. Жинаққа ҰҒА кор­респондент-мүшесі, филология ғы­лымдарының докторы, профессор Б.Омарұлының «Байтақтан озып, бәйге алған» атты зерттеуі де енген. Мұрат Мөң­кеұлының құрметіне өткен айтыс та тап осы атаудың аясында өрбіді.
Тақырып – тамаша. Ел мен жердің мұң-наласын кестелі сөздің кесесіне сыйғызған ақынның толғаулары бүгінгі ұрпақ үшін таным мен тағылым мектебі. Мұрат Мөңкеұлы өз өмірінде тек жеңістің жетегінде жүріпті.
«Үлгілі сөзді сөйлеген» ақын:
Ананы көркем көрсеткен –
Қолдағы қара шарасы.
Келіншекті көркем көрсеткен –
Әлдилеп алған баласы.
Баланы көркем көрсеткен –
Ата-анасы үйреткен
Мінез-құлық, санасы, – деп толғай да толғай сөйлепті.
Атақты «Үш қиянында»:
Еділді тартып алғаны –
Етекке қолды салғаны.
Жайықты тартып алғаны –
Жағаға қолды салғаны.
Ойылды тартып алғаны –
Ойдағысы болғаны, – деп кесіп-кесіп айтыпты. Мұрат ақынның мұңы – қазақ же­рінің, қазақ елінің тұтастығын сақтау. Осы тұрғыда айтарын «қауіп еткеннен ай­тады». Мұрат Мөңкеұлы патшалық Ре­сейдің қазаққа жасаған қыспақ-қиянатын ашық айтқан ақындардың топ басында тұр. Бір кезде Мұхтар Әуезов айтқандай, «қо­ныс пен өрістің жоқшысы болды».
Халықаралық ақындар айтысына 20 ақын келді. Қатарында моңғолия мен қы­тайлық қандастарымыз да бар. «Ха­лық­аралық деңгейде өткен сайысқа Моң­ғолиядан Серік Қуанған мен Ерлан Дәу­лет, Қытайдан Шапағат Әбдір қатысты. Мен өзім алғашқы айналымда Өнербек Дәу­лекеновпен, финалда Рүстем Қайыр­тай­мен сөз қағыстырдым», – дейді Жан­сая Мусина.
20 үздіктің ішінен суырылып шыққан от ауызды, орақ тілді 14 ақын ақтық сында бақ сынады. Екі күнде айтыскер­лердің тар­тысты өнерін көруге келген көр­ермен­нің санында шек болмады. Әділ­қазылар құрамында Асанәлі Әші­мов, Мереке Құл­кенов, Светқали Нұр­жан, Ұлықбек Ес­дәу­лет, Нұртөре Жүсіп, Бауыржан Ха­лиол­ла сияқты азаматтар болды.
Айтыс қорытындысы бойынша Жан­сая Мусина бас жүлдені жеңіп алды. Рүс­тем Қайыртайұлы – бірінші, Мұхтар Ния­зов пен Әсем Ережеқызы – екінші, Өнер­бек Дәулекенов, Аспанбек Шұғатаев және Серік Қуанған үшінші орынға ие болды. Батыс Қазақстан облысынан кел­ген Талғат Мықи мен Бауыржан Шир­ме­динұлы жартылай финалға өтіп, арнайы жүлдені еншіледі.
Рүстем Қайыртайұлы мен Жансая Му­синаның айтысы қағытпа сөзбен бастал­ды. Қай айтысқа болса да үнемі дайын­дық­­пен келетін Рүстем қарсыласын бы­­лай деп бір қағытты:
Осыдан белгілі ғой қасыңызға
Жігіттің мүмкіндік жоқ жолауына.
Орамал салам деген жігіттердің
Таңба салып бересің жанарына.
Сырға салам деп келген құдағидың
Шрам сап бересің-ау қабағына.
Қабан құсап қарныңды жарам дейді,
Ойпырмай, мұнша қатты болады ма?
Сәл нәзіктеу болсаңшы, құрдасым-ау,
Өзіңнің өзің қалмай обалыңа.
Астанада өткен «Жыр арқауы – Аста­на» деген айтыста Рүстем әдеттен тыс өр­некке салған. «Қарғау» деген бар. Рүс­тем соны оңтайлы пайдаланды.
Ағайын, әзілімді жалғайын ба,
Құрдасыма сыйымды арнайын ба?
«Тұқымың өскір» деп бізді қарғай тұғын,
Әжемнің өскен ұлы ем шалғайында.
Мен кеше Астанамды «қарғап» кеткем,
Түзелгір, жақсарғыр деп жағдайың да.
Жансая өз бақытын табу үшін
Сол істі Атырауда жалғайын ба?
Саған бата бермеген ақын бар ма,
Қос жұлдыз жанса екен деп маңдайында.
Батаның бірі қабыл болмады ғой,
Осы мені батырады сары уайымға.
Алғыс қабыл болмайтын Жансаяны,
Жақсылап қазақшалап қарғайын ба? – деп бір түйіп тастаған Рүстем «қарғыс­та­рын» өзгеше мәнерге салды:
2019 келгенше,
Некелі болғыр Жансая,
2020 келгенше,
Бөпелі болғыр Жансая,
Осы сыйына тағдырдың
Қайран болғыр,
Жансая,
Сағынып күткен күйеуің
Найман болғыр Жансая,
Қыздарың көркем,
Ұлдарың,
Мерген болғыр Жансая,
Шымшылап ойнап жүретін
Жеңгем болғыр Жансая,
Каблук киер кемпір боп,
Жүзге келер Жансая,
Жасамай кеткен жасыңды
Бізге бергір Жансая,
Мұрын анамдай әйгілі
Бір елдің болғын анасы!
Қабыл болсын, досым-ай,
Қарғайды сені осылай
Қара кемпірдің баласы…
Мұндайда сөз таппай, жерге қарап қа­­­латын Жансая ма?
Күйеуің Найман болғыр деп айтасың,
Жолықса, жолықса екен сол бір адам.
Найман ба, басқасы ма, шаруам жоқ,
«Қарғысың» қабыл болса болды маған, – деп айтысты дуылдатып жіберді.
Көрерменнің сейілсін күдіктері,
Мен болдым ба, жүлденің үміткері?
Аруларын көтерген төбесіне,
Сендей болсын қазақтың жігіттері, – деп қарсыласына разылығын білдірді.
Бұл жолғы айтыста Серік Қуанған өзге­ше қырынан танылды. «Қай шығыс­тың атынан айтыссам да, бір қазақтың намысы қорғағаным», «Тіліп сөйлей ал­масаң, тіліңде қандай кінә бар?», «Атың Абылай болғанмен, Әбілмансұр сен емес, Әбілмансұр болсаң да, қорқатұғын мен емес», «Тұрымтай да бата алмас, топтанып ұшқан торғайға» деген сөздерімен аузы­нан жалын бүрікті. Ақтық сайыстың бі­рін­де Мұхтар Ниязовпен нағыз шаппа-шап айтыстың үлгісіне лайық болды.
Жұртшылық Ринат Зайытов пен Ас­панбек Шұғатайұлының айтысын асыға күт­кен. Айтысты жүргізуші Жүрсін Ерман «Тау­ға тау соғысқандай, дарияға дария то­ғысқандай айтыс болады-ау» деп хабар­ла­ған. Өкінішке қарай, Ринаттың Аста­надағы айтыста көрсеткен екпіні жоқ, солықтап айтысты. Аспанбек келесі күнге іліккен Талғат Мықимен айтыста «Мен ке­шегі Мұраттың, өзі кетіп қалса да, өл­мей қалған тілімін!» деп кесек-кесек тол­ғаған. «30 елге қалайша кірмекшіміз, 30 километр жерге бара алмасақ?» деп жер­гілікті жердегі әлеуметтік мәселені көтер­ген. «Өзіндей болмаса да Қонаевтың, жорт­қанда жолы болсын Ноғаевтың» де­ген балталаса бұзылмас сөзді айтып та тастаған.
Мұхтар Ниязов болса, «Бір сағатқа кейін­деу қалғанымен, бір ғасырға озып кет­кен ұлдар туған», «Батыстан күн шық­қанша ел боламыз, Батыстағы батыр ел аман тұрса» деген батаға бергісіз сөзде­рі­мен жұртшылықты баурады.
«Айтыстың атасы» – Жүрсін Ерман­ның сөзімен түйіндесек, «Жақсы айтыс бол­ды. Кемісі болған жоқ. Мәселе жүл­де­де емес. Қоғамға ой салу. Тәуелсіздік тұ­ғы­рын бекіткен, бар ұлттың басын бірік­тіріп отырған – Елбасы! Сол Ел­басы ай­тысқа жол ашып берді. «Рухани жаң­­ғыру» бағдарламасын белгіледі. Мұрат Мөң­кеұлын біз осылай ардақ­тадық!».

Н.Наржан

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*