Сирек кездесетін сырқаттар емделе ме?

836
1
Бөлісу:

Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында Балалар арасында сирек кездесетін ауруларды диагностикалау мен емдеудің жаңа стандарттарын енгізу бойынша 2017-2019 жылдарға арналған Жол картасы аясында «Муковисцидоз кезінде тыныс алу жолдарын жаттықтыру және тазалау әдістері» тренингі өтуде.

«Муковисцидозбен ауыратын мүгедек балалар» қауымдастығы, Ұлыбританияның Cystic Fibrosis Worldwide ұйымы мен Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан шараға Қазақстанның барлық өңірінен пульмонология бөлімшелерінің физиотерапия мамандары, пульмонолог дәрігерлер, мейірбикелер қатысуда. Кинезитерапия бойынша тренингті Ұлыбританияның «Грейт Ормонд Стрит» балалар госпиталінің жетекші мамандары Аммани Прасад пен Хелен Дуглас өткізуде. Тренинг барысында шетелдік мамандар муковисцидозға шалдыққан науқастарға кинезитерапияны қолдану бойынша қазақстандық дәрігерлер мен мейірбикелерге практикалық оқыту дәрісін жүргізеді.

«Тренингке қатысушы мамандар алдағы уақытта муковисцидозға шалдыққан науқас балалардың ата-аналарын осы жаттығуларға үйрете алады. Үйренген емдеу әдіс-тәсіл түрлерін практикада қолданады. Кинезитерапия дағдыларын тек қана муковисцидоз кезінде ғана емес, бронх-өкпе жүйесінің басқа да аурулары кезінде қолдана алады. Кинезитерапия – муковисцидозды сәтті емдеудің ең негізгі әдісі. Дәрі-дәрмекпен емдеу әсерін айтарлықтай арттырады. Физикалық жұмысқа қабілеттілігін көтереді. Муковисцидозға шалдыққан науқастардың өмір сапасын жақсартады» дейді Қазақстан муковисцидоз қауымдастығының төрайымы Индира Ізбасарова.

Семинарда Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басшысы Риза Боранбаева кинезитерапия бойынша тренинг пульмонологиялық жағдайдың жақсартатынын атап өтті. «Денсаулық сақтау министрлігі сирек ауруларға ерекше назар аударады. Оның ішінде гендік ауруларға жататын муковисцидоз мәселесіне көңіл бөлеміз. Гендік ауруларды анықтау, диагностикалау жылдан-жылға жақсарып келеді. Сирек ауруларына көбіне Алматы, Астана, ШҚО, ОҚО, Алматы, Павлодар және Жамбыл облыстарында анықталуда. Өкінішке қарай, муковисцидоз – емделмейтін дерт. Кішкентай емделушілер ересек жасқа жетпей өмірден өтеді. Мақсатымыз – АҚШ, Еуропа елдеріндегідей  кішкентай науқас балалардың өмір сүру ұзақтығын 50 жасқа дейін жеткізу. Емдеуден бөлек, оңалту кезеңі, оның ішінде кинезитерапияны  жолға қою маңызды. Атап өтерлік жайт, 2011 жылдан бастап муковисцидозға шалдыққан балаларға республикалық бюджет есебінен дәрі-дәрмектер тегін беріліп келеді. Бұл қызметті дамытуда бірқатар нормативтік құжаттар әзірленді.  Муковисцидоз бойынша аймақаралық орталықтар ашылады. Бүгінгі шара бұл саланың дамуына ықпал етеді деп сенемін» деді Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің Ана мен бала денсаулығын сақтау басқармасының жетекшісі Жанар Сәдуова. Бүгінде Қазақстанда ресми түрде муковисцидозға шалдыққан 105 науқас тіркелген. Муковисцидоз салдарынан тыныс алу, ас қорыту жүйесі, сонымен қатар ішкі секреция бездері зақымданады. Өкпеде жабысқақ қақырықтың жинақталуынан қайталанатын бронхит пен пневмония туғызатын қабынбалы үдеріс дамиды. Аурудың басты белгілерінің бірі – азапты жөтел туындайды. Нақ осы тыныс алу жеткіліксіздігінен муковисцидозға шалдыққан науқастардың басым бөлігінің ғұмыры қысқа. Мамандардың айтуынша, муковисцидоз – дәрілік препараттар мен кинезитерапияны өмір бойына қолдануды қажет ететін ауру. Қазіргі кинезитерапия дәрі-дәрмекпен емдеу әсерін айтарлықтай арттырады, өкпедегі газ алмасуын жақсартып, физикалық жұмысқа қабілеттілігін көтереді, аурудың ағымына оң ықпал ете отырып муковисцидозға шалдыққан науқастардың өмірін ұзартады.

«Айқын» ақпарат

Бөлісу:

1 пікір жазылған

  1. Самал 31 Қазан, 2018 at 17:54 Жауап

    Соңғы жылдары серек кездесетін сырқаттарға жоғары деңгейде назар бөлінуде, жыл сайын ақпарат көбейіп, сантүрлі зерттеулер көбейуде. халық толық қанды барлық ақпаратпен танысса елімізде секрек кездесін аурулар көлемі азаяр еді деп сенемін,

Пікір жазу


*