ТАРТЫМДЫЛЫҚ ТЕТІГІ

594
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында туризм мәселесіне айрықша назар аударған болатын. Осыған байланысты Үкіметке ішкі туризмді дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді тапсырған еді. Ел туризміне қатысты ауқымды жұмыстарды жүзеге асыру үшін арнайы заңнама керек.

Туризмді дамыту туралы көп айтылады. Жыл сайын осы салаға бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді. Бірақ Қазақстанға келетін туристердің саны тіпті Әзірбайжан, Грузия елдеріне қарағанда төмен. Халықаралық деңгейде Қазақстан озық елдерден әлде­қайда артта қалып отыр. Біздегі көрсетілетін қызметтер халықаралық стандарттар жүйесіне сәйкес келмейді. Осы саладағы инфрақұрылым нысандарының бәсекеге қабілетсіздігі көзге ұрып тұр. Бәсекеге қабілетті туристік саланы қалыптастыру мен дамыту – бұл мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайтуға, инвестициялар ағымын арттыруға, жұмыс орындарының санын көбейтуге тікелей ықпал етеді.
Елбасы тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейінгі ішкі туризм және сырттан келуді дамытудың мемлекеттік бағдар­ламасы және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді. Мемлекеттік бағдарлама негізгі 10 бағыттан тұрады екен. Оның ішінде туризмге арналған әлеуетті территорияны анықтау деген бар. Алдын ала жүргізілген зерттеу бойынша елге туристердің ағынын қамтамасыз еткен үздік 10 жер анықталыпты. Олардың арасында негізінен Алакөл, Балқаш және Алматы облысының таулы аймағы және басқа көрікті жерлер бар. Жаңа мемлекеттік бағдарлама аясында осындай жерлерді дамытуға 600 млрд теңге бағытталатын тәрізді. Елдегі туристік ахуалға жағдай жасау, туризмге қатысты қызмет сапасын көтеру, маркетинг және ұлттық туристік брендті ілгерілету тұрғы­сында әлі де бірталай жұмыстар жасалуы қажет.
Қазақстан әлемдік стандарттар негізінде дамыған 30 елдің қатарына кіруі тиіс. Ол үшін елімізге бірінші кезекте шетелден инвестиция келуі керек, әлеуетті эконо­микалық әріптестер біздің елге құмартып тұруы тиіс. Туристік қызмет – тұтастай даму­дың өзекті бір саласы. Бізге туристік қызметтің объектісі мен субъектісі, туризм индустриясы деген не, мемлекеттік орган­дардың осы салаға қатысты құзыреті қандай, ұлттық туристік оператор деген не, оның мәртебесі, басымдыққа ие туристік тер­риториялар, туристік өнімдерді ілгерілету, туристік инвестициялық жобалар және басқа көптеген мәселені жүйелі түрде зерттеу керегі аңғарылады.
Қазақстанда 2023 жылға қарай жалпы ішкі өнім құрылымында туризм үлесін 8%-ға ұлғайту көзделеді. Туристік салада жұмыс істеп жатқандар санын 650 мың адамға дейін арттыруға, сыртқы туристік ағынды 6,5 миллионнан 9 млн келушіге дейін, ал ішкі туристерді 4,6-дан 8 млн адамға дейін ұлғайтуға бағыт ұсталып отыр. Негізгі шаралар тізіміне туризм саласындағы бизнеске жеңілдікпен несие беру шарасы енді. Аталған шара 20 жылға дейін 14% мөлшерлемемен несиелеуді қарастырады, мөл­шерлеменің жартысын мемлекет субси­дия­лайды. Жаңа бағдарламаға сәйкес басымдыққа ие 10 жоба салықтық жеңіл­діктер алады екен. Бұл – құптарлық жайт.
Қазақстанда ішкі әуе қатынасы да қымбат. Жылда авиакеросин бағасы кө­теріледі. Соған байланысты ұшақ билеттері шарықтап кетеді. Кеңестік кезеңде каникул кезінде жол жүру ақысы 50 пайызға жеңілдетілетін. Сондайды неге жасауға болмайды? Қазір де Kids go Free қағидасы бар. Ол бойынша оқу демалысы кезінде балаларға арналған субсидиялар ұсыны­лады. Осындай жеңілдік шаралар ішкі туризмді жақсартуға жол ашар еді. Бірақ ең басты өлшем – елдің тартымдылығы. Тартымды елге кім кім де тартылып тұрады.

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*