«Қайрат» жеңілді. «Астана» бесінші рет чемпион! (видео)

925
0
Бөлісу:

Алматылық «Қайрат» өз алаңында павлодарлық «Ертістен» жеңіліп қалып бұл маусымдағы чемпиондықтан біржола үмітін үзді.

32 турдың орталық матчты 0:1 есебімен «Ертістің» пайдасына шешілді. Ойындағы жалғыз голдың авторы – Карлос Фонсека. 86 минутта Андрей Аршавин қызыл қағаз алып, алаңнан қуылғаннан кейін алматылық ұжым он ойыншымен өнер көрсетуге мәжбүр болды. Осылайша, «Қайрат» осы маусымда жетінші рет жеңіліп отыр. Команда 61 ұпаймен турнир кестесінің екінші сатысында қалып кетті. Ал «Ертіс» 32 ұпай жинап, қауіпті аймақтан сытылып шыға алды.

«Қайраттың» бұл жеңілісі «Астананың» қатарынан бесінші рет чемпион атануына мүмкіндік сыйлады. Елордалық ұжым 71 ұпай жинаған. Матчтан кейін команда бас бапкерінің міндетін атқарушы Андрей Карпович пікір білдірген.

«Өз қателігіміз өзімізге сор болып тиді. Бұл футбол. Енді Қазақстан кубогының финалына дайындаламыз. Ол матчта да түгелдей қазақстандық ойыншылармен шықпақпыз. Командадағы жас ойыншыларға да көңілім толмады. Олар өздеріне берілген мүмкіндіктерді пайдалана алған жоқ. Ал Бауыржан Исламхан – біздің капитан. Бүкіл команда үшін сол жауап береді» депті Карпович.

«Қайрат» өз тарихында екі рет – 1992 және 2004 жылдары ғана чемпиондық атаққа қол жеткізген. Ал «Астана» болса чемпиондықты қатарынан бесінші рет жеңіп алған еліміздегі алғашқы команда. Титулдар саны бойынша олар «Ертіс» және «Ақтөбе» клубтарымен теңесті. Олар ел чемпионы атағын үш рет қатарынан жеңіп алған болатын.

«Қайраттың» жеңілгенін естіген «Астана» футболшылары тойлауды бастап кеткен сыңайлы. Команданың қорғаушысы Сергей Малый өзінің желідегі парақшасында автобус ішінен видео жариялаған. Ол жерде ойыншылардың «Тобылға» қарсы матчқа бара жатқаны байқалады. Қос команда арасындағы матч 28 қазан күні Қостанайда өтеді.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*