Қазығұртта анар жеміс берді

1522
0
Бөлісу:

Дәруменге бай, мың түрлі дертке ем анар енді Қазақстанда өсіріледі. Қазақстанға жыл сайын шетелден тасымалданатын тропикалық жемістің түрі көп. Сауда дүкендерінің сөрелерінде көздің жауын алатын жеміс-жидектің бағасы да қолжетімді емес. Тасымал шығыны жемістің сатылу бағасына әсер етеді. Сондықтан отандық өнімге қарағанда бірнеше есе қымбат.

Биыл Түркістан облысы Қазығұрт ауданында кәсіп­кер Рақымжан Ілиясов анар өсіруді қолға алды. Анарды Қазақстанда өсірудің қыр-сырын сұрап білдік. «Ең бірін­ші Ферғанадан біздің елге сатылуға келіп жатқан анар­ды көрдік. Өзбекстан көрші ел болғанымен, Оң­түстік Қазақстанның табиғатымен айырмашылығы бар. Содан кейін «анарды неге бізде өсірмеске?» деген ой кел­ді. Ферғананы таңдаған себебіміз, ол жақтағы анар­дың жемісі ірі, дәні тәтті. Содан кейін Ферғанадағы аг­ро­номдармен сөйлестік. Табиғат жағдайы, топырақтың құ­нар­лығы сәйкес келе ме деп біршама уақыт зерттедік. Ферғанамен табиғаты, топы­рағы ұқсас болғандықтан, Қазы­ғұртта анарды өсіруге бел бай­ладық. Қыстыгүні жаурап қалмау үшін көшетті топырақпен көміп қоямыз. Қазығұрт пен Ферғана­ның ауа райында 5-6 градус айыр­машылық бар. Көрші елдің агро­номдары ол жақта да қатты суық болатынын жиі айтады. Сондық­тан олар да қыстың күні тамыры үсіп кетпеу үшін топырақпен көміп қояды. Анар минус темпе­ратураға шыдамайды. Өзбекстан­дық мамандардың кеңесімен Қазақстанға алып келдік. Көшетті отырғызған алғашқы жылдың өзінде жайқалып өсіп, екі-үшеуі гүлдеді. Биыл көшеттер тамыздың соңында гүлдегендіктен пісіп үлгермеді. Бірақ көптен бері қолға алған еңбегіміз еш кетпеді. Қазығұртта өсіп шығатынына көзіміз жетті. Ферғаналық агро­номдар анарды өсірудің қыр-сырын үйретеміз дейді. Егер анар­ды күтіп-баптаудың талап­тарын толық сақтай алсақ, жеміс­ті болады. Мәселен, алғашқыда екі жылдық анар ағашы 3-4 дана жеміс салған. Көрші елдің мамандарынан біздің агрономдар жанында жүріп үйренеді. Себебі, анар өсірудің құпиясын өзіміз жетік меңгеріп алсақ, Қазығұртта да анар бағы жайқалатынына сенемін. Анар жемісті болса, өзге де тропикалық жемістерді өсірсек деген ниетіміз бар. Ферғанаға барғанда бес жыл болған анар бауды көрсетті. Бес жылдық бір түп анар ағашы шамамен 50 келідей жеміс береді екен» деді Рақымжан Ілиясов. Егер қазығұрттық кәсіпкердің еңбегі жемісті болса, елдің өзге аумақтары да анар өсіруді қолға алмақ. Қазірдің өзінде көшет сұрап, кеңес алушылардың қатары көп екен. «Менің білуімше, анар ағашы Ал­маты, Жамбыл облыстарында жайқалып өсіп, жеміс беруі мүмкін. Қазақстанның өзге де батыс, шығыс аймақтарында өсіру үшін жергілікті агрономдар тәжірибе жасап көруі керек. Өйткені қай өсімдіктің сол жерге бейімделуін, жемісті болатынды­ғын жергілікті агрономдар ғана жетік біледі. Табиғатпен санаспай болмайды. Гүлдегенмен, жемісті болмаса, еңбек өнімсіз болады ғой. Анар тек қана гүлдеп қана қоймай, қар түскенше, пісіп үлгеруі керек. Егер Қазығұрттағы алғашқы тәжіри­беміз жемісті болса, анар Қазақстанда да жеміс береді деген сөз. Анар өсіруді бүге-шігесіне дейін жетік меңгерген соң, тә­жірибе жинақтаймыз. Жалпы, экспери­менттен қорқудың қажеті жоқ. Тек суб­тро­пи­калық жемістерді өсірудің, бап­тау­дың әдісін жергілікті мамандарымыз меңгерсе, біз үшін үлкен олжа. Отандық өнімнің үлесі көбейсе, жеміс-жидекті жаппай сырттан тасымалдау да азаяр еді» деді Рақымжан Ілиясов. Алдағы бес-алты жылда оңтүстік аймақта жаппай анар өсіру қолға алынса, бағасы да қолжетімді болмақ.

Майра ЖАНЫСБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*