Оқулықтағы олқылық қандай?

1796
0
Бөлісу:

 «Мектеп оқулықтарын жазу –

реактивті ұшақ құрастырумен тең»

Академик  А.Н.Колмогоров

 

         Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Егер қазақстандықтар үшін құндылықтардың ең үлкені білім болса – ұлтты зор биіктер күтіп тұр», – деген болатын.

Еліміздегі білім жүйесінің сапасы көптеген факторлардың арқасында іске асады. Солардың ішіндегі ең бастылары стандарттар, бағдарламалар және оқулықтар сапасы екендігі ақиқат. Қазір біздің мемлекетіміз сапалы оқулықтар шығаруға жыл сайын қомақты қаражат бөліп келеді. Мысалы, 2015 жылы оған 10 млрд теңге, 2016 жылы 19 млрд теңге, 2017 жылы 27 млрд теңге қаражат бөлінді. Жыл сайын Білім және ғылым министрлігі мектеп оқулықтарын жетілдіру бойынша орасан жұмыс істелінгендігі жөнінде мәлімет береді. Бөлінген қаражаттар тұтастай игерілген болып шығады. Алайда, оқулықтардан концептуалдық, фактологиялық, орфографиялық, стильдік қателіктер табушылар және салмағы мен көлемінің үлкендігіне алаңдаушылық білдірушілер қатары арта түсуде.

Қозғалған тақырып бойынша, сөзіміз жалаң болмас үшін зиялы қауым өкілдерінің пікірлерімен сараптама бергенді жөн көріп отырмын.

Қазақстан Республикасының Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова: «Елімізде оқулық жаза алатын білікті мамандар аз, ал оқулықтану ғылымы тіпті дамымаған. ЖОО-ның кәсіптер реестрінде мұндай кәсіп мүлдем қарастырылмаған. Оқулықтарды осы сала бойынша арнайы білімі жоқ мамандар жазып жүр. Авторлық ұжымдардың бір-бірімен байланыс орнатуы да кемшін екені көрініп тұрады. Түрлі пәндердің оқулықтарында бір оқиғалар, фактілер мен олардың болған уақыттары әртүрлі болып көрсетіледі», – деген тұжырымға келеді.

Депутаттың сөзінің жаны бар, шындығында еліміздің жоғары оқу орындарында оқулық жазатын арнайы маман дайындалуы керек және авторлық ұжым білімді, білікті, ең интеллектуалды тұлғалардан жасақталғаны жөн.

ҚР ҰҒА академигі Досмұхамед Кішібеков: «Расында бұл күндері оқулықтарды кімдер жазып жүр? Оған мән беретін оқытушылар қауымы болуы керек. Оқулыққа талап қойып, баға беретін де солар. Оқулық – мемлекеттік ортақ рухани құрал, жеке біреулердің меншігі емес.

Ең тиімді оқулықты жаза алатын кімдер деген сұрауға оралсақ, әрине, тәжірибелі оқытушылар. Ол нені айтуы, жазуы керек екенін, қайткенде алға қойылған мәселе айқындалып, оқушылар санасына сіңетінін біледі. Әрі, ол оқытушы ғылымды дамытуға да өз үлесін қосады.

Тәуелсіз ел болғанымызға ширек ғасырдан асты. Бірақ, бірде-бір рет оқулықтар талқыланған емес. Бұл – күрделі мәселе. Оқулықты шыңдау үшін жазғы демалыс кезінде талқылап отырған жөн. Өйткені, оқулық – идеология, негізгі мемлекеттік құрал», – деп көрсетеді.

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жанат Дәулетбекова «Қазақ тілі» пәнінің жаңартылған оқу бағдарламасын сөз ете отырып, «Қазақ тілі» пәнінің жаңартылған оқу бағдарламасында әлемдік әдістеме ғылымында берік орныққан пәнді оқыту канондары: оқыту мақсаты (не үшін оқыту?), білім мазмұны (нені оқыту?), оқыту формалары мен оқыту әдістері (қалай оқыту?), оқыту нәтижелері (неге қол жеткізу?) шатастырылған. Оның ішкі жүйесі бұзылып, өзара байланыстары сетінеген», – дей отырып, жаңартылған оқу бағдарламасының төмендегідей кемшіліктерін көрсетеді.

1) «Оқу бағдарламасы» деген атпен ұсынылып отырған құжаттың тұғырнамалық негізі жоқ;

2) Жаңартылған оқу бағдарламасындағы ең басты қателік те, ауытқушылық та оқытудың әдістемелік жүйесіндегі білім мазмұнының мәні мен маңызын дұрыс түсінбеуден туындап отыр;

3) Жаңартылған бағдарламада білім берудің жүйелілік, ғылымилық, бірізділік, сатылай оқыту ұстанымдары ескерілмеген;

4) Жаңа бағдарламада ана тілінің мазмұны лексикалық тақырыптар берілген де, теориялық материалдар сол тақырыптарға жапсырма ретінде «тілдік бағдар» деген бөлікте ғана, оның өзінде де шашырай берілген.

Әрбір пән мұғалімі жақсы біледі, алдымен кез-келген пәннің бағдарламасы дайындалады да, сол бағдарлама негізінде оқулық жарық көреді. Ал, мынадай «дімкәс» бағдарлама қандай сапалы оқулыққа негіз болмақ?

Сөзіміз дәлелді болуы үшін жекелеген оқулықтардың олқылықтары мен кем-кетіктеріне нақты түсінік беру қажет деп білемін. Қазіргі кезде «Қазақ әдебиеті» пәндерінің оқытылуы төңірегінде көптеген олқылықтар бар. Бұл ҰБТ-ны «Қазақ тілі» пәнінен тапсыру кезеңінде-ақ басталған. ҰБТ-ға 10–11 сыныптарды дайындау барысында бүкіл Қазақстан бойынша «Қазақ әдебиеті» пәні оқудан тысқары қалып қойды. Осы кезден бастап «Қазақ әдебиетінің» оқытылуы, яғни оқулықты оқу тоқтады десек те болады. Алғашқы ҰБТ-ны тапсырған оқушылар бүгінгі күні ата-ана болып отыр. Ата-аналардың мектепке деген көзқарасының өзгеруін солардың санасынан, ойлауынан-ақ аңғаруға болады. Жалпы, кітап оқымаған ұрпақтың тәрбиесінің осал болатыны айдан анық. Ал, бұрынғы Кеңес елі құрамында болған Украинада «Украина әдебиеті» деген пән осы елдің барлық жоғары оқу орындарында 1-курстан бастап 5-курсқа дейін оқытылады. Неге, біздің елімізде «Қазақстан тарихы», «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан географиясы» пәндері университет пен институттарда 4-5 жыл оқытылмайды деген ой мазалайды. Сонда ғана, ұрпақтың санасындағы рухани жаңғыру шын мәнінде «қозғалысқа» келген болар еді.

Сонымен қатар, «Қазақ әдебиеті» пәнінде сабақ барысында өтіп жатқан тақырып бойынша көрмелерге, кітапханаға бару секілді жұмыстар қосымша жүруі керек. Мысалы, «Менің атым Қожа» фильмін көрсетіп, оқулықтағы үзіндісімен салыстыру арқылы баланың ой-санасына әсер етуге болады. Себебі, мидың қабаттарының өзі бірінші көреді, таниды. Содан соң ғана, оны жан-жақты қарастыра бастайды. Суреттеп, сипаттап, анализ жасап яғни синтездеу арқылы қорытынды шығарады. Сондықтан, кез-келген пәнде біз ешқашан мидың қабылдауына қарсы жүрмеуіміз керек. Ал, бізде бәрі керісінше. Бүгін оқи салып, ертең «мына тақырыпқа эссе жаз» деп жатамыз. Ол эссе жазу үшін де баланың миын соған қарай жетелеп әкелуге тиіспіз. Сұрақтар қою және бағыттау арқылы дайындауымыз қажет. Көптеген жас мұғалімдер: «Білімді дайын күйінде бермейді. Өздерің оқып алыңдар» деп оқушылардың алдына оқулықты тастай салады. Бұл қате түсінік!

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы: «Мен 11 жасар немеремнің кітабынан «мына сөздердің ішінен жалпы айтылатын сөздерді және жергілікті ерекшеліктерге жататын сөздерді анықта» деген тапсырманы көрдім. Қазақстанның әр түкпіріне бармаған, ол жақтың халқымен араласпаған мектеп оқушысы жергілікті ерекшеліктерді қайдан біледі?» – деп өзіне-өзі сұрақ қояды. Өкінішке орай, оқулыққа қатысты күмәнді сұрақ көп, көз сүйсіндірерлік  жауап жоқ.

Бастауыш мектеп оқулықтары да оқушылардың санасын сергелдеңге салады десек артық болмас. Мысалы, 1-сыныптың «Сауат ашу» оқулығында (104-105 беттер) Қозы мен ботаның суреті салынып, «Өркеш» деген әңгіме берілген. Қозы ботаға:

– Арқаңдағы шошайған не? – деді.

– Өркеш қой, – деді бота.

– Өркеш саған неге керек? – деді қозы.

– …

«Ботаның сөзін жалғастырып көріңдер», – дейді. Оған жауап беруге жас

бүлдіршіндердің шамалары жете ме?

Ал, «Математика» оқулығындағы (1-сынып, 115-бет) «Ойлан» есебінде: «Қаламсауытта 4 жай және 2 түрлі түсті қарындаш жатыр. Қолдағы қарындаш жай қарындаш болуы үшін ең аз дегенде қанша қарындаш алу керек?» – делінген. Бұл «миға шабуылдың» қай түрі? Оқушыны үйрету емес, үркіту болып тұр ғой. Тап-таза қойыртпақ!

Оқулық – білім беру мазмұнын анықтайтын мемлекеттік құжаттың бірі болғандықтан, оның сапасын арттыруға байланысты ұсыныстар бергенді орынды деп санаймын:

  1. Біздің тәуелсіз қазақ елінде оқулыққа енгізілуге тиісті материалдардың

сұрыпталуын, сапасын, құрылымын талап ететін арнайы құжат болуы керек.

  1. Мектепке жол тартатын әрбір оқулық тәжірибеде қолданылмас бұрын

апробациядан өткізіліп, сарапшылар, педагогтар, ата-аналар тарапынан оң бағасын алуы қажет.

  1. Оқулықтың сапасына жауап беретін мемлекеттік құзырлы мекеме

болғаны дұрыс. Атап айтқанда, республикалық «Оқулық» ғылыми-практикалық орталығы тікелей осы мәселеге жауап беруі тиіс.

  1. Оқулықтарды әрбір төрт жыл сайын ауыстыра бермей, озық елдердегі

тұрақты ұстанатын дәстүрді енгізу қажет. Мәселен, біз үлгі алатын Ұлыбритания және сол елдің мектептеріндегі үш негізгі пән: ағылшын тілі мен әдебиеті, математика, шетел тілі мектептің барлық сатысында оқытылады. Ал, базалық пәндер: технология, тарих, география, музыка, өнер, дене тәрбиесі, қазіргі шетел тілі. Біздің еліміздегідей 15-20 пәнге жетіп жығылмайды. Неге, өркениетті елдерден қажетімізді алмасқа?

  1. Өскелең ұрпақ еліміздің ең құнды капиталы болғандықтан, олар білім

алатын оқулықтардың да бағасын шарықтатып жыл сайын өсіре бермей, тұрақты бір бағаны ұстанған жөн.

 

Қазіргі педагог-ғалымдар: «Келешекте оқулықтар логикалық тұрғыдан жазылатын болады. Тек, дерек, дәйекке ғана сүйеніп қоймай, әрбір тақырып логикаға негізделеді. Бұл алдымен оқулық көлемін ықшамдатады, екіншіден, жастардың сезімін, ойын қозғап, қанаттандырады», – деп болашаққа сенім артады. Осы үміт пен сенім біздің елімізді де айналып өтпесе екен деп тілейік.

Айдар Рамазанұлы САБЫРОВ

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау

мемлекеттік университеті, «Педагогика»

кафедра-лабораториясының доценті

Бөлісу:

Пікір жазу


*