Ағын артады

577
0
Бөлісу:

Қазақстан мен Түркия арасында жүк ағыны ұлғая бермек. Екі елдің теміржол әкімшіліктері «Транскаспий халықаралық көлік бағыты» бойынша жүк тасымалын арттыруды көздеп отыр. Осы орайда «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев Түрік теміржолының бас директоры Вейси Куртпен ары қарайғы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. 

Кездесуде айтылғандай, Қазақстан мен Түркия арасындағы жүк айналымы 2018 жылдың 9 айында 2,5 есеге артып, 766,9 мың тоннаны құрапты. Бұған түсті металл мен астық жөнелту көлемінің артуы арқасында қол жеткізілген. Бұл ретте контейнерлермен тасымалдау техно­логиясы белсенді пайдаланыла­тыны атап өтілді. Түркия бағытына контейнерлермен жеткізілген дәнді дақылдар ауқымы 1 мың 378 ЖФЭ-ден асты (20 футтық эквивалент – жүк көліктерінің сыйымдылығын өлшеудің шартты бірлігі).
2018 жылдың 12 қыркүйегінде, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Түркияға сапары аясында Анкарада өткен қазақ-түрік инвестфорумы барысында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен Түркия темір жолдары («TCDD Tasimacilik A.S.»
АҚ-ы) арасында стратегиялық ыңты­мақ­тас­тық туралы келісімге қол қойыл­ған. Құжат бауырлас елдердің Транс­каспий халықаралық көлік дәлізі шеңберінде, көлік-логистикалық жүйе мен көлік әлеуетін дамыту саласында бірлесе жұмыс істеуін қарастырады.
ҚТЖ басшысы Транскаспий халықаралық бағытына жүк айналымын тарту бойынша бірлескен жұмысты күшейтуді және екі ел арасындағы кон­тей­нерлік тасымал әлеуетін жүзеге асыру­ды қосқанда, 2020 жылға қарай тасымал көлемін 5 миллион тоннаға жеткізуді ұсынды.
Тараптар өзара уағдаластықтарды іске асыратын операторларды анықтап алуға келісті. Осылайша, қазақстандық тараптан үйлестіруші ретінде «KTZ Express» АҚ, түрік жағынан «TCDD Tasimacilik A.S.» АҚ белгіленді.
Түрік темір жолдарының бас дирек­торы Вейси Курт өз сапары аясында Аста­надағы машина жасау кәсіпорын­да­рын аралады. Сондай-ақ еліміздегі Алты­нкөл стансасының, «Қорғас – Шы­ғыс қақ­пасы» арнайы экономикалық ай­мағының, «Қорғас» шекара маңы ын­ты­­мақтастығы халықаралық орталы­ғы­­ның, «KTZE–Khorgos Gateway» құр­ғақ порты терми­нал­ды кешені қыз­ме­ті­мен және инфра­құры­лымымен таныс­ты.
Жалпы, «Транскаспий халықаралық көлік бағыты» Қытайдан басталып, Ресейге соқпай, Қазақстан аумағын басып өтіп, Каспий теңізі арқылы тіке­лей Әзірбайжанға және Грузияға шыға­ды және одан әрі Еуропа елдеріне жете­ді. Бұл бағытта еліміздегі Алтынкөл станса­сынан Ыстамбұл стансасына, ал Көкшетаудан – Түркияның шығысын­дағы Карс стансасына жүк тасымалдау жолға қойылған.

Ерік ЕРДЕНОВ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*