Астанада баспаналы болуға мүмкіндік көп

779
0
Бөлісу:

Жуырда Елбасы «7 – 20 – 25» бағдарламасының алғашқы жарнасын азайтуға тапсырма берді. Осыған орай әлеуметтік сала қызметкерлеріне арнайы сертификаттар беріледі. Алғашқы жарнаны субсидиялауға қаржы жергілікті бюджеттен бөлінеді. Елбасы тұрғындарды баспанамен қамтудағы Астана тәжірибесін республиканың өзге аймақтарына үлгі еткен еді. Бас қалада халық саны жыл сайын көбеюде. Сол себепті, баспанаға сұраныс та көп. Астанада баспанаға қол жеткізудің мүмкіндіктері, құрылыстың сапасы жайында қала әкімшілігіне қарасты «Елорда даму» ЖШС бас директорының экономика жөніндегі орынбасары Төлепберген Қойшыбаевпен сұхбаттастық.

– Жолдауда «7 – 20 – 25» бағдарламасы арқылы үй алу үшін алғашқы жарнаны субси­дия­лау мәселесі айтылды. «Елорда даму­дың» Астана халқын баспанамен қамтудағы үлесі қандай?
– Біздің мекеме 2013 жылдан бері тұруға жарамсыз, ескі үйлерді бұзып, оның орнына жаңа үйлер салады. Мұны Астанада пилоттық жоба ретінде іске асырып жатырмыз. Бастап­қы­да «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдар­ла­масы шеңберінде жүзеге асырдық. Қазіргі кезде «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде жұмыс істейміз. 2013-2017 жылдар аралығын­да пилоттық жобаның І кезеңі аяқталды. 228 тұрғын үйді бұзып, жаңа үй салдық. Баспа­на­ға мұқтаж 3519 тұрғын жаңа пәтермен қамта­масыз етілді. Ескі үйдің бір шаршы метрі­не жаңа үйдің бір шаршы метрі есептел­ді. Себебі, осыдан 60-70 жыл бұрын іргетасы қаланған үйлердің көлемі өте кішкентай етіп салынған. Сондықтан бұрын 15-18 шаршы метр апатты үйде тұрғандар, қазіргі заманда аумағы 35-36 шаршы метр болатын пәтер алды. Бүгінгі кезеңдегі құрылыс талаптарына сай 32 шаршы метрден кіші үйлерді салу санитарлық нормаға сай келмейді. Біздің компания көбінесе эконом-класс үйлер саламыз. Бірінші кезеңді уақытылы, нәтиже­лі аяқтадық. 3519 адам өз үлесін алды. Бес жылдың ішінде 592 мың шаршы метр бола­тын 7393 пәтерді салдық. 27 тұрғын үй кеше­ні қолданысқа берілді. Құрылыстың жалпы көлемінен коммуналдық меншікке 150 мың шаршы метр апатты тұрғын үйдің орнына жалпы құны 29,3 миллиард теңге болатын 175 мың шаршы метр тұрғын үй және тұрғын емес орын-жайлар тегін тапсырылды.

 


– Жиырма жылда ескі көпқабатты үйлер аза­йып, зәулім үйлердің қатары артты. Пи­лот­­тық жобаның екінші кезеңі қашан аяқта­ла­ды?
– Қазіргі уақытта жобаның екінші кезе­ңін іске асыру жалғасып жатыр. Онда пайда­лануға берілетін тұрғын үйдің 10 пайызы Астана қаласының коммуналдық меншігіне өтеусіз тапсырылады. Пилоттық жобаның екінші кезеңін 2018-2022 жылдар ара­лығында іске асырамыз. Бес жылға арнал­ған жоспарда 6856 пәтер, яғни 452,1 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға береміз. Оның ішінде апатты үйлерден 733 отба­сын көшіру үшін коммуналдық меншік­ке 34,8 мың шаршы метрді тегін тапсыру жоспарланған. Биыл бұған дейін 81 пәтер қолданысқа берілді. Жылдың соңына дейін тағы 14 пәтер­ді тапсыру жоспарымызда бар. Қазіргі уақытқа дейін 2 тұрғын үй кешені пайда­ла­ну­ға тапсырылды.
– «Елу жылда – ел жаңа». Астанадағы ескі үйлерді бұзып, жаңа тұрғын үй кешендерін салу толық қашан аяқталады?
– Ескіні бұзып, жаңаны салу – кезең-кезеңімен атқарылатын шаруа. Салынғанына жарты ғасырдан астам уақыт өткен үйлердің орнына жаңасын салу біртіндеп жүзеге асып келеді. Биыл Абылай хан даңғылында, Бауыр­жан Момышұлы мен Рақымжан Қошқар­баев көшелерінің қиылысында орналасқан жалпы ауданы 35,1 мың шаршы метр болатын 604 пәтерлік көппәтерлі тұрғын үй кешенінің І кезеңінің құрылысы аяқталуға таяу. Келер жылы Ш.Уәлиханов, Ә.Жангелдин мен С.Рахимов көшелерінің қиылысында орналасқан тұрғын үй кешенін салып бітіреміз. Жаңадан салынған 1470 пәтердің 148-і коммуналдық меншікке тапсыруға арналған.
– Пилоттық жобаның тиімділігі неде? Пәтерден пәтерге көшіп жүрген баспанасыз­дар­дың санын азайтуға ықпал ете ала ма?
– Астанадағы пилоттық жобаның үлгісін Түркиядан алдық. Кезінде әлеуметтік жағдайы нашар адамдарды үймен қамта­ма­сыз ету үшін басталған жоба. Бастапқыда Анкарада жалға беретін үйлер салына бастаған. Апатты үйлердің орнына жаңасын, сондай-ақ жер сілкінісінен, су тасқынынан зардап шеккен адамдарға арнап үй салған. Сол түркиялық модельді 2012 жылы біз өзімізге икемдеп, қолданысқа енгіздік. Осы жобаның аясында қазірдің өзінде Астана халқының көп бөлігі жайлы, жаңа пәтерде өмір сүруге қол жеткізді. Кеңес заманындағы екі бөлмелі үйлердің көлемі қазіргі бір бөлмелі үйлердің аумағымен тең. Сондықтан ескі пәтердің орнына жаңасын алған тұрғын­дар ерекше қуанды. Бұл жоба шектеусіз. Қазір 2 қабатты тұрғын үйлер бұзы­лып жатса, келесі жолы ленинградтық үйлер жаңаруы мүмкін. Жаңаны саламыз, бітіріп қолданысқа береміз. Содан соң қайтадан қалған ескі үйлердің орнына жаңа үй саламыз. Жыл сайын бір бөлігін комму­нал­дық меншікке тегін өткіземіз.

 


– Коммуналдық меншікке тегін берілетін үйлерден бөлек сатылатын пәтерлердің бағасы халық­қа қолжетімді ме?
– Жоба аясында апатты үйлердің тұр­ғын­дарын баспанамен толық қамтыған соң, қалған бір бөлігін нарық бағасымен сатамыз. Себебі, тегін берілген үйлердің шығындары жабылуы тиіс. Бағасы қолжетімді, орналас­қан ауданына қарай белгіленеді. Біздегі пәтерлердің бәрі тек қолданысқа берілгеннен кейін ғана сатылады. Ол инвестиция қайта қаржыландыруға жұмсалады. Тікелей компа­нияға төлеп сатып алуға немесе жаңа пәтерді кепілге қойып, кез келген банктен несиеге рәсімдеуге болады. Біздің тұтынушы­лардың 60 пайызы баспананы ипотекамен алады.
– Елбасы Астана қаласындағы баспанамен қамтуға арналған жеңілдіктерді өзге мегапо­лис­терге үлгі ретінде айтты. Ол қандай жоба?
– «7 – 20 – 25» бағдарламасында бас­тап­қы жарна – 20 пайыз. Астанада мұғалім, дәрігер, әскери қызметкерлерге арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Мысалы, пәтердің құны 10 миллион теңге болса, бастапқы жарна 2 миллион теңге болады. Бір миллионын мемлекет субсидия ретінде береді. Сол үшін жарнаға арналған тұрғын үй сертификатын ойластырып жатыр. Бұл жобаны Астана әкімдігі қарастыруда. Тұрғындардың барлы­ғы баспанаға қол жеткізгісі келеді. Бірақ алғашқы жарнаны табу, пәтер жалдап жүр­ген­дерге бастапқы жарнаны жинау қиын­ға соғып жатыр. Табысы пәтер жалдауға кете­тін­діктен, үйге ұзақ жылдар қаржы жинай­ды. Сондықтан Астананың жобасын халқы көп өзге аймақ­тар да қолға алса, халық­ты бас­па­на­мен қамту жеңілдер еді. Себебі, қарапайым халық­қа баспанасын кредитке алып, оны үстеме пайызбен төлеу де оңай емес.
– Астана халқының саны жыл санап өсіп келеді. Болашақта Астана қаласына қанша тұрғын үй керек?
– Біз өз үлесімізді салып жатырмыз. Аста­наға жылына шамамен 30-40 мың адам көшіп келеді. Көші-қонға байланысты бас­па­наға мұқтаж адамдардың қатары артуы – заңдылық. Шамамен 2-2,5 миллион шар­шы метр тұрғын үй салынуда. Сұраныс көбей­месе, азаймасы анық. Қазір де, бола­шақ­та да сұраныс артады.
– Жаңа салынған үйлердегі ең үлкен проб­лема – құрылыстың сапасыздығы. Тұрғын үйдің сапасына кепілдік бересіздер ме?
– Біз үйді салардың алдында мемлекет жобалық сараптамадан өткізеді. Салынатын құрылысты іргетасынан бастап, кілтін тапсырғанға дейін қатаң бақылайды. Әр кезеңін қадағалап отырады. Біз эконом-класс үйлер саламыз. Сапалы құрылыс материалдарын пайдаланамыз. Құрылысты мерзімінде бітіріп, тапсырамыз. Қазіргі кезде бизнес, элит-класс тұрғын үй санаттары көптеп салынуда. Оның айырмашылығы – пәтердің биіктігі – 3 метр. Құрылыста барлы­ғы бірдей цемент, арматура, кірпіш қолда­нады. Сапалы болуы үйдің салынға­ны­на байланысты. Іргетасы берік үй қашанда сапалы, жайлы. Сондықтан іргетастан бас­тап, кілтті тапсырғанға дейін қатаң бақы­лаймыз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Майра ЖАНЫСБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*