«К-700» тракторын тізгіндеген қазақ қызына құрмет

1080
0
Бөлісу:

Кәмшат Байғазықызы Дөненбаеваның есімі әлемге танымал. Кезінде ол Қостанай облысы, Меңдіқара ауданына қарасты «Харьков» кеңшарында ұзақ жылдар бойы механизатор атанып, елі мен халқына адал қызмет етті.

Өзі Ұзынкөл ауданының тумасы. Кезінде дәрігер болуды армандаған екен. Алайда кейін ғұмырлық серігі Темірбектің қолдауының арқасында темір тұлпарды тізгіндеді.

Содан соң егіс алқаптарында еңбек етіп, жер жыртты. «К-700» тракторын игеріп, өңірдің мақтанышына айналды. Адал жұмысы бағаланып, 1975 жылы Социалистік Еңбек Ері атанды.

Бірнеше рет кешегі Кеңес Одағы Жоғары Кеңесіне депутат болып сайланды. Сөйтіп, Кремльдің төрінде отырып, сессияларда тебірене сөз сөйледі. Әрқашан да ел мүддесін жоғары қойды.

Ол тек тракторшы ғана емес, қоғам қайраткері де еді. Мұны барша қауым мойындады. Өмірінің соңғы жылдары облыс орталығында ғұмыр кешті.

Өткен жылы Кәмшат Байғазықызы дүниеден өтіп, барша жұртшылықтың қабырғасын қайыстырған-ды. Міне, содан бері де арада бір жыл өте шықты.

Жақында Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда «Қазақтың бір қызы бар Кәмшат деген» атпен еске алу кеші ұйымдастырылды. Оны облыс әкімі Архимед Мұхамбетов ашып, атақты механизатордың өткен өмірі мен мемлекетімізге сіңірген еңбегіне жан-жақты тоқталды.

Сонымен қатар, өзі жастайынан көрнекті тұлғаны біліп өскенін, Қостанайға жауапты қызметке келген кезде оның үйіне арнайы барып сәлем бергенін, атақты жанның бойындағы көптеген қырлары жөнінде тебірене сөйледі.

Қазақ халқының аяулы қызының есімі облыс орталығындағы бір көшеге және Меңдіқара селосындағы колледжге берілгендігін айтты. Даңқты апамыздың асыл бейнесі мәңгілік жүрегімізде сақталатындығын жеткізді.

Осы кеште талантты журналист Гүлжібек Бекмұхамедованың арнайы жасаған деректі фильмі де жиналған қауымға көрсетілді. Сондай-ақ, Кәмшат Байғазықызына арналған «Кәмшат апа», «Тракторшы қарындас», «Қазақтың Кәмшаты» секілді әндер орындалды.

Ел құрметіне бөленген тұлға жайлы «Кәмшат» деп аталатын көлемді кітаптың да тұсаукесері де өткізілді. Онда Социалистік Еңбек Ері Вера Сидорова мен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин лентаны қиды.

Сөздің реті келгенде, осы кітаптың жарық көруіне Кәмшат апамыздың аяулы келіні Ақмаралдың да елеулі еңбек сіңіргендігін айтып өткеніміз абзал. Кештің соңында ұлтымыздың мақтанышы болған механизатордың сүйікті ұлы Сырым Дөненбаев жиналған жұртшылыққа шынайы алғысын білдірді.

Оразалы Жақсанов

Бөлісу:

Пікір жазу


*